01 Наурыз, 2017

Достықтың, ынтымақтың ғажап елі, барша жұрт риза саған, қазақ елі!

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Қазаққа рахмет айту – қасиетті парызымыз» Алғыс айту күніне орай Президент Ар­хивінде белгілі қоғам қайраткерлерінің, эт­ностық бірлестіктер жетекшілері мен елі­міздегі шет ел консулдықтары өкілдерінің, ар­хив қызметкерлерінің, студенттердің қа­тысуымен «Бірлік – біздің қасиетті туымыз» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Пре­зи­дент Архивінің директоры, профессор Борис Жапаров салтанатқа қатысқан қонақтарды Алғыс айту күнімен құттықтап, қасіретті тағдыр толқынымен Қазақстанға қоныс аударған миллиондаған эт­нос өкілдерінің қазақ жеріне келу тарихын қайыра бір тарқатты. «Патшалық Ресей мен Ке­ңес Одағының қол астында болған қазақ даласы саяси жер аударудың мекеніне айналды, халықтарды жаппай күштеп көшірудің сталиндік заманында бұрын-соңды болмаған қасіретті шегіне жетті. Өз еріктерінен тыс және оның үстіне қазақ халқының пікірін ескерместен, республикаға корейлер, Поволжье немістері, чешендер, ингуштар, месхеттік тү­ріктер, өзге де ұлт өкілдері қоныс аударды. Ке­ңестік бесжылдықтар кезінде қолға алынған «ұлы екпінді құрылыстар» мен тың және ты­ңай­ған жерлерді игеру кезеңінде Қазақстан орасан зор көші-қон тасқынының астында қалды», деді ар­хив директоры Борис Жапаров. Президент Архиві құжаттарының мә­лі­ме­т­теріне сүйенсек, ХХ ғасырдың басын­да­ғы столыпиндік реформа кезінде шаруаларды көшіру барысында Қазақстанға Ресей, Украина, Белоруссиядан 1 млн 150 мың адам ке­л­ген. Жиырма жылдан соң, 30-жылдардағы ұжымдастыру кезінде Кеңес Одағының орталық өңірлерінен Қазақстанға кулак ретінде жер аударылған 250 мың шаруа жіберілген. Бұдан бөлек, осы уақытта өндірістік құрылыс жұмысы үшін 1 млн 200 адам тағы келген. Дөңгелек үстелде бас қосқан Қазақстан по­ляктар одағының төрағасы, поляк мәдени орталығының жетекшісі Олег Червинский, фашистік концлагерьлердің тұтқыны болған, фашизм тұтқынында болғандардың қазақстандық қауымдастығының өкілі Владимир Денисюк, Украина мәдени орталығының төрайымы Тамара Агапова, «Мемлекеттік тілге құрмет» қоғамдық ұйымының төрайымы Асылы Османова, Ассамблея мүшесі Қазақпай Қасимов сөз сөйлеп, жоғын айтып жасымаған, дарқан пейілмен барша ұлттың баласын бөтенсімей, бауырына басқан қазақ халқына рахмет айтты. «Қазақтай ұлы халықтың тарихына тағзым етіп, тағдырына салауат айту, жақсылығына тілектес болу – әрқайсымыздың бүгінгі азаматтық борышымыз, қасиетті парызымыз», деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, академик Қ.Қасимов. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ