Сыртқы істер министрлігінде Қазақстанның Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Данияр Сәрекеновтің қатысуымен журналистерге арналған брифинг өтті. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шара аясында саяси-экономикалық әріптестіктің жай-күйі баяндалды.
Елшінің айтуынша, Қазақстан мен Малайзия – бір-бірінен қашық орналасқан елдер. Сондықтан алыс-беріс пен барыс-келістің көрсеткіштері керемет деп айтуға келмейді. Дегенмен, ауызды құр шөппен сүртуге де болмайды екен. «Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 300 млн АҚШ доллары шамасында болса, оның 155,7 млн-ын экспорт, 138,69 млн долларын импорт құраған. Ал біздің елден қара металл өнімдері мен одан жасалған бұйымдар, геодезикалық және өлшеу құралдары, түрлі өлшемді құбырларға арналған фитингілер шығарылса, Малайзиядан келетін тауарлардың ішінде жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен электроника, құрал-саймандар мен бөлшек бұйымдар бар. ЭКСПО көрмесі арқылы әлем елдерін «жасыл экономикаға» көшуді ұсынған Қазақстанның бастамасын қолдайтын Малайзия соңғы үлгідегі технологиялық тәжірибелерімен де бөлісуге дайын әрі осы бағытта өзара ынтымақтастық орнаған», – деді Д.Сәрекенов.
Ширек ғасыр ішінде Қазақстан мен Малайзия арасында мәдени-гуманитарлық әріптестік те орнап үлгерген. Әсіресе, Қазақстан-Малайзия бірлескен жұмыс тобы құрылуының нәтижесінде бүгінгі таңда Малайзияда 1,5 мыңға жуық студент түрлі сала бойынша білім алуда. Сондай-ақ, 2012 жылдан бері аталған елде Қазақ әдеби орталығы да жұмыс істейтіндігін қаперлеріңізге сала кетейік.
Брифинг барысында елші айрықша атап өткен деректің бірі – инвестициялық саясат пен ғылыми-техникалық және инновациялық бағыттағы байланыстардың да нығайып келе жатқаны болды. Бүгінгі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы және мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру бойынша көптеген малайзиялық бірлескен компаниялар қызмет көрсетеді. Олар өткен жылдың өзінде Қазақстанға инвестиция ретінде айтарлықтай қаржы құйған болса, соның ішінде соны технологиялар мен инновациялық жаңашылдықтардың өндіріске енгізілуіне басымдықтар беріліпті.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»