Міне, Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астанамызда ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жалауы желбірейтін салтанатты сәтке 100 күн қалды. Елбасы атап көрсеткендей, «Өзінің ауқымы жөнінен ол Дүниежүзілік экономикалық форум, ал туристерді тарту жағынан Олимпия ойындары немесе футболдан өтетін әлем чемпионатымен бара-бар» бұл жаһандық шара Орталық Азияда, тіпті ТМД мемлекеттерінің ішінде тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстанда өткелі отыр. Иә, енді тура 100 күннен кейін самалды Сарыарқа төсінде беделді жаһандық ұйым – Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің және көрмеге қатысушы әлемнің 115 мемлекетінің түрлі-түсті тулары желбірейтін болады.
Жаһандық шараның мәре сызығына жақындаған сайын осы бес жылға таяу уақыт өрмегінде егемен еліміз атқарған ерен істердің ауқымы айшықтанады. 2012 жылы 22 қарашада Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясында құпия дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның елордасы – Астана Бельгияның Льеж қаласын артқа тастап, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін өткізу мәртебесін жеңіп алды.
Сол күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық телеарналар арқылы қазақстандықтарға үндеу жолдап, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ел тарихындағы елеулі оқиға екенін ерекше атап өтті. «Бұл бәсекеде Астананың жеңісі кездейсоқ болған жоқ. Біріншіден, онымен біздің Астанамыз дүниежүзілік мәні бар шараны қабылдай алатын қала ретінде мойындалды. Екіншіден, бұл – Қазақстанның қарышты дамуына берілген баға. Бұл шешім Қазақстанның Еуразия аймағындағы айрықша орнын айқындап отыр. Үшіншіден, біздің пайдамызға шығарылған шешімге «Болашақтың энергиясы» деген тақырыптың өзектілігі де әсер етті. Ал, ең бастысы, бұл – барлық Қазақстан халқының жеңісі, ерен еңбегінің жемісі», деді Мемлекет басшысы.
Бұл жаһандық шараны өткізуге дайындықтың маңыздылығы сондай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ЭКСПО-2017-ні ұйымдастыру және өткізудің ұлттық жоспары жасалды. Бұл ұлттық жоба әлемдік экономикалық дағдарыс белең алған күрделі кезеңде жүзеге асырылды. Елбасының бастамасымен бұл жоба шын мәніндегі дағдарысқа қарсы бағдарламаға айналды. Көрмеге дайындыққа және оның құрылысын жүргізуге еліміздің барлық өңірлерінен 300-ден астам отандық кәсіпорын жұмылдырылды. ЭКСПО-2017 ұлттық жобасының аясында 50 мың жұмыс орнын ашуға және сақтауға мүмкіндік жасалды. ЭКСПО құрылыс нысандарын салу кезінде отандық компаниялар жалпы сомасы 500 миллиард теңгеге жуық жұмыс және қызмет көрсету көлемін атқарған екен. Алғашқы лекте тапсырылған маңызды құрылыс нысандары қатарында халықаралық павильондар, 1347 пәтерден пәтерден тұратын ЭКСПО-қалашығы, ЭКСПО-офис, ішкі істер бөлімінің ғимараты, энергия зерттеу орталығы және басқаларын атап өтуге болады. Осы құрылыс нысандарының өзінің жалпы аумағы 482 мың шаршы метрді алып жатыр.
«Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің басты ұраны – «Болашақтың энергиясы» екендігі белгілі. Жұмыр Жерді мекендейтін 7 миллиардтан астам адамзат планетамызда жаһандық жылыну үрдісі, энергетикалық тапшылық күннен-күнге ушығып бара жатқандығын ашық мойындап, ұрпақ болашағы жаңғырмалы қуат көздеріне тікелей байланысты болатындығын күн тәртібін қойып отыр. Ендеше, елордадағы ЭКСПО көрмесінің павильондарында адамзат ертеңінің негізін айқындайтын қуат көздерінің болашағы шешілмек. Бүгінде жаңғырмалы қуат көздерін өндіріске енгізу саласында Еуропалық одақ елдері көш бастап келеді. Жаңғырмалы энергетика саласын дамытуда, әсіресе, скандинавиялық елдер – Швеция, Дания, Норвегия орасан зор жетістіктерге жетті. Бұл елдер қазір тұтынатын бүкіл электр энергиясының 60-65 пайызын жаңғырмалы қуат көздерінен алады. 2050 жылдары Швеция, Дания және Норвегия табиғи шикізат тұтыну арқылы алынатын электр энергиясынан толықтай бас тартуды көздер отыр. Астанада өтетін көрме аясында балама қуат көздерін дамытуға жаһандық дәрежеде зор үлес қосып отырған осы мемлекеттердің, сонымен бірге, Германияның, Францияның, Ұлыбританияның, Жапонияның және басқа алдыңғы қатарлы дамыған елдердің жетістіктері мен озық технологиялары паш етілмек. Мәселен, көрме аясында Ұлыбритания әлемге тұрмыстық қалдықтарды тиімді игеру бойынша ең озық технологияларды көрсететін болады. Ал Малайзия биоотын өндірісі саласындағы өздерінің озық жетістіктерін паш етпек.
Жаңғырмалы энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) дерегі бойынша, жаңғырмалы энергетика саласының әлемдік көшбасшылары болып саналатын 20 мемлекет түгелге дерлік ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатын көрінеді. Тағы бір айта кетерлік жайт, ЭКСПО-2017 көрмесіне Ватикан мемлекеті қатысады. Бүгінде бұл мемлекет әлемдегі ең «жасыл» мемлекет болып саналады. Ол өзінің энергияға деген сұранысының 100 пайызын жаңғырмалы қуат көздері арқылы қанағаттандырады. Сонымен бірге, елордамыздағы көрмеге қатысатын ірі халықаралық компаниялар да өздерінің озық технологияларын паш етпек. Мәселен, Vestos компаниясы жел энергетикалық қондырғыларының инновациялық жаңа үлгісін, Toyota – сутегімен жұмыс істейтін автомобильдерін, Tesla – электромобильдердің жаңа модельдерін көрсететін болады.
ЭКСПО-2017 көрмесінің жалауы желбірейтін 93 күн ішінде елордамыз айтулы жаһандық басқосулар мен ірі мәдени-көпшілік шаралар өтетін орталыққа айналады. Көрме өтетін кезеңде елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті, Халықаралық әйелдер форумы, энергетика және туризм мәселелері бойынша түрлі министрлер деңгейіндегі кездесулер, көрме аяқталуға жақындаған тұста Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология жөніндегі саммиті өткізіледі. Жалпы, көрме өтетін үш ай мерзімде Астанада мәдениет, экономика және спорт тақырыптарында әртүрлі дәрежедегі 7 мыңнан астам шара өткізу жоспарлануда.
Көрме шаралары аясында елордаға келетін қонақтарға жоғары дәрежеде қалтқысыз қызмет көрсету мәселелері де жан-жақты ойластырылуда. Бұл кезде Астана халықаралық әуежайындағы жаңа терминалдың құрылысы аяқталып, әуежайдың жолаушыларды өткізу мүмкіндігі 7,6 миллион адамға артады. Сонымен бірге, жылына 9 миллион жолаушыға жоғары сапалы қызмет көрсететін жаңа темір жол вокзалы да ел игілігіне беріледі. Бүгінде елордада 169 қонақ үй мен 36 хостел жұмыс істейді. Көрме ашылар қарсаңда тағы да жаңадан 16 қонақ үй кешені ашылмақ. Жалпы, қаламызда кемінде 35 мың орын дайындалады. Жаһандық көрме жалауы желбіреген күндері елордада Астана күні мерекесі де тойланады. Яғни тәуелсіз Қазақстанның жас елордасы – Астананың тойы да жаһандық сипат алады. Соңғы дерек бойынша, 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін көрмеге әлемнің 115 мемелкеті мен 18 халықаралық ұйымы қатысады. ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстанның халықаралық сахнадағы биік беделін одан әрі паш етеді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»