Оңтүстік Қазақстан облысының мәслихат депутаттары жергілікті полиция қызметіндегі проблемаларға алаңдаушылық білдіріп отыр. Депутаттар жергілікті полиция қызметіне толыққанды мүмкіндіктер жасалмағандығын, олар әлі де ішкі істер органдарының бір құрылымы ретінде ғана жалтақтаумен өмір сүріп келе жатқандығын, жеке-дара жедел шешім қабылдай алмайтындығын, олардың материалдық базасының нашарлығын айтқан. Осындай наразылықтар өңірлерде болған кездесулерде де айтылып қалып жүр. Жүргізілген зерттеулер мен қабылданған нормативтік құжаттардың талдаулары тұрғындардың айтқан сын-ескертпелерінің дұрыс екендігін көрсетіп отыр.
Өкінішке қарай, жергілікті полиция қызметінің құрылғанына бір жылдан асса да, қылмыстардың саны азаймаған. Қолдағы бар мәліметке сүйенсек, республика бойынша тұрмыс саласындағы қылмыстар – 2,8%, масаң күйде жасалған қылмыстар – 13,1%, кәмелетке толмағандардың қылмысы – 13,6%, ал рецидивті қылмыстардың саны 94,1%-ға өскен. Ауылды жерлерде мал ұрлығы көбейген. Оған қатысты қылмыстар айлап ашылмауға айналған.
Осы уақытқа дейін үш өңірдің жергілікті полициясында жеке ғимарат жоқ. Республика бойынша 800-ден астам учаскелік полиция инспекциясы мүлдем ғимаратсыз, жергілікті полиция қызметіне 2500-дей автокөлік, 2700-ден астам радиостанса, 2600-ге жуық компьютерлік техника, 14000-дай бейнетіркеуіштер жетіспейді.
Шынында да, қазіргі жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарына толық тәуелді. Қолдары байлаулы болғандықтан, олар өз міндеттерін толық атқара алмайтындығы белгілі. Бір жылға жетпей жатып жергілікті полиция басшыларына өңірлік мәслихат депутаттарының сенімсіздік таныта бастауы соның айғағы.
Қабылданған заңнамалық-нормативтік құжаттардың барлығында «ішкі істер органдарының жергілікті полициясы» деп жазылған. Тіпті, Үкімет қабылдаған қаулы да «Ішкі істер органдары жергілікті полиция қызметінің ережесін бекіту туралы» деп аталады. Осылайша жергілікті полиция қызметі 2014 жылдың 23 сәуірінде қабылданған, 2015 жылдың 2 қарашасында өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Ішкі істер органдары туралы» заңның аясында қалып қойған. Тіпті, аталған заңның 7-бабының 2-тармағына сәйкес, жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарының әкімшілік полициясының құрамына еніп кеткен. Тиісінше Ішкі істер министрлігінің бұйрықтары да солай жасалған.
Жоғарыда қабылданған шаралар өтпелі кезеңде қажет шығар, жаңа құрылымға пайдасын тигізуі де мүмкін. Бірақ, жергілікті полиция қызметін еліміздегі қоғамдық тәртіпті сақтаудың, құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі сатысы ретінде ұйымдастыру жөніндегі Елбасының талабынан шыға қоймасы белгілі. Осының барлығын ескере отырып, Үкімет жергілікті полиция қызметін ұйымдастыру туралы мәселеге қайта оралуы керек.
Жергілікті полиция тек қана атқарушы билікке бағынатын, мәслихаттар алдында жауап беретін, халықтың алдында есеп беретін, ауылдар мен елді мекендердегі, аудандар мен қалалардағы, өңірлердегі құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етуге тікелей жауапты, өзінің дербес бюджеті, материалдық базасы, ғимараты, кадрлар резерві, жұмыс істеу тәртібі, өзінің дәстүрі мен тәжірибесі жинақталған қызмет органына айналуы тиіс.
Қорытындылай келе айтарым, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, тұрмыстық қылмыспен күресу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыру, жергілікті жерлерде орын алып отырған келеңсіздіктерді жою және жергілікті полиция қызметінің жұмысын реттеу мақсатында: жергілікті полиция қызметін қажетті материалдық базамен қамтамасыз етуді; жергілікті полиция қызметінің қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының деңгейін көрсететін нақты индикаторлар мен басшыларының жұмысын бағалау критерийлерін әзірлеуді; жергілікті полиция қызметін ұйымдастыру жөнінде қабылданған Үкіметтің қаулысы мен Ішкі істер министрлігінің бұйрықтарына қажетті толықтырулар мен өзгерістер енгізуді; «Жергілікті полиция қызметі туралы» дербес заң қабылдауды ұсынамын.
Осы ұсыныстарды Үкімет біздің атымызға жолданып отыр деп қабылдаса құба-құп.
Әли БЕКТАЕВ,
Сенат депутаты,