Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне өткеніне 25 жыл толуына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде салтанатты жиын өтті. Оған Сыртқы істер министрлігінің, БҰҰ Қоғамдық ақпарат департаментінің, қалалық әкімдіктің, дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар өкілдері және Алматы қаласының жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
ҚазҰУ проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев «Университетіміз бүгінде БҰҰ білім және ғылым саласының барлық құрылымындағы бөлімдерімен тығыз байланыс жасап келеді. Қазіргі уақытта біздің оқу орны «Академиялық ықпал» бағдарламасының тұрақты дамуы үшін жұмыс істейтін жаһандық хабқа айналды. Сонымен қатар, бүгінде ҚазҰУ-да екі ЮНЕСКО кафедрасы қызмет атқарып жатыр. Оның бірі бұқарамен қатынас орнату салалары бойынша журналистика факультетінде болса, екіншісі география және табиғатты пайдалану факультетіндегі тұрақты даму жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасы», деді.
Сыртқы істер министрлігінің айрықша елшісі Майнұр Мұрзамадиева өз баяндамасында еліміздің жоғары саяси деңгейі мен халықаралық дәрежесіне тоқталды. «Ел тәуелсіздігінің 25 жылы – Қазақстанның БҰҰ-мен игілікті ынтымақтастығының 25 жылымен қатар келді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып енуі де мемлекет үшін аса маңызды тарихи жетістіктердің бірі болып табылады. БҰҰ Даму бағдарламасы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысатынын ресми мәлімдеп, БҰҰ бастамасымен «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық ашуға дайын екендігін жеткізді», деді ол.
Қазақстанның әлемдік ұйымға алғашқы қадамдары тарих қойнауындағы құжаттар мен естелік суреттер арқылы көрсетілген салтанатты жиында сөз алған Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұңғыш тұрақты өкілі, Cыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова Қазақстан мен аталмыш ұйымның 25 жылдық хронологиясына шолу жасай отырып, «Еліміз 25 жыл ішінде халықаралық қатынастар саласында үлкен жолдан өтіп, БҰҰ-ның беделді мүшесіне айналды. Аталған ұйыммен игілікті ынтымақтастық аясында Қазақстан халықаралық аренада лайықты орынға ие», деді. Елші Қазақстанның ғаламдық ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесін ерекше айта келіп, Қазақстанның БҰҰ-ға кіргеніне 25 жыл толуына арналған кітабын таныстырды.
Мерекелік шара барысында ҚХР, АҚШ, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінің және Ресей Федерациясының еліміздегі бас консулдары сөз сөйлеп, Қазақ еліне деген жүрекжарды ниет-тілектерін білдірді. Баяндамасын қазақша бастаған АҚШ-тың бас консулы Марк Мудидың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ халықтарының ұқсас тұсы – өздеріне деген сенімділігі және алдарына қойған мақсаттарына қайтсе де жетуге тырысатын еңбекқорлығы. «Қазақстан 25 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жетті. Бір байқағаным, Қазақстан дипломаттары өз елін, тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен ұлттық құндылықтарын жоғары дәрежеде көрсете біледі», – деді Муди мырза.
Ал БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі Норимас Шимомура өзі жолдаған арнайы хатында: «Қазақстанның тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуінің арқасында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру мүмкіндігі туды», дей келе Қазақстанның тұрақты даму саласында көшбасшылық танытып, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жүйелі жұмысын ерекше бағалаған.
Осы тұста айтып өтер жайт, Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының өткен сессиясының қарары 2013-2022 жылдарды Мәдениеттер жақындасуының халықаралық он жылдығы деп жариялап, оның ресми ұлықтау рәсімін Астанада өткізген еді. Бүгінде Қазақстан күн тәртібіндегі әлемдік өзекті мәселелерді қарастырып, олардың шешімін табуда өзінің дипломатиялық мүмкіндіктерін барынша көрсетіп келеді. Астанада Иран ядролық мәселесі бойынша және Сирия шиеленісі жөнінде нәтижелі келіссөздер жүргізілді. Қазақстанда БҰҰ-мен ынтымақтастық аясында экономика, экология, әлеуметтік даму саласындағы халықаралық құқықтың ілгері дамуына, адам құқығының сақталуына, лаңкестікпен, ұйымдастырылған қылмыспен және есірткі бизнесімен күрес саласына ерекше назар аударылуда.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ