Алматыда Ұлттық кітапхананың Н.Дәуленов атындағы залында Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Рухани шараға еліміздің мәдениет және өнер қайраткерлері, театр әртістері, өнер иесінің сахналас ізбасарлары мен шәкірттері және Ұлттық кітапхананың қызметкерлері қатысты.
Театр сахнасының падишасына айналған қазақ өнерінің Хадишасын шәкірттері мен замандастары тебірене еске алды. Оның рухани биіктігі, өмір тарихы, сахнадағы қайталанбас образдары, сыртқы бейнесі мен ішкі дүниесінің сұлулығы, биік мәдениеті, ұзтаздық қайраткерлігі бәрі-бәрі көз алдымыздан өткендей болды. Қазақ театр өнерінің жарық жұлдызына айналған тарихи тұлғаның өмір өткелдері, асқан асулары мен аттаған белестері, жүріп өткен жолдары өнерпаздың көзін көрген шәкірттері мен ізбасарлары тарапынан терең мазмұнда айтылды. Хадиша апамыздың тәлімін көрген Т. Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры, театр өнері факультетінің деканы Аман Құлбаев:
«Хадиша апамызбен көп жылдар қызметтес болдық. Театр өнеріндегі пластикалық өнердің қыр-сырына қанықтырып, әркез аналық, ұстаздық мейіріміне бөлеп жүретін. Ол кісілердің ықпалын, өнерге деген тазалығын, өмірге деген іңкәрлігін көрдік. Сұлу өнерге деген құлшынысты әрі қарай қанаттандыруда жастарды тәрбиелеудегі қажырлы еңбегін аямаған парасатты да ибалы тұлғалардың бірі еді. Ленинградтағы Черкасов атындағы институтта тәлім алған ол кісі талай-талай театр және кино өнерінің майталмандарын тәрбиелеп шығарды. Кейін мен де сол институтқа аспирантураға оқуға барғанымда оқу театрының үлкен залында «біздің жұлдыздар» деп аталған маңдайшадан Хадиша Бөкееваның да суретін көрдім. В.Меркурьев, К.Лавров сияқты әлемге әйгілі сахнаның саңлақ дүлдүлдерімен қатар тұрған Хадиша апамыздың бейнесін көргенімде маған қанат біткендей болды. Мақтаныш сезімін ұялатқаны соншалық, қазақ екеніме қуандым», деп ақтарыла еске алды.
– Хадиша апамның биязылығы, мірдің оғындай салмақты сөздері, театр сахнасындағы шеберлігі, мейірбандығы мен адалдығы жадымызда жаңғырып тұр. Ол кісімен талай сахналық қойылымдарда бірге өнер көрсеттім. Әр сомдаған кейіпкерінің тарихын терең зерттеп, жүріс-тұрысы мен ішкі жан дүниесінің бұлқынысына дейін ой елегінен өткізіп, сол адамның образына еніп кететін. Артынан ерген ізбасарларына бағыт-бағдар көрсетіп, өнер мен сахнаның құдіреттілігін ұғындырудан жалықпайтын жан еді. Өмірлік серігі Байғали Досымжанов екеуі де соңғы демі қалғанша қазақ өнеріне қызмет қылды» – деп еске алды Халық әртісі Нүкетай Мышбаева.
Бүгінгі таңда қазақ театр өнерінің танымал тұлғаларына айналған бір топ шәкірттері – Салиқа Қожақова, Баян Имашева, Рахила Әбдірахманова, Болат Әбділмановтар өнер иесінің сахнадан тыс өмірдегі адами қалыбы мен ізгі қасиеттері жайлы айтып ұстаздарын тебірене еске алды. Кеш барысында дәстүрлі әнші Жасұлан Мұсағали қазақтың қара домбырасымен әуелетіп ән шырқап, жиналғандарды бір желпінтіп тастады.
Хадиша Бөкееваның өнердегі тынысын ашып екінші үйіне айналған Мұхтар Әуезов атындағы драма театрдың басшысы, Хадиша апамыздың кенже шәкірттерінің бірі Ерлан Біләл, биылғы театр көктемі фестивалі қазақ өнерінің айтулы тұлғасы Хадиша Бөкееваға арналатынын айтты.
Театр сахнасында талай-талай сүйекті рөлдерді сомдап, қасиетті өнердің киесін кетірмеген, тұнығын лайламаған Хадиша Бөкееваның дара жолы мен жарқын бейнесі халық жадында сақталып, тарих парағында қаттала бермек.
Арман ОКТЯБРЬ,
журналист
АЛМАТЫ