Есепті жылда өңір экономикасы дамуын төмендеткен жоқ. Өндірістің физикалық көлем индексі 100,3 пайызды құрап, 600,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнімі 8,4 пайызға артты. Былтырдан бастап Қостанай облысында шикізат кейін шегініп, өңдеу өнеркәсібінің қадамы алға басты.
Өңірдегі машина құрастыру мен ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласындағы ілкімді істердің бәсі басым болып отыр. Мысалы, 2016 жылы машина жасау саласында қазақстандық мазмұн 4,2 пайызға артты. Өткен жылы жүк машиналарын жасау 44,1 пайызға өсіп, 206 машина сапқа қойылды. Сонымен қатар, астық жинайтын 320 комбайн жасалды, бұл алдыңғы жылға қарағанда 100 бірлікке артық, яғни оны өндіру 39 пайызға артқан.
Жалпы, Қостанайдың машина жасаушылары соңғы жылдары жеңіл машиналардың 50 моделін жасауды игерді, соның ішінде SsangYong, Peugeot, IVEGO,Toyoto, Hyndai, JAC cекілді әлемдік мойындалған бренділер бар. «СарыарқаАвтоПром» зауыты шығарған 12 электромобиль есепті жылдың жаңалығы болып отыр.
«Баян сұлу» кондитер фабрикасы өткен жылы «Алтын сапа» байқауында «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымы бойынша лауреат атанды. Облыс бойынша кондитерлік бұйымдар 1,6 есе, ет 37,2 пайызға, шұжық өнімдері 11,8, сүт пен қаймақ 33,3, сары май 8,1, ұн 17,9 пайызға артты.
2010 жылы өңір өнеркәсібінде өңдеу кәсіпорындарының үлесі 29 пайыз болса, былтыр ол 52,7 пайызға жетті. Облыс экономикасына инвестиция тарту өндірістің өсу кепіліне айналып отыр. Осы жылдар ішінде облыс экономикасына 125 миллиард теңге инвестиция тартылып, 84 жоба жүзеге асырылды, соның арқасында 5000 жұмыс орны ашылды. Тек былтыр ғана 107,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Екінші бесжылдықта Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген 333,4 миллиард теңге инвестициялық қаржы салынған 19 жоба жүзеге асырылуға тиіс еді. Содан құны 8,9 миллиард теңге болатын 7 нысан пайдалануға беріліп, 223 адам жұмыс орнын тапты. Осы жылы тағы да 16 миллиард теңге жұмсалатын 3 кәсіпорын іске қосылмақ, онда 306 жұмыс орны ұсынылады.
Облыс өңірінде өсімдік майын сығатын ірі екі май зауыты да «Eurasian Foods Corporation» және «KazirAgro» компаниялары инвестициялайтын 34 миллиард теңгеге салынатын болады.
Өткен жылы қостанайлық диқандар 5,6 миллион тонна астық жинады, гектар айналымы 13,3 центнерден келді. 215 мың тонна майлы дақыл жиналды. Қоймаға 186 мың тонна картоп, 71 мың тонна көкөніс салынды. Мал азығы да жеткілікті дайындалды.
Өткен жылы 22 миллиард теңгеге 1145 бірлік ауылшаруашылық техникалары алынды. Облыстан 1,4 миллион тонна астық, 860 мың тонна ұн экспортталды. Бұл алдыңғы жылға қарағанда 1,5 есе көп. Республикадан сыртқа шығарылған астықтың 25, ұнның 30 пайызы Қостанай жерінде өндірілген.
Мал шаруашылығында сүт пен жұмыртқа өндіру көлемі артты. Соның арқасында ет 2 мың тонна, сүт 3,5 мың тонна, жұмыртқа 15 млн дана көп өндірілген. Облыста «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламаларының барлығы да асыра орындалған.
Жолдың экономика үшін де, әлеуметтік сала үшін де пайдасы айтпаса да түсінікті. Есепті жылы бұл мақсатқа бюджеттен 16 миллиард теңге қаржы бөлінді. Екатеринбург –Алматы республикалық жолындағы Тобыл өзенінің үстінен өтетін көпірге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Былтыр негізінен аудандық маңызы бар жолдарға көңіл бөлінді.
Денсаулық сақтау саласында жыл бойында атқарылған игі істерге өлім-жітімнің азайғаны кепіл бола алады. Нәрестелер өлімі 15,9, туберкулезден болатын өлім-жітім 9,4, қан айналымынан қайтыс болғандар саны 2,7 пайызға төмендеген. Нәтижесінде өңірдегі жас ұзақтығы 70,7 жасты құрады.
Архимед Бегежанұлы білім, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қорғау, мәдениет, тағы басқа салалардағы жыл бойы атқарылған жақсы істер туралы айтып өтті.
Облыста биыл атқарылар, басталар жобалар біткен істен де ауқымды. Қостанай қаласында индустриялық аймақтың іргесі қаланып, оның инфрақұрылымы жасалуда. Онда бірнеше зауыт салынады. Соның бірегейі автокомпоненттер шығару зауыты болмақ. Сонымен қатар, бірсыпыра инвестициялық басқа да жобалар жүзеге асатын болады. Мысалы, жылына 300 мың тонна сафлор майын өндіретін зауыт та осы индустриялық аймақтан орын тебеді. Жоба күнбағыс, басқа да майлы дақылдарды қабылдап, сақтайтын үш элеваторды қамтитын болады. Сонымен қатар, биыл облыс орталығында агроөнеркәсіптік парктің құрылысы басталмақ. Онда нысанның өндірістік қуатына сай жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Облыстың мәдени-рухани өмірінде де серпілістер күтіп тұр. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің кесенесі қайтадан салынады, Шақшақ Жәнібекке зәулім ескерткіш орнатылады. Қыркүйек айында кесенесі дайын болып, Кейкі батырдың бас сүйегі туған жер қойнына тапсырылады.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов залдан қойылған сұрақтардың барлығына жауап берді, жұртшылық өкілдері көтерген әлеуметтік мәселелерді алдағы уақытта назарда ұстап, шешімін табуы үшін жұмыс жүргізілетінін айтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы