01 Наурыз, 2017

Ұлы Жамбылдың ән-күй кеші

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында  ғасыр жасаған жыр алыбының туған күніне арналған үлкен мерекелік концерт болды. Мұндай ән-жыр шашуы жыл сайын, Алматыда, Ұлы тұлғаның тұған күні құрметіне өтіп тұратын дәстүр бар.  Биылғы  концертке де әдеттегідей халық өте көп жиналды. Әдеттегідей ақындар мен батырлар елінен – Ұзынағыштан келген бір топ мәртебелі меймандарға алдыңғы қатардан орын берілді. Барша жыр сүйер қауым – мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар мен танымал мәдениет және өнер майталмандары қазақтың төл құжатындай болған жыр алыбына көрсетілген құрметті шынайы көңіл-күймен бөлісті. Шымылдық түрілісімен көрерменді бірден өзіне тартқан сахналық ерекше қойылым жұрттың есінде ұзаққа сақталары анық. Жыр алыбын ортаға алып  жайдары әңгіме бастаған бұл екі тұлғаның бейнесін жазбай таныған жұрт зәулім ғимараттың күмбезін кернеп дүрілдете қол соқты. Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының шығармасынан құрылған сахналық мөлтек сырдың кейіпкері ақкимешек киген ай маңдаңдайлы айсұлу – бармағы майысып күй тартқан қазақтың дәулескер күйші қызы Дина Нүрпейсова болса, қаһарлы дауысты қаһарман командир –  Мәскеу түбіндегі шайқастан азкем дамылдаған сәтінде Туған елге бет бұрған, ұлы абыздың батасын алуға асығып келген батыр Бауыржан Момышұлы еді... Қоңыр дауысты Халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов сахнаға шыққанда көрермен жұрт тіпті орынан көтеріліп кетті. Жұрт сүйіктісіне айналған әншінің төгілте салған Ұлы ақынның «Жанай құрбым» әніне жиналған қауымның ықыласты екені ерекше байқалды. Жалпы бүгінгі кештің «Жамбылдың ән-күйлері» аталуының да мәні осында жатса керек. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Жамбылдың күйі «Нәрікбайдың зарын», Мемлекетік хор капелласы «Угәй-айды» орындады. Тума таланттар Шолпан Даржанова мен Тейіп Бейсембеков, Ермек Шаштаев пен Дания Рахымбай және Алма Аманжолава Жамбыл әндерін шырқата салды. Алатаудай алыптың есімін ұлықтап, абыройын асқақтатқан бүгінгі ұрпағы Жамбыл тойының көрігін осылайша қыздырды. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ