Жолпол Біржан
«Ғибадат» ЖШС директоры, «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының төрағасы Біржан Қожақов туғаннан мүгедек емес. 2001 жылдың қысында жол полициясында қызмет етіп жүріп, екі аяғын қатты үсітіп алыпты. – Орал қаласының Теректіге қарай шығатын бекетінде тұрдым. Жол жиегіндегі қуықтай будка ғой. Электр қуатын сол жердегі саяжайларға тартылған желіден алып, пеш қосатынбыз. Сол күні жарық болмады. Күн суық еді. Қатты тоңып қалыппын, – дейді Біржан. Әрине, ол кез – қиын уақыт еді. Кейіпкеріміз қолы жеткен жерге дейін қаралып, емделді. Саратовтағы клиникалық аурухана, Алматыдағы Сызғанов институты, Орал ауруханалары... Болмады. Гангрена басталыпты... Алты операция өтті. Сөйтіп, 30 жасар зіңгіттей жігіт айналасы төрт-бес айдың ішінде екі аяғынан айырылып, төсекке таңылды. – Командирім Қайсар Сұлтанбаев деген тараздық жігіт еді. Ауруханада жатқанымда арнайы келді. «Біржан, мойыма! Әбден жазылып ал. Протез салдыр. Сосын өзіме кел. Қайтадан қызметке аламын!» – деді. Азамат екен, сөзінде тұрды! Осылайша автокөліктерді техникалық байқаудан өткізіп жүрдім, – дейді Біржан.Шебер Біржан
Дегенмен, бұл қызметте көп жүре алмасын сезген Біржан Қожақов алдағы өмірінің қам-қарекетін ойлай бастайды. Әуелден қолы шебер еді. Қолда бар тақтайлардан құрастырып, теледидар қоятын үстелше жасады. Көрген адам көп ұзатпай, сұраған ақысын беріп алып кетіпті. Екінші бұйым да көп жатпады. Сөйтіп, Біржан бұл іске түбегейлі кірісті. Жол полициясындағы қызметін өз еркімен тапсырды. Әуелі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жеке тапсырыстармен іс бастаған Біржанға Оралдағы кәсіпкерлікті қолдау мекемелері көмектесті. Шағын цех ашып, жанына көмекшілер тартты. – Қасыма ауылдан келген қазақ балаларын тарттым. Бұрын жиһаз саласында өңкей өзге ұлт өкілдері еді. Біз ұлттық бұйымдар жасай бастадық. Ақжайық ауданының сол кездегі әкімі Шафқат Өтемісовтің қолдауымен ауданның бір мектеп-интернатын парта, кереует, басқа да жиһазбен жарақтап бердім. Мұндай мемлекеттік тапсырыстар жұмыс көлемі жағынан да, қаржылай жағынан да тиімді екен. Тендерлерге қатысуды үйрендік. 2010 жылы станоктар алдық, «Ғибадат» ЖШС атанып, ұжымымыз 15-16 адамға жетті, – дейді қайсар жігіт.Кәсіпкер Біржан
Біржанның кәсіпкерлігі «қызық». Әдетте, кез келген кәсіпкер, кез келген басшы аз шығынмен көп табыс табуды ойлайды. Жұрттың бәріне көп жұмыс істеп, аз жалақы алатын адам керек. Әсіресе, қызметшің қол-аяғы балғадай, ауырмайтын, қандай жұмыс тапсырсаң да қыңқ етпейтін қара нардай болса, шіркін! Бірақ Біржан олай ойламайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қызметке алады. Бүгінде қарауындағы 32 адамның 19-ы мүгедек. Арбаға таңылғандары бар, протезбен жүретіндері бар, құлағы естімейтіндері бар... – Екінші деңгейлі банктер мүгедек кәсіпкерге ешуақытта несие бермейді. Оның себебі, кәсіпкер несиесін қайтара алмай, мәселе сотқа тірелер болса, мүгедек адамды заң қорғайды екен. Сондықтан банктер бізді жылы сөзбен алдап қана шығарып салады. Бір қарағанда, бізге көмектесуі тиіс заңның «пайдасын» осылай көріп келеміз, – дейді Біржан. Қыстың қары, күз бен көктемнің лайсаңы мүгедек жанды үйінен ұзатпайды. Күн ашық, жер қараның өзінде арбамен алысқа бара алмайсың. Жоғарыда Біржанның өз қызметкерлерін тасымалдауға автобус іздеп жүргені сондықтан. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қызметіне кіріскен бойда Біржан Қожақовты қабылдап, құны 5 млн 600 мың теңге тұратын станок алуға көмектескен. Бұл үлкен көмек. – Тұрақты орнымыз жоқ. Соңғы кезде елден түсетін тапсырыс күрт азайып кетті. Қазіргі ғимаратты айына 475 мың теңге төлеп жалдап отырмыз. Оның да қарызы бастап асып барады, – дейді Біржан.Демеуші Біржан
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында оралдық «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының атағы дүркіреп шығып кетті. Шықпағанда ше, Біржан Қожақовтың шеберханасы сал ауруына шалдыққан ауыр науқас балаларға арнайы құралдар шығарып, республика бойынша тегін таратса! – «Демеу» қоғамдық бірлестігінің ұжымы болып ақылдасып, Тәуелсіздік тойына бізден де бір тарту болсын деп шештік. Ойлана келе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға арнайы хат жолдадық. «Еліміз бойынша сал (ДЦП) ауруымен ауырып, төсек тартып жатқан сырқат балаларға арнап әр облысқа екі вертикализаторды тегін жасап береміз», деп мойнымызға алдық, – дейді Біржан Қожақов. Басына түспеген адам қайдан білсін, бұл вертикализатор деген аппарат сал ауруына шалдыққан балалар үшін таптырмас құрал екен. Буынын ұстай алмайтын сәбиді әртүрлі қалыпқа бейімдеп, өздігінен отыруға, тұруға жаттықтыратын мұндай қондырғылар Қазақстанда мүлдем жасалмайды. Ресей, Германия, Түркия, Италиядан шығатын аппараттардың бағасы аспандап тұр – 250 мыңнан 1 млн 300 мың теңгеге дейін барады. – Мүгедек сәбидің жағдайын менен артық кім түсінеді?! Көшім балалар үйіне барғанда жаным түршікті. Жыл он екі ай, күн мен түн төсекке таңылған балалардың халін көргенде жүрегім қарс айырылып кете жаздады, – дейді Біржан. Сонымен көп ізденіспен, мамандар мен дәрігерлердің кеңесінен кейін Біржанның фирмасы вертикализатордың 34 түрін жасап шықты. Оларды мүгедек жандар жатқан интернаттарға апарып, сынақтан өткізді. Және оралдық аппараттың құны 45 пен 145 мың теңгенің аралығында. – Қазақстанның әр облысына 2 данадан тегін аппарат жіберетінімізді хабарладық. Мүмкіндігінше бұл аппаратты ауыл тұрғындары, көп балалы отбасылар, аз қамтылған жандар алуын қадағаладық, – дейді кәсіпкер. Осылайша, 35 аппаратты «Қазпошта» арқылы әрбір мекенжайға жеткізген. Бұл қайырымдылық шарасы «Демеу» қоғамына 8 млн 270 мың теңгеге түсіпті. – Біздің бұл акциямызға қосымша демеушілер табылар деп ойлағанбыз. Тіпті, «Қазпошта» аппараттарды мүгедек балаларға тегін жеткізіп берсе де әжептәуір көмек еді. Амал не, олай болмады. Бәрін өзіміз көтердік. Алайда, аппаратқа қолы жетіп, қимыл-қозғалысы сәл де болса алға басқан бүлдіршіндердің ақжүрек алғысын естігенде бәрін ұмытып кетеді екенсің, – дейді Біржан Қожақов. Арбаға таңылса да ешкімге қол жаймаған азамат мемлекет тарапынан тапсырыстар күтеді. Мұндай тапсырыс Біржан Қожақовтың кәсіпорнын ғана емес, сал ауруынан зардап шеккен жүздеген сәбидің өз аяғына тұруына жәрдем етер еді. Біз Біржан Қожақовтың шеберханасынан шыққан аппаратты тегін алып, пайдаланып жатқан бірнеше адамға хабарласып, олардың да пікірлерін білдік. Айжан Мұстафина, Атырау облысы Индер ауданы Бөдене ауылының тұрғыны, 8 жасар Назардың анасы: – Қызымыз Назарды Қызылордада екі айлық курстан өткізіп келген кезде осы аппарат қолымызға тиді. Дер кезінде жеткен көмек болды, өйткені, қызыма енді дәл осы вертикализатор жаттығулары тағайындалған болатын. Аллаға шүкір, қызым қатарынан қалмай білім алып, бірте-бірте бойын билеп, сөздік қоры молайып келе жа- тыр. Біржанға Алла разы болсын! Нұргүл Уаисова, Қарағанды облысы, Қаражал қаласы, Жәйрем кентінің тұрғыны,5 жасар Асылбектің анасы: – Вертикализатор қолымызға тигелі екі апта ғана болды. Орындық ретінде қолданып жүрміз. Өте сапалы жасалған екен. Баланың белін, басын ұстайтын тартпалары бар, бізге ұнады. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ