Бүкіл түркі дүниесінің ғажайыбы – Руна-Бітік жазуы туралы көптен бері айтып келеміз. Ол баға жетпес рухани құндылық, Ұлы Дала өркениетінің жойқындығын паш ететін адамзаттық деңгейдегі керемет. Көк түріктерінің ерлігі мен өрлігі, қайғысы мен мұңы, арманы мен аңсауы, аманаты мен өсиеті өрілген киелі мұра. Ата-бабаларымыздың сонау ерте ғасырлардың өзінде адамзаттың бір қапталы қиялдай да алмаған, тағы бір бөлігі енді-енді еңсере бастаған жазба мәдениеттің көшін түзегендігінің жарқын айғағы.
Сол қария ғасырлардағы айбынды да абзал бабаларымызға, ұрандап дүбір салғанда қаптаған қалың жауды шыбын жаннан түңілткен айбындыларымызға, басы барлар иіліп, тізесі барлар бүгілген қаһармандарымызға тағзым етіп жүрсек, өткенге құрмет, бүгінге ғибрат сол емес пе?!
Алайда, олай жасай алмай жүрміз. «Сонау бастан, о бастан, жаралғалы қара жер, жаралғалы көк аспан, адамзаттан бағы асқан» Естеми мен Бумын, Күлтегін мен Білге қағандар жайлы тарихты іздегенде ғана еске аламыз. Содан кейін белгілі-белгісіз мерзімге ұмытамыз. Олар ерте ғасырларымыздың асқақтығын айғақтап тас тұғырларда заңғарланып тұрған жоқ. Негізімізді қалаған, тегімізді түгендеген сол жойқындар туралы көсіле баяндаған көркем туындылар да, жоталы фильмдер де жоқ. «Өлімші халықты қоңды еткен, жалаңаш халықты тонды еткен, аш халықты тоқ еткен, аз халықты көп еткен» сол кемеңгерлердің рухы: – Бұл қалай? – деп жүрмегей.
Солай налымауын ойлап, алыс дәуірдегі кереметімізді құрметтейік деп, Қазақстан Республикасының Үкіметіне екі рет ұсыныспен шыққанбыз. Іргедегі Ресей, бүкіл Славян дүниесі Руна-Бітік жазуынан кейін пайда болған, Бұлғар білгірлері жасаған кириллицаны жаппай қадірлеп, жыл сайын арнаулы күнін дүрілдетіп өткізіп жатқанда аузымызды қу шөппен сүртіп отырғанымыз жарамас, көнені жаңғыртайық, іргелі ел екенімізді танытайық дегенбіз.
Қайта-қайта айтқан соң атқарушы билік оң шешімге келіп, Мәдениет және ақпарат министрлігі 2014 жылдың республикалық бюджетіне Руна-Бітік жазуын атап өту үшін қаржы бөлу туралы негіздемелерді ұсынған болатын. Сөйтіп, аталған министрліктің 2014, 2015, 2016 жылдарға арналған бюджетіне біздің тілек-талабымыз «Түркі жазбалары мен мәдениеті күні» атауымен енген еді. Күлтегін, Білге қаған, Тұй-ұқық, Құүлі-чор, Теркін секілді ірі ұстындардағы жазулардың, олардан бөлек 96 жазудың, Тайхор-чулу жартасындағы 30 жазудың ішіндегі ұлы жазу – Руна-Бітік жазуы біздің бүгінгі рухани өмірімізге осылайша қайта оралған-ды.
Осы игі қадамды одан әрі дәйектей түсейік деп, 2013 жылғы 12 желтоқсанда Парламент Мәжілісінің Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева басқарған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен Еуразия Ұлттық университетінде кеңейтілген кеңес өткізілді.
Кеңесте аталған өзекті мәселе хақында ойымызды ортаға салып, бірнеше жанама ұсыныстар да айттық. Күлтегін кешенін Ресей зерттеушісі Н.Ядринцев алғаш тауып, әлемнің назарын аударса, ондағы таңбаларды тұңғыш таратып оқыған, «Руника» аталған көне мәтінді сөйлеткен Дания ғалымы, Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Томсен екенін, түркі мәдениетіне осындай айрықша еңбек сіңірген ғұламаның есімін Астанадағы бір көшеге берсек, құба-құп емес пе дегенбіз.
Асылында, бұл әділдік әрі қария тарихыңды сөйлеткен ғалымға бүкіл түркі дүниесінің атынан жасалған құрмет болар еді ғой. Алайда, ұсыныс әлі күнге дәйектелген жоқ. Оның есесіне шетелдер астаналары мен қайраткерлерінің есімдері берілген көшелердің қатары жыл санап толығып келеді.
Бұл ұсыныстарды «Егемен Қазақстан» газеті арқылы Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің есіне салсақ әлі де ойланар деп үміттенеміз.
Еуразия Ұлттық университетінде өткен, жоғарыда аталған кеңесте Руна-Бітік жазуын жыл сайын қай күні атап өту керектігі жайлы түрлі пікірлер айтылды. Күлтегін көк тасының көшірме нұсқасы елге жеткізілген күнді ескеру керек шығар деген ой ортаға түсті. Оны белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков құптап, сол күнді, яғни 18 мамырды белгілеуді ұсынды. Кеңеске қатысушылар бірауыздан келісті. Дәл осы күні, 2001 жылы тарихи мұра елге әкелініп, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Еуразия ұлттық университетінің төріне қондырылған болатын.
Осындай сындарлы жолдан өткен ой-талап енді нақты жүзеге асырылуы керек. Тиісті министрліктер, жалпы атқарушы билік кейінге ысыра бермей, нақты іске кірісетін кез жетті. Заманында алыс-жақынға ықпалды болған, ел құраған ата-бабаларымызға тарих та, бүгінгі есті ғасыр да риза. Сол бір қария дәуір, көктүріктің алыптары мен алдиярлары енді бізге риза болсын. Көне мұраны, киелі мұраны қастерлейік.
Алдан СМАЙЫЛ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты