01 Наурыз, 2017

Олар өткенін ұмытпайды

268 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Биыл чешен және ингуш халықтарының Орталық Азия мен Қазақстанға жер аударылғанына 73 жыл толады. Осыған орай, елордада «Өткеніңді ұмытпа» атты өнегелі шара өтті. Қалалық мәдениет, мұрағаттар және құжат­та­ма басқармасы мұрындық болған кездесуге Ин­гушетия Республикасының Сыртқы байланыстар, ұлттық саясат, баспасөз және ақпарат министрінің орынбасары Л.Я.Арапханова, ел­орда­дағы «Вайнах» чешен-ингуш бірлестігінің ақ­сақалдары, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ғалымдары қатысты. Жиында Қазақстанда тамыр жайған чешен, ин­гуш этностарының өкілдері қиын кездерде өз­д­ерін сыртқы теппей, бауырына тартқан қазақ ха­л­қына алғыстары шексіз екенін жеткізді. – Өткен ғасырдың қиын да тауқыметті жылда­рында бізге көмек қолын созып, достық ниетін біл­дірген қазақ халқына, құшағына алған Ұлы да­ла­ға алғысымыз шексіз. Бізді қазақ халқы өлімнен аман алып қалды. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз, бо­лашақ ұрпаққа осы пейілді сақтап қалуды аманат етеміз, – деді «Вайнах» бірлестігінің төрағасы Салман Героев. Кездесу аясында чешен және ингуш ха­лық­тарының трагедиялы тағдырынан сыр шер­те­тін көрме ұйымдастырылды. Онда Астана қа­ласы мемлекеттік мұрағатының, Қарағанды об­лыстық мемлекеттік мұрағаттар қорының құн­д­ы құжаттары мен фотожәдігерлері қойылды. Со­лардың ішінде КСРО Ішкі істер халық комиссары Л.Берияның Солтүстік Кавказ тұрғындарын Қазақ және Қырғыз КСР-леріне тұрақты тұру үшін жер аудару туралы хабарламасы, баянжазба­лар, анықтамалар, мәлімдемелер бар. Ақмола мен Қарағанды облыстарындағы чешен-ингуш от­ба­сы­ларының саны, оларға көрсетілген қар­жы­лай кө­мек, жұмысқа орналастыру сынды дерек­терге де қанығуға болады. Сондай-ақ, кездесуде жиылғандар назарына Орталық Азия мен Қазақстанға жер аударылған ха­лық­тар туралы деректі фильм ұсынылды. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»