24 Ақпан, 2017

Халықтың жағдайын жақсартуға тікелей әсер ететін реформалар

420 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше елордадағы Ұлттық-әскери патриоттық орталық жанындағы Әскери-тарихи музейде Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Елге танымал қоғам қайраткерлері, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, «Мирас» республикалық кеңесінің мүшелері, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, әскери-патриоттық ұйымдардың, «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысқан жиында Елбасының мемлекеттік билік тармақтарының өкілеттігін үйлестіру және соған сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциясына тиісті өзгерістер енгізу туралы бастамасы талқыланды. Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші және бесінші басымдығы аясында жас буынды адамгершілік рухында тәрбиелеу, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелерін қарастырды. Жиынды ашқан Мәжіліс депутаты, «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәулен Әшімбаев конституциялық реформаның негізгі стратегиялық мақсаты мемлекетті басқару жүйесінің тиімділігін арттыру екенін атап өтсе, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, жазушы Әкім Тарази Елбасының Жолдауы мен ұсынып отырған өзгерістер жобасының тарихи маңызына кеңінен тоқталды. Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, «Мирас» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы: – Конституция қабыл­дан­­ған 1995 жылдан бері 22 жыл өтіпті. 22 жылда қоғам өз­­герді, экономика өзгерді, әлем өзгерді, сәйкесінше, жа­ңа үрдістер пайда болды. Сон­­дық­тан, Елбасы осының бәрін ескеріп, жаңа үрдістерге сай, басқару жүйемізді жетіл­­діріп, тиімділігін арттыру­ды көздеп отыр. Бұл – халық­т­ың жағдайын жақ­сартуға тікелей әсер ететін рефор­малар. Яғни, министр­­лер дұрыс жұмыс істесе, жауапкершіліктері артса, өзекті мәселелердің түйінін тарқатса, ол мем­ле­кеттің ілгерілеуіне, халықтың жағ­дайының дұрысталуына оң ықпал етері сөзсіз. Демек, бұл реформа елдің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын одан әрі жақсартуға сеп болары анық. Соны­мен қатар, ол билік тармақтары арасында тең­герім­­ділікті, мемлекеттік органдар жұмысының ашық­тығын қамтамасыз етуге, бақылау тетігін күшей­туге бағытталған. Жалпы, президенттік билік әлсіре­мей­ді. Президенттің енді, керісінше, стратегиялық мәсе­ле­лерге көбірек мән беруіне мүмкіндігі болады, яғни қауіп­сіз­дік саласына, сыртқы саясатқа басымдық береді. Мырзатай Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор: – Елбасы халыққа Жол­дауын 1997 жылдан бастады. Бұл – 21-ші Жолдау. Осы Жолдаулардың бәрінің тарихи маңызы болды. Елді дамыту жолындағы біздің үлкен, айқын жолдарымызды саралап, анықтап берді. Биылғы «Қазақстанның Үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауда бес институттық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары сияқты тағдырлы құжаттарды жүзеге асыруға қатысты әдістер мен жолдар көрсетілген. Мәселен, онда Елбасы бүкіл әлемді қамтып отырған индустриялық төңкеріс, цифрлы инновациялық технология секілді мәселелердің заманы туды дегенді айтып отыр. Бұл үшінші жаңғыруға бастайтын қадамдар. Бұл жаңғыру арқылы біз алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырмыз. Ал елдегі конституциялық реформаға қатысты өзгерістерге келер болсақ, мен мынаны айтар едім. Конституция 1995 жылы қабылданды, содан бері оған 59 өзгеріс енгізілді. Осы жолы Елбасы 40-қа жуық өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Тәуелсіздік алған алғашқы қиын кезде, дүние жүзінде жер көлемі жағынан 9-орындағы мемлекетке бәрі қызығушылықпен қарап тұрған кезде биліктің бір қолда болғаны жақсы болды. Соның арқасында осындай дәулетке жеттік. Іргелі мемлекет болдық. Қазір біз демократияның жаңа баспалдағына қадам басып жатырмыз. Осы кезде Президенттің өзі ойланып-толғанып, билікті бөлісейін деп отыр. Осыған сәйкес, елде үлкен конституциялық реформа жүрмек. Егер, ол жүзеге асса, Үкімет пен Парламент ауқымды өкілеттіктерге ие болады. Енді Үкімет белгілі бір жоспар-бағдарламаны өзі қабылдап, өзі орындайтын болады. Яғни, әрбір министр өзіне жүктелген жүкті мойнымен көтеруі керек. Ал бұл жұмыстардың бәрі кадрға келіп тіреледі. Мәселен, мемлекеттік қызметке келетін адам мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы тиіс. Яғни, ол жерге Отанын сүйетін, елін, ұлтының салт-дәстүрін қадірлейтін адамды алуымыз керек. Әкім ТАРАЗИ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы: – Қазақстанға өз егемен­дігін алу оңайға түскен жоқ. Елбасының ешқандай абыржымай, айқай көтермей, өзі­нің мінезіне сай, жай ғана түсін­діріп, бізге егемендікті алып бергені үлкен жеңіс бол­ды. Оның үстіне, 1986 жыл­ғы оқи­ға да естеріңізде. Сол кезде қазақ халқын жеңу мүм­кін емес еке­нін, қазақ хал­қын құлдықта ұс­тау мүмкін емес екенін білді ғой деп ой­лаймын. Бүгінгі жиын да өте жақсы мәселені көтеріп отыр. Біз жай ғана сөз­бен, басымызды шұлғып қойып, отыра берсек бол­май­ды. Әсіресе, жоғары оқу орындарында, мектептерде кез­десу­лер өткізу керек. Облыстарда да кездесулер өткі­зіп, осы маңызды мәселені халыққа жан-жақты түсіндіру қажет. Жиын барысында сөз алған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі конституциялық реформаға қатысты мәселе ел арасында көп талқыланып жатқанын, оның ішінде бас басылым бетінде де оқырмандардың, ел ағаларының, зиялы қауым өкілдерінің ой-пайымдары мен ұсыныс-пікірлері шығып жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті ұсынған конс­титуциялық реформалар жобасына алыс-жақын шетелдік сарапшылар да зор қызығушылық танытып, «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде өз пайымдарын ортаға салғанына тоқталды. Бұл пікірлердің дені «Қазақ­стандағы үдеріс Орталық Азияның жетекші мем­лекеті ретінде демократиялық үдерістерге жаңа сер­пін береді, тұтастай өңірдің дамуына оң ықпалын тигі­зеді» деген ортақ тұжырымға тоғысатынын айтты. Сондай-ақ, ол Германия, Италия, Финляндия, Фран­ция елдерінің тәжірибесін мысалға келтіре келе, Қазақ­станның бұл қадамы жалпы халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып отырғанын атап өтті. Бұдан кейін отырысқа қатысушылар «Қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайындағы жаңа қазақстан­дық патриотизмді қалыптастыру мәселелері» тақыры­бы аясында өз пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл, Бекболат Тілеухан, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов, жазушы Алдан Смайыл, қо­ғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, «Серпін» ұлттық білім қауымдастығының төрағасы Мұрат Әбенов, Қазақ­стан Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, Қазақ­стан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас штабы Тәр­бие және идеологиялық жұмыстар департаменті бас­ты­ғының міндетін уақытша атқарушы, полковник Қай­сар Мұғалов, Мәдениет және спорт министрлігі Тіл­дер­ді дамыту қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төраға­сы Қуаныш Асылов және басқа да азаматтар күн тәр­тібіндегі мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»