Жетісу! Бұл өлкенің құнарлы топырағына қарап қайран қаласың. Кез келген талды шаншып қалсаң бірден тамыр жаяды. «Жер жәннаты» деген теңеу бекер айтылмаған.
Иә, ағаш жердің көркі. Көшенің сәні. Бірақ, бір нәрсеге көңіл аудармайтын сияқтымыз. Ағаштар да қартаяды. Жасы жеткенде тамыры суалады. Шіріп, тозады. Ал қураған ағаштың бір күні құлайтыны рас. Біздің бүгінгі сөз еткелі отырған мәселеміз осыған келіп тіреледі.
Сіз Жетісу аймағында болдыңыз ба? Болсаңыз, әсіресе, Алматы – Қорғас, Алматы – Талғар күре жолдарының жиегінде өсіп тұрған ағаштарға назар салыңызшы. Бұлар сонау кеңес заманында отырғызылған екен. Олардың жасы жарты ғасыр, тіпті одан да асып кеткен шығар. Ата-бабаларымыздың: «Ағаш тамырымен мықты», деген сөзіне ден қойсақ, осыншама жыл өсіп тұрған олар әлі мықты деп айта алмас едік
Ал биіктігі қандай дейсіз ғой, он бес метрге дейін барады. «Биік ағаш бұрын құлайды» деген сөз осындайда еске түседі. Құлап та жатыр. Айдың-күннің аманында адамдарды жазым еткен оқиғалар да жоқ емес.
Бір ғана Алматы шаһарындағы жағдайларға тоқталайық. Өткен жылы алматылық студент Мөлдір Ержанова біз айтқан халге ұшырады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті күнделікті сабағынан шығып, аялдамаға жете бергенде оқыс жағдайға тап болды. Төбесінде төніп тұрған теректің бір бұтағы шорт сынып, қыздың басына құлайды. Тапа тал түсте орын алған оқиға болғандықтан көшедегі жұрт бірден көмекке ұмтылады. Қатты жарақат алған Мөлдірді дереу жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кетеді. Миы қатты шайқалған қыз бірнеше күн төсекке таңылып, жаны әрең қалады.
Дәл осындай жағдай Алматы қаласының тұрғыны Элеонора Пактың да басынан өтті Ол туралы КТК телеарнасы хабарлады. Элеонора баласымен бірге көлігіне отыра бергенде емен ағашы құлайды. Көлікті бір-ақ жапырып түскен. Құдай сақтағанда, адам шығыны орын алмапты. Бірақ қатты жарақаттанған сәбиге бірнеше рет ота жасалған көрінеді.
Өкініштісі, бұл екі оқиғаны да ешқандай мекеме өз мойындарына алған жоқ. Бірі – ағаштың шірімегенін алға тартса, екіншісі – бұл ағаш ана мекемеге, мына мекемеге қарайды деп қашқақтаған. Ақыр аяғында іс «жабулы қазан» күйінде қалған.
Оны айтасыз, Талғар күре жолының жиегінде өсіп тұрған биік ағаштың құлауы адам өліміне соқтырды. Бұл оқиға жаз айының соңына таман болды. Куәгерлердің айтуынша, сол күні қатты жаңбыр жауған, жел тұрған. Ойында ешнәрсе жоқ арыстай азамат өз көлігімен үйіне қарай келе жатқан. Жол ашық. Ешқандай кедергі жоқ. Кенет қураған ағаш оның көлігіне қарай құлайды. Мұндайды күтпеген әлгі жігіт қашып та үлгере алмаған. Сол жерде тіл тартпай кеткен. Ағаштың кесірінен бір отбасы осылай қара жамылды. Бұл жерде де кінәлі тағы ағаш болып қала берді.
Қарап отырсақ, қураған ағаштан зардап шеккендер аз емес. Енді бұған қандай шара қолдану керек?
Әрине, біз жол бойындағы ағаштарды түгелдей қопарып алып тастасын деп жатқан жоқпыз. Өйткені, олар оттегі бөліп, ауаның тазаруына үлес қосады. Автокөліктерден шыққан көмірқышқыл газының айналаға таралуына жол бермейді. Айтпағымыз, соларға жауапты мекемелер қураған ағаштарды кесіп, тым биіктерін аласартып, бәрін адам өміріне қауіп төндірмейтіндей етіп реттесе деген ниет.
Жалпы, қала болсын, дала болсын кез келген ағаштарды жол жиегіне өсіру дұрыс па? Жоқ әлде, табиғи құбылыстарға төзімді арнайы ағаш көшеттері бола ма? Шет елдерде айналаны көгалдандыру мәселесі қалай жүреді? Біз осы сұрақтарымызға техника ғылымдарының докторы, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты оқу орталығының басшысы Әбді Қиялбаевтың пікірлерінен жауап таптық.
«Дәл осындай дауыл Жапонияның теңіз жағалауларында жиі болып тұрады. Бірақ, онда қатты желден қала ағаштары құлап, кесапатқа ұшырамайды. Оның сыры неде дейсіз ғой? Барлығы мемлекет тарапынан заңдастырылған, яғни әрбір талап стандарт негізінде жүзеге асырылады. Оларды күтудің өзіндік тәртібі бар. Ал бізде үйеңкі де, морт сынғыш терек те, ретсіз иірілген қарағаш та қатар-қатар отырғызыла береді... Қысқасы, қолға не түссе, соны талғамсыз пайдалана береміз. Меніңше, жергілікті әкімшілік қала көшелері мен саябақтарға, гүлзарлар мен жол жиегіне, аялдамаларға ағаш отырғызғанда халықаралық тәжірибелерге сүйенген жөн шығар деп ойлаймын. Сонда жоғарыда айтылғандай оқиғалар орын алмас еді. Кейде біздер табиғатты қорғаймыз деп жүріп, адам өмірінің қауіпсіздігін ұмытып кетеміз. Ал адам – экологиялық объектінің бірден-бір бағалы субъектісі», дейді.
Иә, ғалым өте дұрыс айтады. Ең қымбат қазына адам емес пе. Ендеше, аталған мәселеге салғырт қарауға хақымыз жоқ. Сан соқтыратын өкініштердің қайталанбауын тілейміз.
Енді бір сәт қарапайым тұрғындардың пікіріне құлақ салып көрелік.
–Жол бойындағы ағаштар қысты күні одан да бетер қауіп төндіреді. Күн сәулесін қалқалап, жалтыраған мұздың еруіне кедергі келтіреді. Менің ойымша, сол ағаштарды алғаш отырғызғандар мәселеге тереңдеп мән бермеген сияқты. Егер олар жолдан бірнеше метр қашықтықта өсіп тұрғанда, бүгін сіз бен біз бұл тақырыпта бұлайша пікір алмасып отырмас едік.
Жаңадан салынып жатқан жолдарға көз жүгіртіп қараңызшы. Жағалауына ешқандай ағаштар отырғызылмаған. Еуропалық стандарт солай болуы мүмкін. Есесіне айналадан төнетін қауіп жоқ. Сондықтан да ескі ағаштарды отайтын уақыт жеткен сияқты, – дейді Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылының тұрғыны Әділет Темірбаев.
Жол – бәріне ортақ. Онымен хан да, қара да жүреді. Ал, жол жиегіндегі қураған ағаш қашан, қай күні, кімнің басына құлайтынын да ешкім білмейді. Қазақта: «Сақтансаң – сақтаймын», деген жақсы сөз бар. Ендеше, тағы кімнің басына құлар екен деп күтіп отырмай, тиісті орындар бұл жұмыстарды өз жауапкершілігіне алатын мезгіл жетті. Байқаңыз, басыңызға ағаш құлап кетпесін!
Болат МӘЖИТ,
журналист
Алматы облысы