Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық кітапханасы, Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы және Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы әкімдігі онлайн-режімде бас қосып, биылғы Алаш тойын ұйымшылдықпен атап өту жөнінде кеңесті. Бұл шараның өтуіне Сырым ауданы әкімдігі мұрындық болды.
– Бұл конференция «Нұр Отан» партиясының «Ұлы дала қазынасы» партиялық бағытына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Қазақ мемлекеттілік идеясының жасампаздығын, қазақ зиялыларының қайраткерлігін насихаттау – әрбірімізге ортақ шаруа. Биыл Алаш қозғалысына 100 жыл, ал осы қозғалыстың белсенді қайраткері, заңгер Жаһанша Досмұхамедұлының туғанына 130 жыл толады. Бұл екі датаның да Сырым ауданына тікелей қатысы бар. Мұндай шараларды бірлесе өткізгеніміз абзал, – деді Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков.
Жалпы, Алаш қозғалысына қатысты деректерді зерттеу жұмысы Шығыс Қазақстан облысында жақсы жолға қойылған. Бұл өңірде арнайы ғылыми орталық 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін бірнеше ондаған жинақ жарық көрген. Батысқазақстандық алаштанушы Дәметкен Сүлейменова «біздің облысқа да осындай орталық керек» деген ұсынысын жеткізді. Семейдегі Алаш ҒЗ орталығының директоры Шаңбай Тұрдықұлдың пікірінше, алаштанушы ғалымдар бір-бірімен дерек алмасып, қоян-қолтық жұмыс істесе, нәтиже де көп болмақ.
Осыдан бірнеше жыл бұрын жалпы білім беретін мектептерде Алаштану факультативтік курстарын жүргізу туралы нұсқау берілген еді. Курстың арнайы бағдарламасы да дайындалған. Алайда, бұл факультативтік курстар жүргізілген жоқ, жұмыс басталмай жатып тоқтатылды.
– Алаш қозғалысы жайлы оқушылар терең білуі тиіс. Мен осы курстардың жүргізілгенін қалаймын, – деді Сырым ауданы Бұлан орта мектебіндегі тарих пәнінің мұғалімі Серік Зиятов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ