М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында спорт клубының төрағасы қызметін атқарып жүрген кезім еді. Институт ректоры Әшім Құрамбайұлы Омаровтың кабинетінде спортқа байланысты мәселелерді талқылап отырғанбыз. Есік ашылып үстімізге Педагогтік-мәдениет институтының ректоры Мүтан Жүнісбаев кірді. Орнымнан тұрып қолын алып сәлем бермекші болғанымда:
– Сен тұра тұр. Алдымен үлкен кісіге мен сәлем берейін, – деді. Созған қолымды түсіре қойдым.
Осы оқиғаға отыз жыл уақыт өтсе де есімнен шығар емес. Сәлем де сәтімен дейді. Сәті сол сәлемдеудің өз реті, кезегі болатынына ол кезде мән бермеппін. Қазір де оған көп адам назар аудармайды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жасы кіші жасы үлкенге, жалғыз адам көпшілікке, көліктегі жаяуға, жүргінші тұрғанға, ер адам әйелге, шәкірт ұстазға бірінші болып сәлемдесуі қажет.
Сәлемді бірінші беруден ешкім кішірейіп кетпейді. Діндарлардан естігенім бар еді. «Бірінші сәлем берген адам жұмаққа барады» деп. Атам – Ештайдың нағашысы Ысақ ата жүзге жетіп өмірден озды. Бұл кісіден бұрын амандасу мүмкін емес еді. Бала-шаға, қыз-қырқын демейтін. Кездескеннің бәріне бірінші болып сәлем беретін. Өз басым «Осы жолы нағашы атамнан бұрын амандасайын, ара қашықтық сәл жақындай түссін», деп ойымды аяқтағанша, ол кісі сәлем беріп қоюшы еді. Төсек тартып ес-түссіз жатқанша осылай етті. Жұмаққа барған болар, жарықтық!
Бірінші сәлем беруші: «Ассалаумағалейкум» дегенде, сәлем алушы: «Уағалейкумассалам» деп сәлемді қабыл алады. Бұлай сәлемдесудің анық-қанығына жетейін деп «Қазақ совет энциклопедиясына» көз жүгірттім. Онда былай деп жазылыпты: ‹‹... амандасудың бір түрі. Бұл мұсылман халықтары арасында көп тараған. Араб тілінен енген. Ассалаумағалейкум – нұр жаусын, уағалейкумассалам – саған да нұр жаусын, деген мағына береді» депті. Сәлем берудің бұл түрі біздің салтымызға ислам дінімен бірге енген болып тұр.
Сәтімен берілетін сәлемді арнайы барып береді. Ал күнделікті кездесулердегі сәлемімізді шын ниетпен, адал, ақ көңілмен берейік. Сәлемсіз болмайық!
Серіхан ЕШТАЕВ,
Қазақстан Республикасының «құрметті
спорт қайраткері»
ШЫМКЕНТ