Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов пен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазақстандық өнім экспортын ілгерілету жөніндегі өзара іс-қимылды күшейту бойынша Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды.
Жоспар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы экономикалық дипломатияны жандандыру бойынша тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.
Экспорттық және инвестициялық бағыттарды тығыз байланыстыру қажеттілігі жоспардың тұжырымдамасына негізделген. Бұл жайт Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан ұлттық экспорттық және инвестициялық стратегияларда қарастырылған.
Жоспардың іске асырылуы әрбір тауарды өткізуге ықтимал нарықтарды терең талдауға және сұраныс деңгейіне негізделеді. Бұл ретте, жоғары құн қосылған өнімдерге ерекше назар аударылады.
Қ.Әбдірахманов пен Ж.Қасымбек жоспардағы іс-шаралар екі министрліктің бүкіл әлеуетін іске қосуға мүмкіндік туғызады деп сенеді. Осы жұмысқа Қазақстанның шет елдердегі мекемелері, сондай-ақ келешекте құрылатын «Kazakh Export» экспортты ілгерілету жөніндегі ұлттық оператор белсенді түрде тартылатын болады. Оның негізгі міндеті – отандық өндірушілерге қазақстандық өнімдерді шетелдік нарықтарға ілгерілету бойынша жәрдем көрсету.
Сыртқы істер министрлігі жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігімен де бірлескен жоспар қабылдаған болатын. Бұл құжат ел агроөнеркәсіптік кешенін инвестициялық және экспорттық бағыттарда дамытудағы министрліктердің күш-жігерін бірлестіру мен үйлестіруге жол ашады.
«Егемен-ақпарат»