Елімізде тұңғыш рет саңыраулардың есту қабілетін қалпына келтіретін ота жасалды. Соның арқасында туғанынан науқасқа шалдыққан бозбала дертінен айықты, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Мұндай операцияларды Америка мен еуропа мамандары 50 жылдан бері қолданып келеді.
Енді жаңа технологияның арқасында керең болып туылған 800-ден астам балаға алғаш рет ата-анасының дауысын, жылы лебізін есту бақыты бұйырмақ.
17 жастағы Рамазан әлі күнге дейін ата-анасының дауысын естімеген. Туа бітті науқасқа шалдыққандықтан жақындарымен тек ымдап қана сөйлеседі. Алайда, енді бозбаланың тағдыры түбегейлі өзгеруі мүмкін.
«Түркістан қаласынан келіп отырмыз. Шақырту бойынша 3 жылдан бері осында келіп қаралып жатырмыз. Баланың құлағының туылғаннан осындай. Соны емдетуге, құлағын жақсы естітуге келіп отырмыз» — Рамазанның әкесі Ғафур Жорабайұлы.
Мамандардың айтуынша елімізде мұндай отаға мұқтаж жандар жетерлік. Оның ішінде балалар да бар.
«Елімізде құлағында кемістігі бар 800-ден астам бала бар. Оның біреуінің жасы 17-де. Олардың аздаған бөлігі ғана осы мәселені көтеріп дабыл қағады» — дейді Аурухананың орталық меңгерушісі Айгул Медеулова.
Есту қабілеті нашар науқастардың құлағының артындағы сүйекке арнайы имплантант бекітіледі. Ол дыбыстарды миға жеткізу қызметін атқарады. Мұндай ота елімізде тұңғыш рет Рамазанға жасалуда. Шеберлік сыныбын өткізу үшін Голландиядан дәрігер маман шақыртылған.
«Имплантанттың артықшылықтары көп. Қауіпсіз әрі ота бар болғаны 30 минутқа созылады. Хирургтар тез үйреніп алады. Сонымен қатар имплантант шағын болғандықтан көрінбейді. Әрі науқас осы уақытқа дейін естімей келген дыбыстарды есту мүмкіндігіне ие болады» — дейді хирург Ян Ледер.
Бұл аурухана науқас балаларға толыққанды өмір сүруге алғаш рет мүмкіндік сыйлап отырған жоқ. Қаңтар айында біз үш жасар Аяна Рахат тағдыры туралы айтқан болатынбыз. Бүлдіршін сөйлеуге мүмкіндік бермейтін сирек кездесетін науқасқа шалдыққан. Сол кезде дәрігерлер көмектесе алатындарын мәлімдеген болатын.
«Наурыз айында біз шет елдік мамандардың қатысуымен тағы бір шеберлік сыныбын өткізуді жоспарлап отырмыз. Науқасты лазердің көмегімен емдеуге болады» — дейді Аурухананың орталық меңгерушісі Айгул Медеулова.
Рамазанға жасалған операция сәтті аяқталды. Бір айдан кейін ол толығымен сауығып кетеді. Мұндай отаның құны шамамен 3 миллион теңге тұрады. Қазір дәрігерлер емнің бұл түрін тегін медициналық қызмет тізіміне қосуды көздейді. Егер денсаулық сақтау министрлігі мақұлдайтын болса, құлағында кемістігі бар балаларға ата-насының дауысын есу мүмкіндігі туады.