02 Наурыз, 2017

Оңтүстікте қарғын суды пайдаланудың жобасы жасалып жатыр

326 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев көк­темгі су тасқынының алдын алу, жағ­дай­ды таразылау мақсатында ұлы да­рия­ның бо­йында отырған аудандарды ара­лады. Сырдарияның етегінде отырған Мақта­арал ауданына жылдағыдай оңай тиіп жатқан жоқ. Атакентте көктем ай­ла­­рының өзінде ыза су жерге сіңе алмай, ауыл-ауыл­дағы егіс жерді қойып, бей­іттерді шай­ып кеткен уақыттар болған. Биыл да біраз үйдің ауласына қарғын су кі­ріп кеткен. Оның үлкен себебі, ауылға жақын орна­лас­­қан мақталы алқаптарда көк­темгі мақ­та ши­­­­тін отырғызу алдын­да сор шаю жүр­гі­з­і­­леді. Алқапқа жіберілген қы­зыл су жер­де­гі тұздарды ерітіп, төменге кетуі керек. То­лас­сыз жауған жаңбыр, ері­ген қар іші­не саз бал­шық толып, қамыс өсіп кеткен ие­сіз каналдарды толтырып, сыртқа шы­ғып кеткен. Облыс әкіміне аудандағы осындай жағдайларды баяндаған Мақтаарал ау­да­­ны­ның әкімі Ғ. Исмайлов тасқын су ба­с­у­ы­на тұрғындардың да кінәсі барын ай­­тып қал­ды. «Шығасыға иесі басшы» де­ген бар. Құ­рылыс жүргізген кейбір «пы­сықайлар» кан­алдағы қорғаныс бө­гет­теріне үйілген то­пырақты тасып кет­к­ен. Мақтааралда оң­тайсыз жеке­ше­лен­­діру кезінде каналдар­ды өзіне қара­тып алған кәсіпкерлер бар, кейбірі иесіз қал­ған. Облыс басшысы қауіпсіздік шараларын сақтамаған жекеменшік канал иелеріне жұмысын жүйелендіру үшін ескерту жасады. Ал иесіз қалған каналдарды «Қазсушар» мекемесіне өткізуді бұйырды. Сонда үлкен шаруашылықтың көмегімен каналдарды тазалауға және дренаж жүйесін қалыпқа келтіруге болады. Аймақ басшысы мінген тікұшақ Шардара су қоймасын және Көк­сарай су реттегішін әуеден шолып шықты. Содан соң Түркістан, Арыс, Шардара және Отырар аудандарының әкімдері мен сала басшыларының басын қосып, көшпелі жиын өткізді. Облыста Арыс, Келес және Бадам секілді ірі өзендердің қатарында таудан бастау алып ағып жатқан жүзден астам өзен бар. Олардың барлығы ауыл-ауылдарды аралап, шаруашылық жұ­мыс­тарына пайдаланылып барып, Сыр­дария өзеніне құйылады. Оңтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар де­пар­таментінің басшысы Н.Дербісов осы жағ­дай­ларды баяндай келе, тағы да адам­дар та­ра­пынан орын алып отырған келең­сіз­дік­тер жайында айтты. «Осы өзендерде тасқынның пайда болуына құм, тас алу бойынша карьер жұ­мыстары кесірін тигізуде. Өзендердің кез келген жерінен шынжыр табан тех­ни­­калардың күндіз-түні шағал тастарды артуынан қазіргі таңда облыстағы бар­лық өзеннің арналары өзгеріп, ұлтаны бір­неше метрге отырған. Жағалаулары ке­мерлене шайы­лып, құзданып кеткен. Сал­дарынан жыл сайын өзен бойындағы елді мекендерге, автожол мен көпірлерге, жоғары қуатты электр жүйелеріне, егіс­тік жерлерге, ма­за­рат­тарға және басқа да ша­руашылық ны­сан­дарға қаупін ти­гі­зу­де», – деді ол. Көктемгі қарғын су қаупінен қорғану жайын Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Премьер-Министр Б.Сағынтаев қадап айтып, облыс және сала басшыларына бейқам отырмай, қауіпсіздік шараларын нығайтуды тапсырған. Яғни, арты ауыр зардаптарға ұрынбас үшін бөгет, тоғандарды бақылауға алып, ішкі резервтен қаржы бөліп, қауіпті тұстарын бекемдеу қажеттігін айтқан. Сонау бір жылдары жер тоңы жібімей жатып күн күрт жылығандықтан, қар тез еріп, мүлде су тасқыны болады деп кү­тіл­меген Қызыл әскер ауылын топан су басып қалған. Үш ауданда канал­дар арнасынан шығып, екі мыңға тар­та үй суға қарап болған еді. Осы жа­ғын баса айтып, қауіпсіздік шарала­рын күшейтуді тапсырған облыс әкі­мі қазіргідей мол суды шаруашылық қа­же­тіне пайдаланудың жоспарымен бө­лісті. Ендігі жерде Оңтүстік Қазақстан об­лы­сындағы өзендердегі қыстың күні жи­налған су бос жатқан сайлар мен бө­гет­терде және ойпаттарға толтырылып, көк­темде егістікке пайдаланылмақ. Қазір Оңтүстікте күн жылы, қауіп жоқ деп арқаны кеңге салып отыра беру­ге бол­­­майды. Аймақтағы ең ірі су қоймасы – Шар­­дараға 5 млрд 200 млн шаршы мет­р­­­дей су сыяды. Қырғыз Алатауынан жи­­­­­налатын мол су қыс бойы Тоқтағұл ГЭС-­­іне түсіп, электр қуатын алу режі­мі­­­­­не ауыстырылады. Айыр қалпақты аға­­й­­­ы­н­ның күнкөрісін айырып отырған бай­­­­­лықтарының бірі – осы электр қуаты бол­­­ғандықтан олар Қазақстан жағының «су­ың­­­ды әзірге жібермей тұра тұр» деген өті­­нішіне пысқырып та қарамайды. Қайсыбір жылдары Шардара қоймасы ернеуінен шыға меймілдей толып, алып қазандықтың жақтаулары сықырлап кеткен. Арнасай арқылы Өзбекстан жағын зор­­ға мәмілеге келтіріп, олар соққан дам­ба­ларға қарғын су жіберілген еді. Екі жақ­­­қа да «ләппайлап», сұрағанын берген Қазақ­станның Оңтүстіктегі жағдайы мүш­кіл тарта бастаған соң Елбасы Көксарай су рет­­тегішін салуға пәрмен бер­ген болатын. Шар­­дара су қоймасына 5 млрд текше метр су сыйса, Көксарай су рет­тегіші 3 млрд-тың үстінде су жинай ала­ды. Осы су жаз бойы Оңтүстіктің Сыр жа­ғалап отырған а­у­дандарының жерін су­лан­дырып, Арал­ға қо­­сылады. Көксарай су реттегішінің ар­қа­сын­да кіші Арал айды­нына жан бітіп, жа­ға­дан алыстап кеткен теңіз қайтып жатыр. Қыстың соңы, көктемнің басы қарғын сумен арпалысатын Оңтүстік өңіріне су жазда нағыз керек болғанда қасқалдақтың қа­нындай қат дүниеге айналады. Талай мәр­те куә болдық. Талай диқандар көз алдын­да шөл қысып, солып жатқан бау-бақ­шасын көргенде екі қолын төбесіне қой­ып, ауылдан безіп кетті. Мақталықты суа­ру кезегі кезінде суға таласқан диқандар, ке­шегі дос-жар азаматтар, бір-біріне кетпен алып жү­гірді. Яғни, су нағыз керек ке­зінде жетпей қа­лады. Сондықтан, облыс әкімі көктемде сай-сайды қуалап, са­ға іздеп босқан қарғын су­ларды ауыл ша­руа­шылығына жаратудың жол­дарын ойластырған. «Біздің бірінші мақсатымыз – облыстағы су көлемін тиімді пайдаланып, егістік жер­ле­рін ұлғайту және тұрғындарды жұ­мыс орындарымен қамтамасыз ету. Оң­түс­тікте көктемде көп мөлшерде жауатын жаң­быр кезінде тасқыннан қауіптенеді. Осы мə­селе жылда қайталанады. Ал жаз ке­­зін­де егістікке су таппай қиналады. Осы түй­т­кіл­ді шешу үшін Сырдарияның аң­ғ­арынан су тоқтататын бөгеттер салып, көк­темгі тас­қын кезінде артық суды осында бұ­рып, егіс­тік үшін жинау қажет. Осыған бай­ланысты әр­­бір аудан мүмкіндігіне қарай ұсы­ныс әзір­ле­сін», – деді Ж.Түймебаев. Көшпелі жиында жоғарыда аталған 4 ауданның әкімдері суармалы жерлердің кө­лемін ұлғайту бойынша жасалған жо­бала­рын ұсынды. Отырар ауданының әкімі Е.Айтаханов аудандағы көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарымен таныс­тырды. Онда аудан әкімі 368 шақырымдық дренаждық жүйе мен 55 шақырымдық бас коллектордың жөндеу жұмыстары және «Сырдария – Арыс» су арналарын қайта қалпына келтіру құрылыстары биыл атқарылатынын мәлімдеді. Нәтижесінде 7 мың гектар суармалы алқап айналымға қо­сы­лып, 12 мың гектар жердің жер асты суы тө­мендейді. Және де ол жерлер тұздан ары­лып, өнімділігі артады. Сондай-ақ, аудан басшысы осыдан 30-40 жыл бұрын «Қызылқұм массивінің» ІІІ – IV кезеңін игеруге арналған жобаның аяқсыз қалғанын айтып, аталған мәселені қайта көтеруді ұсынды. Аудан әкімінің ай­туынша, Қызылқұм жобасы іске асқан жағ­дайда Отырар ауданында 48 мың гектар суар­малы жер іске қосылып, 4 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылар еді. Суармалы жерлерді көбейтіп, егіс­тік ал­қаптарды ұлғайту бойынша жасал­ған қалған аудандардың жобаларымен та­ныс­қан аймақ бас­шысы Отырар, Шар­дара аудан­дары мен Арыс қаласының әкім­де­рі­не және тиісті бас­қарма басшыларына жа­ңа жерлерді ай­на­лымға қосу мақсатында бір­лесіп бірыңғай бағ­дарлама жасап, қайта ұсынуды тапсырды. Аталған жобалар іске асқан кезде бұл ау­дандарда жалпы 149 мың гектар жаңа жер ай­налымға енетін болады. Бұл – өз кезегінде тұр­ғындар үшін жаңа жұмыс орындары деген сөз. Кездесуде, сонымен қатар, облыс әкімі Оң­түстік Қазақстанда 375 шақырымға созы­лып жатқан Сырдария өзенінің бойына елді мекендер орналастыру жайын сөз етті. «Шардара мен Түркістан аралығындағы құнарлы алқаптың басым бөлігі бос жатыр. Көрші Қызылорда облысының барлық аудандары мен елді мекендері өзен бойында орналасқан. Егер бұл жоба жүзеге асып жат­са, қаншама халық жаңа жерге қо­ныс­та­нып, жұмыспен қамтылады және та­быс көзі артады. Диқандық кəсіпке бейім əрі халқы тығыз қоныстанған аудандардың тұр­ғындары үшін қосымша тыныс ашылады. Сондықтан да аудан әкімдері мен тиісті сала басшылары осы бағыттағы жұмысты кү­шейтуі керек. Бұл жоба бізге жыл сайын қай­­таланатын тасқынның алдын алуға да ті­­келей септігін тигізетін болады», – деді ай­­мақ басшысы. Сонымен қатар, әкім жобаны дайын­дау ба­рысында мектеп, балабақша, ден­сау­лық сақ­­тау нысандары мен халыққа қа­жетті бар­лық коммуникациялар ескерілу қа­жеттігін айтты. Облыс басшысы ұсынылған жобаларды ке­­ңінен талқылап, жасанды су қоймаларын жа­­сау үшін аэроғарыштық түсіру әдістерін пай­далану және осы жұмысқа ғалымдарды тар­ту мәселесін айтты. Жобалар толық іске асқан жағдайда Сыр жағалап отырған төрт ауданның ерні кезеріп, игерілмей жатқан жерлеріне тіршілік көзі – су барады, елдің әлеуеті артады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы