Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы туралы газетімізде жан-жақты мағлұмат беріліп келеді. Бұл ҰБТ-ның бұрынғыдан ерекшелігі – мектеп бітірушілерге арналған қорытынды аттестация мен жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған ҰБТ ретінде екіге бөлінуі.
Жуырда Астанадағы дарынды балаларға арналған №81 гимназияда «Ұлттық тестілеу орталығы» РМК директоры Рамазан Әлімқұлов мұғалімдермен жүздесіп, аталған мәселенің қыр-сырын баяндады. Қалың жұртшылыққа әсіресе, қорытынды аттестаттау мәселесі түсініксіздеу болып тұрғаны рас. Ұлттық тестілеу орталығы басшысының айтуынша, мектеп бітірушілер орта білім беру деңгейін мемлекеттік бітіру емтихандарынан тұратын (4 міндетті және 1 таңдау пәні) міндетті қорытынды аттестаттаумен аяқтайды. Осы орайда емтихандардың ерекшелігін түсіндіре кеткенді жөн санадық. Яғни, оқушы ана тілі және әдебиеттен үш тақырыптың біреуін таңдап, 3 сағат ішінде жазбаша түрде 250-300 сөзден тұратын эссе жазады. Эсседе негізгі ойды анықтау, мәселені тұжырымдау, дәлел мен эссенің жалпы қорытындысы жазылуы керек. Ал алгебра және анализ бастамаларына
5 сағат уақыт беріледі. Тапсырмалар жазбаша түрде орындалады. Бұл баланың математикалық фактілер, ұғымдар мен тәсілдерді, қолданбалы және логикалық есептерді шешу ептілігін меңгеру дәрежесін анықтауға бағытталған.
Қазақстан тарихы билетпен ауызша тапсырылады. Оған 20 минут уақыт беріледі. Әр билетте 3 сұрақтан, оның ішінде 2 тапсырма – материал теориясынан, 1 тапсырма шығармашылық сипатта (тарихи карталар, сызбанұсқалар, хронологиялық кестелер т.б. қолданылған тапсырмалар) болады. Сондай-ақ, қазақ тілі орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде, ал орыс тілі қазақ тілінде оқытатын мектептерде тестілеу арқылы тапсырылып, оған 80 минут уақыт беріледі. Тестілеу тыңдалым (2 мәтіннен 10 тапсырма), оқылым (2 мәтіннен 10 тапсырма) және лексикалық-грамматикалық бөлім (20 тапсырма) блоктарынан тұрады. Ал физика, химия, биология, география, геометрия, дүние жүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) сынды таңдау пәндері тестілеу (оқу бейініне байланысты: қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық) түрінде тапсырылады. Оған 80 минут уақыт бөлінген. Тест 40 тапсырмадан тұрады, оның жартысында берілген жауаптан бір дұрыс 5 жауапты таңдау, қалған жартысында көптеген жауаптан бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау қарастырылған. Мектеп бітіру емтихандары мектеп базасында өтеді. Ауызша, жазбаша емтихандар мен тестілеудің жауаптарын жауаптар кодына сәйкес мектептердегі емтихан комиссиялары бағалайды.
Енді Ұлттық бірыңғай тестілеуге келейік. ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында ҰБТ өткізу пункттерінде жүргізіледі. Жаңа формат 5 пәннен тұрады. Оның ішінде 3 міндетті және таңдаған мамандыққа байланысты 2 бейінді пән бар. Атап айтқанда, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығының әрқайсысына 20 тапсырмадан берілсе, 2 бейінді пән 30 тапсырмадан тұрады. Оның алғашқы 20 тапсырмасы бес жауап нұсқасынан бір дұрысын таңдау және қалған 10 тапсырмасында көптеген жауап нұсқасынан бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау ұсынылады. Мысалы, берілген 8 жауап нұсқасының екеуі немесе үшеуі дұрыс жауап. Мұндай тәсіл талапкердің тақырыпты қаншалықты меңгергендігін нақты анықтауға мүмкіндік береді және жауаптарды «жаттау» арқылы болжап табуға кедергі болады. Барлығы 120 тапсырма бар. Максималды балл – 140. Шекті деңгей – 50 балл. Тестілеу уақыты 3 сағат 50 минут (230 минут).
Айта кетерлігі, биыл «Алтын белгі» иелері, халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздары жалпыға ортақ тәртіпте ҰБТ тапсырады. Олардың аталған жетістіктері басқа талапкерлермен балы бірдей болған жағдайда ғана ескеріледі.
Жалпы, шет ел тәжірибесінде мұндай жүйе кеңінен қолданылады. Мәселен, Жапонияда жоғары оқу орындарына түсу үшін мектеп бітіруші екі емтихан кезеңінен өтеді. Бірінші кезең жоғары оқу орнына тапсырмастан жарты жыл бұрын өткізіледі. Оқушылар 12 пәннің ішінен бірнешеуін таңдап, тест тапсырады. Тест санын әрбір университет жеке анықтайды. Екінші кезеңде емтихандарды әр жоғары оқу орны жеке өткізеді. АҚШ-та бұл SAT және АСT тесттері деп аталады. Бұл емтихандар оқыту бағдарламаларымен байланысты емес. SAT – вербальды қабілеттері мен математикалық білімді тексерсе, АСT жеке пәндердің суб-тесттерінен тұрады. Ал Израильде жоғары оқу орнына түсу үшін талапкерлер психометриялық тест тапсырады. Бұл тесттің құрылымы сөздік (вербальды) ойлау, сандық (математикалық) ойлау және ағылшын тілінен тұрады. 2012 жылдан бері аталған емтиханға берілген тақырыпқа эссе жазу қосылған және оның бағасы сөздік ойлау бағасына қосылады.
20 жылға жуық осы салада еңбек етіп келе жатқан «Ұлттық тестілеу орталығы» директорының орынбасары Тұрақты Ынтымақов еліміздегі білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ҰБТ жобасына өзгертулер енгізуге қоғамдағы мектеп пен ұстаз беделінің төмендеп кетуі себеп болғанын жеткізді. Сондай-ақ, бұл өзгерістерге мектептің білім көрсеткішін ҰБТ-ның орташа нәтижесімен белгілеуде кейбір қисынсыз бағалаулардың орын алуы да ықпал етпей қоймаған. Мәселен, осы көрсеткіш үшін былтыр мектеп бітірушілердің 25 пайыздайы ҰБТ-ға қатыса алмаған екен.
– Биыл жағдай өзгерді. Алдымен қорытынды аттестаттауға мектеп бітірушілер 100 пайыз қатысады. Қатыспаса кәмелеттік аттестат ала алмайды. Екіншіден, жоғары оқу орнына түсуді қалаған мектеп бітірушілер ҰБТ-ға қатысады. Бұл балалардың психологиялық жүгін сәл де болса жеңілдетті. Яғни, кімде-кім өзінің мүмкіншілігіне көз жеткізсе, әрі қарай ҰБТ тапсырады, – деді Тұрақты Жұмаділдәұлы.
Осы орталықтың орта білім берудегі тест тапсырмаларын құрастыруды ұйымдастыру басқармасының басшысы Гүлжан Пірімбетованың айтуынша, оқушылардың математикалық сауаттылығын тексеруге арналған тест тапсырмаларын талқылау барысында оның қиындық тудырмайтыны байқалған. Ал оқушылардың орындау барысында қиналуының негізгі себебі, тапсырмаларды мұқият оқымауында жатыр. Сондықтан тест тапсырмаларының мән-маңызы мен ойының жүлгесін түсінудің маңызы үлкен.
– Бұл есептер баланың ойлау қабілетін тексеруге бағытталған. Математиканы қолдану арқылы түрлі деңгейдегі есептерді шығара алады. Ал оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар мәтіндер арқылы берілетін бірнеше тапсырмадан тұрады. Мұнда да оқушы тапсырманы зер салып оқып шығуы қажет. Мәтін бойынша ойын түйіндеуі, жалқылауы тиіс. Өйткені, мәтін ішіндегі сөздер салыстыруға берілгенде немесе мәтінді бір оймен жеткізуге берілген мақалды табу үшін оқушы өзіне керек нұсқаны ажырата алуы керек, – деді ол.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»