01 Наурыз, 2017

Облыс әкімі – «Жыл еріктісі»

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Жыл еріктісі» атанды. Арнайы дипломды атыраулық мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары аймақ басшысының есебі кезінде табыстады. Ерлан Күмісқалиевтің «Аты­рау. Шағын ел» қоғамдық бірлес­тігі аутизмге, психикалық дамуы кешеуілдеген және церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды иттердің көмегімен емдеуді мақсат етеді. «Дамуы кешеуілдеген, туа бітті ауруға шалдыққан балалардың ерекше әлемдері бар. Олар тек иттерге ғана ашылады. Бұл жерде ит бала мен оны қоршаған айналасының арасын жалғаушы дәнекер іспет­ті. Канистерапия тәсілі, яғни арнайы дайындалған иттер арқылы балаларға сауықтыру жұмыстарын жүргіземіз. Қазір Америкадағы адам әлеуетін арт­тыру институтының әдісін қол­данамыз. Бізге келетін бала­лардың сексен пайыздан астамы өздерінің аяқ-қолдары бар екенін сезінбейді. Әрине, оларды емдеп жазу ұзақ уақытты талап етеді. Бірақ, отырмаған баланың отырып, сөйлей алмайтын бала «папа, мама» деп, жүре алмай келген сәби аяғын басқанын көріп, қуанамыз, жігерленеміз», дейді Ерлан Күмісқалиев. Қоғамдық бірлестіктің жұмы­сы төрт жыл бұрын бастал­ған. Мемлекеттен көмек сұрап та, алып та көрмеген ол еріктілер мен қайырымдылық жәрмеңкелерінен түскен қаражатқа ғимарат жалдап келген еді. Жақында облыстық әкімдік бас және жұлын миының жарақатына шалдыққан балаларды бейімдеу, емдеу орталығын салу үшін 5 га жер телімін бөлді. Бұл орталық еліміз бойынша бірінші рет Атырауда салынады. Қазір қоғамдық бірлестік құрамында 250 адам бар. Олар балаларының болашағына немқұрайлы қарамай, қолдаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевты өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жыл еріктісі» деп атауды бірауыздан ұйғарыпты. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ