02 Наурыз, 2017

Ізгілік бастауы

271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс айту күніне арналған форумы өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА мүшелері, этномәдени және жастар бірлестіктерінің, аналар кеңесінің, қоғамдық келісім кеңесінің, ғылыми-шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, халықтың дәстүрлі қолөнер шеберлері, меценаттар, жастар қатысты. Форумды ашқан Мемлекет­тік хатшы: «Бірлігі жарасып, ынты­мағы артқан тәуелсіз Қазақ­станда Алғыс айту күні ел өміріндегі елеулі датаға айнал­ды», дей келе, аталған мерекеге байланысты Қазақ­стан Президентінің халыққа ар­наған құттықтауын оқып берді. Елбасы өзінің құттықтау сөзінде: «Алғыс айту күні – біздің мемлекеттік және қоғам­дық күн­тізбемізде жақында ғана пайда болған ерекше күн. Алайда, бұл мереке шын мәнінде терең тарихи іргетасқа негізделген. Ол адам­ның бойын­дағы ең асыл қасиет­тер – мейі­рімділік, рақымды­лық, өзара қолдау-көмек, өзін өзі құр­бан ету барынша көрініс тап­қан алмағайып заман­ды еске салады. Алғыс айту күнін атап өте отырып біз, бір жа­ғынан, халқымыздың рухани қаһар­мандығына құр­мет көрсетіп, өткенге көз жүгір­теміз. Ал, екін­ші жағынан, адам­гер­шіліктің айны­мас негіздері арқылы жол тартыл­­ған болашаққа зор сенім­мен қарай­мыз», – деген. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының құттықтауында: «Мен Тәуелсіз елімізді бірлесіп құрып жатқан Қазақстан хал­қына ынтымағы мен ерік-жігері үшін алғыс айтамын. Қайы­рым­дылық пен өзара көмек көр­сету дәстүрінің одан әрі нығая түсе­­тініне сенім­дімін. Ал­ғыс айту күнімен бар­ша­ңыз­ды шын жү­рек­тен құттық­тай­мын! Бар­ша­ңыз­ға бақыт, отба­сы­ларыңызға игілік, достық пен өсіп-өркендеу тілеймін!», – делінген. Бұдан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары Е.Тоғжанов, «Алеф» еврей мәдени-ағарту қоғамының жетекшісі М.Гольдберг, Қазақстан корейлері қауымдастығының өкілі А.Югай өзара түсіністік пен қолдау еліміздің рухани қағидатына айналғанын айтты. Мәселен, Ералы Тоғжанов өткен жылы Президенттің Алғыс айту күнін мерекелеу туралы Жар­лыққа қол қойғанына тоқтала келе, 1 наурыз – Қазақстан халқы Ас­самблеясының негізі қаланған күн екенін де атап өтті. «Алғыс айту – адамгершіліктің белгісі. Оның өзегінде қайырымдылық, мейірімділіқ, өзгеге қолұшын созу, шын жанашырлық таныту секілді ізгі қасиеттер жатыр. Демек, осынау ерекше күннің аза­мат­­тарды біріктірудегі әлеуеті ора­сан», – деді ҚХА Төраға­сының орын­басары – Хатшылық меңгерушісі. Ал Қазақстан корейлері қауым­­­дас­­тығының өкілі Алек­сандра Югай: «Биыл корей ұлты­­ның киелі қазақ жеріне табан тіре­геніне 80 жыл толды. Осы жылдар ішінде бізге көр­сет­кен ықылас-ниеттеріңіз үшін ата-бабамыздың атынан бас ие отырып, Қазақ елі мен жеріне алғыс айтамын. Аға буын өкілдерінің әрқайсысының жүрек түкпірінде: «Қазақ еліне мың алғыс!» деген сөз бар деп ойлаймын. Сондықтан, 1 наурыз – Қазақстанды мекендеген әрбір азаматқа өз Отанына алғыс біл­­діруіне мүмкіндік беретін ма­ңыз­­ды күн. Бұл – жылылық пен мейі­рім­ділік мерекесі», – деді. Форумға қатысушылар Қазақ­­стан­ның сәндік-қолдан­балы өнер шебер­лерінің киізден жаса­ған бұйым­дары қойылған «Жан жылуы» атты экспозициялық көр­мені тамашалады. Ал іс-шара соңында Ассамблеяның жаңа мүшелеріне Қазақстан хал­қы Ассамблеясы куәліктерін сал­та­нат­­ты жағдайда табыс ету рәсімі өтті, сондай-ақ халыққа және ел Пре­зи­дентіне алғыс біл­дірген үндеу қабылданды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»