Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында «Бөбек» қоры «Қайырымдылық акциясының қорытындылары» тақырыбына арналған баспасөз мәслихатын өткізіп, онда қордың басшылары, ресми өкілдері атқарылып жатқан игі істер жайында есеп берді.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары барша қауымға, әсіресе жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан тыс қалған сәбилер үшін ауыр кезең болғаны белгілі. Сол тұста елімізде қоғамдық қорлар, қоғамдық негізде іс бастаушы топтар көптеп құрылып, қайырымдылық, ізгілік қолын созғаны әлі күнге жадымызда. Міне, сондай алғашқы қоғамдық қорлардың бірі 1992 жылдың наурыз айында Сара Назарбаеваның бастамасымен өмірге келген «Бөбек» қоры бүгінгі күнге дейін сол қолдауынан еш айныған емес. «...Мен адамдарға көмек бере алатынымды түсіндім, оның үстіне менің жағдайым басқаларға қарағанда осы істе анағұрлым көп іс тындыруға мүмкіндік тудырады», – деген еді сол жиында Сара Алпысқызы. Расында да, он тоғыз жыл ішінде «Бөбек» қайырымдылық қоры «жетімге ақыл беруші көп, бақыр беруші аз» уақытта ана жылуы мен отбасынан айырылған балаларға әлеуметтік көмек беруде қыруар шаруа атқарды. Бүгінде оның барлығының атын атап, түсін түстеп жату мүмкін емес. Қордың ең басты мақсаты – балалар үйлері мен оларға арналған сауықтыру мекемелеріне көмек көрсету болатын. Сол кездері республиканың барлық аймақтарындағы балалар үйлеріне ондаған тонна гуманитарлық көмек жіберіліп тұрды.
Сара Алпысқызы Қазақстандағы балалар үйлерінің бағыт-бағдарын өзгертуді де қолға алып, жетім балаларды тәрбиелеу жүйесіне «SOS Киндердорф» халықаралық қорының отбасылық үлгідегі және жасөспірімдер ауылын жасақтау тәжірибесін енгізген бірден-бір адам. Олардың тұрмыс-тіршілігін бірыңғай модельдеудің арқасында бүгінде балалар үйінде тәрбиеленушілер махаббат пен қамқорлықтың аясында тату-тәтті өмір сүруде. Бұл ауылдан жетім балалар жаңа отбасылы болып, ата-ана, өздеріне жақын бауыр тапты. Соның нәтижесінде, «Бөбек» қорының жетекшілігімен «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, мемлекеттің балаларға әлеуметтік көмек көрсету жауапкершілігі мен қамқорлығы арта түскені белгілі. Білім және ғылым министрлігінде Балалар құқықтарын қорғау комитеті мен оның облыстық департаменттері құрылды.
Қордың басты жұмысы жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсету болса, бүгінгі таңдағы негізгі бағыттардың бірі – жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға білім беру үшін қаржы бөлу. Мәселен, 2002 жылдан «Бөбек» қоры ата-анасыз және аз қамтылған отбасынан шыққан студенттерге әлеуметтік көмек бере бастады. Осы жылдар ішінде арнайы стипендия түрінде қаржылық көмек алатын студенттердің саны 30 мыңнан, ал оларға көрсетілген көмек қаржысы 113 миллион теңгеден асты. Сара Алпысқызы көмекке мұқтаж бала санының артқанын біліп, қаржыны депозиттік жүйемен шешуді қолайлы тәсіл деп тапты. Банк депозитіне салынған қаржы өсімі, алғашқы сомасын жоғалтпай-ақ, бүгінгі таңда балалардың барлық қажеттілігін өтеп келеді.
Сара Алпысқызы ізгілік қайырымдылықтың айнымас белгісі деп танып, қашанда өзінің туған күніне келген қонақтар арасында жетім балаларға арнап қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған десек, биыл да осындай қайырымдылық акциясын өткізе отырып, жиналған қаржыны қазақстандық балғындарға көмек ретінде беруді ұйғарды. Қайырымдылық кештен жиналған қаржыдан Алматы қаласындағы №3 балалар үйінде тәрбиеленуші сәбилер сенсорлы бөлмелі болса, ауылдың екі бірдей мектебі автобусқа қол жеткізді. Ал демеушілер сыйға тарқан екі автобус Германиядан келіп, оларды қажет ететін балалар үйіне жіберілмек.
– Бұл жолы да қор басшысы жиналған қаржының ендігі бір бөлігін тағы да балалардың білім алуы бағытына беруді ұйғарып, осы мақсатпен депозитке аударуды қолға алды. Жаңа оқу жылы қарсаңында үздік оқыған мектеп түлектері Сара Алпысқызы атындағы білім грантына ие болмақ. «Бөбек» қоры жетім және аз қамтылған отбасынан шыққан 64 талантты баланың еліміздегі жоғары оқу орындары мен колледждеріндегі оқу ақысын төлеуді өз мойнына алып отыр. Қазақстанның әр облысына 4 гранттан бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл қадамды Сара Алпысқызының аналық шынайы махаббатының ерекше белгісі деп түсінеміз, – деді «Бөбек» қорының ресми өкілі Ақберен Елгезек.
Қашанда «Менің атқарып жатқан іс-әрекеттерім адамға да, Аллаға да жағады деп ойлаймын. «Бір жетімнің басынан сипасаң, қырық періште күліп тұрады»» деп айтудан жалықпаған Сара Алпысқызының ұрпақ болашағына арнап жасаған игі істері көмек қолын созуға мүмкіндігі бар әрбір қазақстандық азамат үшін үлгі болары сөзсіз.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.