27 Ақпан, 2017

Ақпан революциясы немесе «төңкерістік жарылыс»

7451 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Бүгін Ресейде болған Ақпан революциясына 100 жыл толып отыр. Өткен ғасырдың басындағы жаһандық саяси оқиғалардың (халықаралық қақтығыстар, бірінші дүниежүзілік соғыс, революциялар) ықпалымен пайда болған Алаш қозғалысын Ресейдің қазіргі заман тарихынан бөліп-жарып қарастыру мүмкін емес. Себебі, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ оқығандарының екінші толқыны Ресейде және осы мемлекет арқылы Еуропа елдерінде білімдерін тереңдетті. Олардың көпшілігі студенттік шақтан-ақ Ресейде орын алған ірілі-ұсақты саяси маңызы бар оқиғалардың бел ортасында жүрді, өзіндік қоғамдық-саяси көзқарастары қалыптасты. Әсіресе, ХХ ғасырдың бі­рінші ширегіндегі Ресейде болған үздіксіз революциялар (1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы; 1917 жылғы Ақпан революция­сы және Қазан төңкерісі) білім қуған қазақ жастарының саяси сауаттылығын ұштап, күрескер ретінде өсіп-шыңдалуына ықпал етті. Мысалы, Санкт-Петербург Орман шаруашылығы институты экономика факультетінің түлегі Әлихан Бөкейханның жас маман ретінде Қазақстанды зерттеу мақсатында ұйымдастырылған Ф.Щербина, С.Швецов экспедицияларына қатысып, өзекті жер мәселесін жетік меңгеруі, кейінгі оқиғалар көрсеткендей, оның көшбасшылық мәртебесін асқақтата түсті. Тіпті ол өзінің серіктестері мен ізбасарларына «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкі­метінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп, үйре­нуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», деп үнемі айтып отырған. Ә.Бөкейханның төңірегіне топтасқан ұлттық интеллигенция өкілдерінің қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділік бірінші орыс революциясынан кейін айқын көрінді. Олар алдымен «Қарқаралы петициясын» ұйымдастырады, сосын І және ІІ Мемлекеттік Думаның мінбе­рін мүмкіндігінше ұтым­ды пайдалануға тырысады, сол арқылы екі мақсатты: қазақ хал­қын отаршылдық бұғау­дан босату және оларды да­мы­ған өркениетті елдер қа­та­рына қосуды көздейді. Сон­дай-ақ, олар осы кезеңде Алаш қозғалысы арқылы патша­лық жүйе мен кеңестік жүйе­нің ортасынан ойып тұрып орын алатын «алаштық жүйе­ні» қалыптастырып үлгерді. «Алаш қозғалысы» ұғымын отан­дық тарихнамаға тұң­ғыш енгізген профессор Мәм­бет Қойгелдиевтің тұжырым­дауынша, «1905-1907 жылдар­дағы бірінші орыс буржуа­зия­лық-демократиялық револю­ция­сы жылдарынан бастау алатын Алаш қозғалысы 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін шарықтау шегіне жетті». Осы күнге дейінгі ғылыми айналымда жүрген құжаттар мен материалдардың негізінде Алаш қозғалысының тарихын шартты түрде үш кезеңге (1905-1917 жж.; 1917-1919 жж.; 1920-1937 жж.) бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңдегі елеулі саяси оқиғалар: жоғарыда атап өткендей ұлттық интеллигенция өкілдерінің «Қарқаралы петициясын» ұйымдастыруы, І және ІІ Мемлекеттік Дума мен Мұсылмандар фракциясына қатысуы, кадет партиясының бөлімшелерін құруы, қазақ съез­дерін шақыру идеясын көтеруі, ұлттық мерзімді басылым­дарды шығаруы, соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, «солдат алу» мәселесі, 1917 жылғы ақпан революциясынан кейінгі оқиғалар болды. Алаш қозғалысының екінші кезеңіндегі маңызды саяси оқиғалар: ұлттық интеллигенция өкілдерінің 1917 жылғы «қос төңкеріс» аралығындағы сегіз ай ішінде атқарған жұмыстары және олардың нәтижесі, атап айтқанда, Қазақ комитеттерінің құрылуы, Қазақ съездерінің шақырылуы, «Алаш», «Үш жүз», партияларының құры­луы, шақырылуға тиісті Бүкіл­ресейлік Құрылтай жиналы­сына депутаттар сайлау, Түркістан, Алаш автономияларын жариялау, Алашорда үкіметінің құрылуы, Алаш әске­рінің жасақталуы, болды. Алаш қозғалысының үшінші кезеңіндегі басты оқиғалар: бас-аяғы бес жүзден астам алашордашылардың саясаттан мүлдем аластатылуы және олардың жаппай ағартушылық қызметке қарай ойысуы, Қа­зақ автономиясын кеңестік негізде құруға және оның шекарасын анықтауға ат салысуы, ақырында жаппай қуғын-сүргін, қудалауға ұшырауы болды. Алаш қозғалысы тарихындағы осы және өзге де мәселелерінің ауқымы өте кең, сондықтан біз Алаш қозғалысының екінші кезеңін қамтитын 1917 жылғы ақпан революциясы мен қазан төңкерісі аралығындағы негізгі оқиғаларды Ресейдегі саяси дағдарыстар аясында көрсетуге тырыстық. Мұстафа Шоқай өзінің эмиграцияда жүріп жазған бір мақаласында «көне патша­лық Ресейдің орыс халқына және Ресей үстемдігі астын­дағы халық­тарға қарсы ең соңғы жас­аған қылмысы – дүние­жүзілік соғыс пен төңкерістік жары­лысқа жағдай әзірлеуі еді. Жары­лыс сәті 1917 жылдың ақпан-наурыз айында туды. Рома­новтар монархиясы құла­ды» – деп жазды. Ақпан революциясы қар­саңындағы патшалық тәртіптің шектен тыс күшеюі – халықтың еңсесін басып, есеңгіретіп тастаған еді. Патша өкіметіне қарсы саяси күштердің (либе­ралдық буржуазия мен дворяндар, шаруалар мен жұмысшылар т.б.) топтасуына түрткі болған себептердің бірі – екі ірі соғыс блоктары: Антанта (Англия, Франция, Ресей) мен Үштік одақ (Астрия-Венгрия, Германия, Ита­лия) арасында тұтанған бі­рінші дүниежүзілік соғыс болды. Осы соғыс жағдайында Ре­сейде монархиялық билік жойы­лып, орнына республикалық тәртіп орнады. 1917 жылғы ақпан революциясының басты ерекшелігі, оның «қосөкімет­ті­лі­гінде» болды. Орыс буржуа­зиясына арқа сүйеген Уақытша үкімет пен Жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының кеңестері құрылды. Алаш қозғалысының көр­некті жетекшілері әу бастан-ақ сөз, баспасөз бостандығы, саяси партиялар құру, түрлі митингілер мен жиналыстар өткізу сияқты демократиялық бостандықтарға жол ашқан Уақытша үкіметті қолдады. Олар автономияға толық болмаса да, алғашқы кезде жарым-жартылай, яғни империя шеңберіндегі қазақ автономиясына жалпы­ресейлік демократиялық күш­тер­мен біріге отырып, қол жеткізуге болады деп түсінді. Кеңестермен салыстырғанда, Уа­қытша үкіметтің саяси ба­ғыт-бағдарламасы, шығарған заңдары толық болмаса да халықтың тілегіне сай келетін. Айталық, «1917 жылдың 20 наурызында Уақытша үкімет тарапынан шығарылған Ресей азаматтарының құқығындағы нәсілдік, діни кемсітушілікті жою туралы шешімі және 8 пункттен тұратын «жиылыс­тар һәм одақтар» туралы қау­лысы шет аймақтардағы халық­тар тарапынан қолдау тапты. Мұнда көпшілік бұқараның талабына сәйкес мекен-жай, қоныстану құқығына, мал-мүлік меншіктігіне, сауда мен өндірістегі құқықтарына және оқу орындарына білім алуларына жасалып келген шектеу­лер заң жүзінде жойылды. Ал тіл мәселесіне байланыс­ты әр халыққа өзінің ұлттық тілін жекелеген мекемелері мен мектептеріндегі іс-қағаздарында ғана қолдануларына рұқсат берілген. Өкінішке қарай, жаңа үкімет Ресейдің шет аймақтарындағы халықтардың тағдырына қатысты маңызды мәселелерді толық шешіп бере алмады. Өйткені, сол кезде автономия алудан үмітті халықтардың ұлттық мүддесінен туындаған талап-тілектерін заңдық негізде бекітуге тиіс бірден-бір демократиялық және құқықтық орган Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы болатын. Алаш қозғалысы жетекші­лерінің Уақытша үкіметті қол­дауы­ның басты себебі де, осы үкіметтің «Барлық билік Құрылтай жиналысына бе­рілсін!» деген ұранды көте­руінен еді. Бүкілресейлік Құрыл­тай жиналысын шақыру бастапқыда 1917 жылдың 30 тамызына, кейінірек 28 қара­шаға белгіленді. Ресей аума­ғында барлығы 73 сайлау округі құрылды. Осы кезде ұйым­дастырылған Жетісу, Сырдария, Орал, Ақмола, Семей сияқты сай­лау округтері де іске кірісті. Құрылтай жиналысына партия­лық тізіммен депутаттар сай­лау Екінші жалпы қазақ съе­зінің шешімдеріне сәйкес жүргізілді. Солардың ішінде Уақытша үкіметтің «Құрылтай жиналысына сайлау туралы» заңы бойынша «кандидаттық тізімдер» деп аталатын 5-та­рауы­ның 48-пунктінде «бір адамның кандидатурасы бір­неше сайлау округтерінен ұсы­нуға болатындығын, тек бес жерден көп болмауы ке­рек­тігін» ескеріп, Алаш қайрат­керлері А.Байтұрсынов пен М.Дулатовты осы заң аясында Құрылтай жиналысына бес жерден ұсынылады. Қазақтың социалистік пар­тиясының жетекшілері Көлбай Төгісов, Шәй­мерден Әлжанов, Мұқан Әйт­пенов, Әбілқайыр Досов, т.б. Омбы қаласында негізін қалаған «Үш жүз» партиясы да Құрылтай жиналысына жеке кандидаттар тізімін ұсынды. Оның құрамына 13 адам енгізілді. Кандидаттар тізімі Қазақтың социалистік «Үш жүз» партиясының Орта­лық Комитетінің құрылуы туралы хабармен қатар жарияланды. Орталық Комитеттің төрағалығына М.Әйтпенов, оның орынбасарлығына К.Төгі­сов сайланды. Өкінішке қарай, «үшжүзшілер» құрылған күні­нен бастап-ақ, «екі қазақ таласса, көрші орысқа олжа болғалы тұрғанын» түсінген жоқ. Елдің ішкі саясатындағы шақы­рылуға тиісті Бүкілре­сейлік Құрылтай жиналысына сайлау өткізуге осындай мүмкіндіктер берген Уақытша үкіметтің сыртқы саясаты мүлдем сын көтермеді. Өйткені, билік тізгінін ұстаған күннен бастап Уақытша үкімет «Еуропа соғысынан бір жолы екі үлкен мақсаттарына жетіп қалмақ болды. Оның бірі – Руссиядағы ескі тәртіп орнына жаңа тәртіп құру, екіншісі – өшкен Руссияның сыртқы жауларын жеңіп, Ыстам­бұл, Дарданелді қолға түсіру» болды. Бүкіл әлемді шарпыған жаһан­дық соғыс пен елдің ішкі қай­шылықтарының күрт шие­ленісуі – Ресейде өткір үш сая­си дағдарыстың туындауына алып келді. Бірінші сая­си дағдарыс, 1917 жылғы сәуірдегі сыртқы істер министрі П.Ми­люковтің Ресейдің бірінші дүниежүзілік соғысты жеңіске жеткенше аяғына дейін жүргізу туралы мәлімдемесіне байланысты туындады. Оған алдымен майданның алғы шебіндегі солдаттар мен матростар жаппай қарсы шықты. Мұның нәтижесі Ресейдің әскери ми­нистрі А.Гучков пен сыртқы істер министрі П.Милюковтің қызметтен кетуімен аяқталды. Екінші саяси дағдарыс 1917 жылдың маусымында қылаң берді. Оған Кеңестердің І съезінің шақырылуы түрткі болды. Ресми билік үшін большевиктермен текетіреске түс­кен эсерлер мен меньшевиктер Ресейдің қуатты күшіне айналған ұсақ буржуазияға арқа сүйеді, олар саны жағынан да аз емес еді. Айталық, сол кездегі мәліметтер бойынша меньшевиктер партиясында 200 мыңдай адам болса, эсерлер саны – 0,5 млн адамды құраған. 1917 жылдың шілдесінде басталған үшінші саяси дағдарыс, Оң­түстік-Батыс майданындағы соғыс шығынына байланысты халық наразылығынан туындады. Одан кейінгі оқиғалар желісі елдің жағдайын одан сайы­н ушықтырып жібереді. Енді ірі капитал мен мемлекеттік шенеуніктердің өкілдері әскери диктатура орнатуға әрекеттенді. 1917 жылдың жазында тарих сахнасына генерал Л.Корнилов шықты. 25 тамыздағы «Корнилов бүлігі» Уақытша үкімет пен оның жақтастары үшін де сол сияқты саяси күштердің солшыл қанаты – большевиктер үшін де қатерлі еді. Сондықтан да Корнилов бүлігін талқандауға А.Керенский басқарған Уақытша үкімет те, сол күштерді ең алдымен бейнелейтін большевиктер де ат салысуға мәжбүр болды. Осылайша, 17-нің аласапыранында өзара текетіреске түскен Ресейдің әртүрлі бағыттағы сая­си күштері, ақпан мен қазан аралығында қалыптасқан жаңа саяси жағдайды өз пайдаларына шешуге тырысты. Соған сәйкес Ресей кеңіс­ті­гінде пайда болған Алаш қозғалысындағы саяси күштер де үш тармаққа: батыстық (алаш­ордашылар), шығыстық (түр­кістандықтар) және социалистік (үшжүзшілер) болып бөлініп кетті. Бұрын патшалық жүйенің ықпалында болған қазақ қоғамы Ақпан революциясынан кейін қалыптасқан алаштық жүйеде де, одан кейінгі кеңестік жүйеде де Ресейге «тәуелділіктен» арыла алмады. Тұжырымдай келгенде, ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Ресей тарихында тұңғыш рет республикалық тәртіпті орнатқан қосөкіметтілік, Ақпан революциясының ішкі қай­шылықтары мен елдің қоғамдық-саяси тұрақсыздығын айқын көрсетіп берді. Алаш­танушы К.Нұрпейістің сөзімен қайырсақ, «1917 жылғы қосөкіметтіліктің ақыры бір­өкі­меттілікке (Уақыт­ша үкі­мет немесе Жұмыс­шы, шаруа және солдат депутат­тарының кеңесі) көшуі тиіс еді. Өкінішке қарай, меньшевик­тер мен эсерлер биліктің бей­біт жолмен Кеңестер қолына көшу мүмкіндігін жіберіп алды. Соның салдарынан социализмге қиын да, ауыр жолмен – қа­рулы көтеріліс және Азамат со­­ғысы арқылы баруға тура кел­ді». Күлпаш ІЛИЯСОВА, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент