28 Ақпан, 2017

Әлемді мейірімге толтыру – адамзаттың өз қолында

701 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығында «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаева «Өзін-өзі тану» адамның үйлесімді дамуы гуманитарлық колледжінің бітіруші түлектерімен кездесті. Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілігі мол азамат ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңіріп келе жатқан «Бөбек» қорының төрайымымен өткен кездесу тағылымды, тәрбиелік маңызы зор, игілікті шара болды. Кездесу Сара Алпыс­қызы­ның сүйіспен­шілік сабағынан басталды. Жиналған көп­шілік өзінің айналасындағы жақын­дарына, шәкірттеріне, балалары мен ағайын-туысына қалай мейірімді, шапағатты болудың үлгісін көрсететіні анық. Өйткені, бұл басқосуда сондай үйлесім салтанат құрды. Тәрбиенің бастау­ы адамның бір-біріне деген мейірімділік пен сүйіспеншілік қарым-қатынасынан тұрады. Колледж түлектері өздерінің жадында мәңгіге сақталатын мұндай мағыналы кездесулердің өз тәжі­рибелеріне қажеттігін, болашақта осы тағылымдарды пайдаланатындарын жеткізді. – «Өзін-өзі тану» атты рухани-адамгер­шілік білім беру идеясы қоғамның дамуына ең қажетті бағдарлама десек артық емес, – деді кездесуде Сара Алпысқызы. – Әлемді мейірімге толтыру – адам­заттың өз қолында. Ол үшін бір-бірімізге мейірімді болып, жан жылуымызды аямауымыз керек. Жүректен шыққан жылы сөз жүрекке жететіні сөзсіз. Ертеректе әжелеріміз: «Өмір­ге адам болып келген соң, адам болып қалуымыз керек», – деп жиі айтып отыратын. Сол дала академиктері салып кеткен сара жолды қарап оты­рып, өзара түсіністік, адами қасиет, сүйіспеншілік, мейірім мен қайырым адам бойындағы ең асыл қасиеттер екендігіне, сол қасиеттерді адам өзінен іздеуінен бастау алатынына көз жеткізесің. Ал бәрінің бастауы – махаббат, адамзатқа деген сүйіспеншілік. Өзін-өзі тану пәнінің мақсаты да сол. Сондай-ақ, колледж түлек­тері өздерінің еңбек жолында жалпы­адамзаттық құнды­лықтар мен рухани адамгершілік қасиет үнде­с­тік тапқан осы ортадан алған білімнің үлкен өмірлік азық болға­нын тебірене баяндады. Қа­зіргі заман талабы ізгілікті ұрпақ тәрбиелеу болса, жас буынның тәуелсіз, еркін ойлы азамат болып өсуіне өзін-өзі тану пәнінің берері мол. Аталмыш колледжде білім нәрімен сусындаған түлектер Жан­на Жүкешбаева, Айдана Советбаева, Мақпал Юсупова, Олжас Оспанов, Аида Манап, Сәулетхан Жұмабек, Дәулет Тілеген, Анар Серікова бүгін­де жас та болса өз сала­сының үздік мамандары атанып, рес­пуб­ликалық, облыстық дәрежедегі әртүрлі шараларға белсене атсалысуда, түрлі деңгейдегі марапаттардан да құралақан емес. Колледж түлегі, Ы.Алтын­сарин атындағы №159 мектеп-гимназияның «Өзін-өзі тану» пәнінің оқытушысы Майра Төле­ген «Өзін-өзі тану» пәні талай шәкірттің жүрегіне нұр сыйлап, мейірім шапағатына, сүйіспеншілікке бөлегенін айтты. «Аталмыш пәнді оқыту барысында оқушылардың өзіне деген сенімінің қалай пайда болатынына куә болдым. Жеке тұлға ретінде қалыптасқысы келетін кез келген жасөспірім еркіндікті, тәуелсіздікті сүйеді. Олармен тең дәрежеде сөйлесе отырып, осы сабақ­тың арқасында шәкірттер ар­мандарының сон­­шалықты ас­қақ екеніне көзім жетті. Біз осы асқақ армандарға өзіміздің дұ­рыс бағытымыз ар­қылы қанат бі­тіруге тиіспіз», – деді Майра Төлеген. Бүгінге дейін колледжден талай түлектер қанат қағып, болашаққа аттанды. Олар енді өз шәкірттерін тәрбиелеп, туған халқы үшін еңбек етуде, сонымен қатар, түрлі додаларда өз білім­дері мен мүмкіндіктерін сынауда. Олардың арасында үздік шығып, бәйге алып жатқандары да аз емес. Мәселен, Алматы қаласы №3 ЖББМ бастауыш сынып мұғалімі Мақпал Юсупова «Жылдың үздік мұғалімі - 2016» атанса, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ынтымақ ауылындағы Ынтымақ орта мектебінде еңбек етіп жатқан Рысбике Адай аудан­дық «Үздік жас маман» бай­қауында жүлдегер атанған. Ал Жамбыл облысы, Шу ауданы, Далақайнар ауылындағы Т.Әшім­баев атындағы орта мек­теп­тің мұғалімі Әбутәлі Мағ­жан «Өзін-өзі тану» пәнінен мұға­лім­­дер арасында өткен аудандық олим­­пиадада І орынды жеңіп алды. Бір айта кетерлігі, кездесу барысында ерекше бастама көтеріліп, Түлектер қауым­дастығы құрылды. Бұл құрылған қауым­дастық алдағы уақытта көптеген игілікті істердің атқа­рылуына ұйытқы болмақ. Мемлекеттің түпқазығы – жас­тар болған­дықтан олардан аға буынның күтер үміті зор екендігіне, жақсы шәкірт тәрбиелеу – ұстаз міндеті екен­дігіне екпін түсіре, сөзін қорыт­қан Сара Алпысқызы кездесу қонақтарының еңбектеріне жеміс тіледі. Тағылымды кеш әдемі ән, айшықты биге ұласып, жинал­ғандарға ұмытылмастай әсер қалдырды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Алматы