02 Наурыз, 2017

Ішкі көші-қонды жандандыру қажет

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жыл­ғы 21 ақпандағы санында журна­лист Қаз­бек Құттымұратұлының «Ауыл­ды мектеп сақтайды. Мектепті кім сақ­тай­ды?» атты мақаласын оқып, қазақты тол­ған­ды­рып отырған өзекті мәселені кө­тер­ген­ді­гіне тәнті болып, осы пікірімді жол­дап отыр­мын. Бірден айтайын, 20 жылға жуық уа­қыт­­тан бері газетті жаздырып аламын. Ма­­­мандығым – тарих пәнінің оқытушысы. Мұн­­дай ашық әрі өзекті тақырыпты басылым тереңінен қозғай бер­мейтін. Газетте қа­зақты, жалпы қазақ­стан­дық­т­арды алаң­дат­­­қан мәселелердің көтеріле бас­тағаны ме­ні қуантып отыр. Бұрнағы жылдары мұн­­дай маңызды мәсе­ле­лерге жана­ма атүс­ті қарап, тереңірек мән бере бе­р­мей­­тін. Ең бас­ты­сы, бірінші бетте жа­рия­лан­бай­тын. Қазбек бау­ы­рымның қазақ үшін аса маңызды тақырыпты қоз­ғап отыр­­ға­ны ме­ні, жауапкершілікпен айтайын, мың­­­да­ған оңтүстікқазақстандықтарды мазалап отыр­­ған жағдайды көтергені көңілімізге үміт отын жақты. Солтүстіктегі Ресеймен ше­­каралас ау­дандардағы демографиялық жағ­­дайдың алаң­датарлық екенін бәріміз бі­леміз. Тоқетерін ай­тайын, біздің оң­түс­тікте әр сыныпта 30-35 ба­лаға дейін оқу­шы ұстап отырған Сарыағаш, Сайрам, Мақ­таарал және Шымкент қаласында мек­­теп­­тер жеткілікті. Оралмандарды қоя­йық, ке­л­етіндері келіп бітті. Ішкі көші-қонуды жан­дан­дырайық дегім келеді. Бір-екі от­­ба­сыны емес, бірден он-жиырма жас от­ба­­сын көшіріп апа­рып қоныстандыруға жағ­­дайымыз жетеді. Тек оны қалаумыз ке­­рек. Еліміздің келешегін бү­гіннен ой­лағ­анымыз абзал. Тиісті түсіндіру жұ­­мыс­тарын жүргізсе, бұл істі нәтижелі қол­ға алуға болады.