28 Ақпан, 2017

Еркебұлан – «Зениттің» назарында

220 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ресейде «Спорт-Экспресс» деген танымал спорт басылымы бар. Сол ақпарат құралы жақында жас футболшы Еркебұлан Сейдахметті «Қазақтың Мессиі» деп жазыпты. Еркебұланды ақпан айының басында Ресейдің «Зенит» футбол клубының жасөспірімдер құрамасына шақырған еді. Футболшы питерлік командамен бірге Кипрдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысып жатыр. «Зенит» командасы селек­цио­нерлерінің жас қазақ футболшы­сына көзі түсетіндей жөні бар. Өткен жылы Молдованың Тирасполь қаласында өткен «Шериф кубогында» Қазақстан жасөспірімдер құрамасы (U-17) «Зенитпен» 3:3 есебімен тең ойнаған еді. Сол кезде Сейдахмет екі гол соғып, дубль жасады. Одан кейін Гранаткин мемориалы турнирінде үздік шабуылшы атанды. Осыдан кейін Еркебұланның талантына питерлік команда назар аудар­а бастаған. Оны 19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Александр Кузнецов та айтқан еді. – Оқу-жаттығу жиындары керемет өтіп жатыр. Бұл жерде барлығы көңілімнен шығады. Бапкерлер штабы мен фуболшылар тарапынан қолдау бар. Жаттығу барысында, әсіресе доппен жұмыс істеуге қатты мән береміз. Деңгей жағынан Қазақстан футболынан айырмашылық айтарлықтай байқалады. Бапкерлер мені тек шабуыл­шы ретінде ойнатып жүр. «Зенитте» қалам ба, жоқ па, әзірге белгісіз. Әлі нақты шешім қабылдаған жоқпын, – дейді Сейдахметтің өзі. ФИФА-ның талабы бойынша 18 жасқа толмаған футболшымен халықаралық трансферге тыйым салынған. Еркебұлан 4 ақпан күні 17 жасқа толды. Ал 18 жасқа толу үшін әлі бір жыл керек. ФИФА кәмелеттік жасқа толмаған футбол­шының өзге елдің клубымен келісімшарт жасауына үш жағдайда ғана рұқсат етеді. Біріншісі – ата-анасы жұмыс барысы бойынша немесе басқа да себеппен сол елге қоныс аударса. Бірақ футболға қатысты болмау керек. Екіншісі – Еуропа одағына мүше елдердің бір экономикалық айма­ғына кірген жағдайда. Сондай-ақ, үшін­шіден, ата-анасы тұратын мекен клуб орналасқан қаладан 100 шақырым қа­шықтықтан алыс болмағанда ғана рұқсат беріледі. «Спорт-Экспрестің» мәліметі бойынша, питерлік команданың Еркебұланның ойынына көңілі толады екен. Жақында «Зенит» жастары Кипрде «Локомотив» (Мәскеу) клубының жасөспірімдер құрамасымен кездесіп, жеңіске жетті. Осы ойындағы жалғыз голдың соғылуына Сейдахметтің қосқан үлесі зор. Себебі «Ло­комотив» қорғаушылары өз айып алаңында қазақстандық шабуылшыға қарсы тәртіп бұзып, төреші пенальти белгіледі. Оны К.Капленко мүлтіксіз орындады. Сөйтіп, Игорь Симутенков жат­тықтыратын «Зенит» жет­кіншіктері жеңіске жетті. «Зениттің» жас футболшыға көңілі толады. Бірақ халықаралық талапқа сәйкес, келісімшартқа отыра алмайды. Сондықтан енді ол үйіне қайтатын шығар. Оқиға осылай өрбіген жағдайда жас футболшы «Тараз» сапында премьер-лигада өнер көрсетуі тиіс. Ал «Зенит» оны жіті бақылап отырады. Келісімшарт мәселесі бір жылдан кейін қайта қозғалуы мүмкін. Сондай-ақ, Сейдахметтің 21 жасқа дейін Қазақстан құрамасына шақырту алуы да ғажап емес», деп жазады ресейлік басылым. Еркебұлан Сейдахмет 2000 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Сегіз жасынан «Монтажник» деп аталатын әуесқой командада футболдың қыр-сырына қаныға бастаған. Жоғарыда айтқанымыздай, «Спорт-Экспресс» сынды беделді басылым жас футболшыға «Қазақ­тың Мессиі» деген баға берді. Мессиге ұқсатқаннан гөрі қа­зақтың Еркебұланы деген әл­деқайда жарасымды емес пе?! Ендеше, оған болашақта аяқдоптың қыр-сырын меңгерген шебер футболшы болуға біз де тілек қосамыз. Бек ТӨЛЕУОВ, журналист АСТАНА