02 Наурыз, 2017

Апатты үйлер азаймақ

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ақтау – салынғанына жарты ғасырдан енді асқан жас қала. Қала көлемі жыл өткен сайын ұлғайып, қанатын кеңге жайып, тарана бойын көтерген аққудай теңіз жағасында жетіліп келеді. Бірақ, «апатты үй» дейтін ұғым мұнда да жоқ емес, олар – Ақтаудың іргетасы қаланған жылдары қабырғасы да, едені мен төбесі де ағаштан салынған ескі үйлер. Өзге қалалар секілді бірінен-бірі қуалап шыға беретін даңғылдар мен көшелерге емес, тұтас-тұтас шағын аудандар топтаса орналасқан қалада ескі үйлер «төменгі шағын аудандарға» жатады. Жел болса ысқырып, боран соқса азынап кететін ескі үйлердің тұрғындары жайбарақат деп айта алмаймыз, әсіресе, әр жерде орын алып жатқан келеңсіз оқиғалар көңілді күпті ете түсетіні бар. Жабырқаған көңілді жұбататыны, Ақтау қалалық әкімдігінің апатты үйлерді жойып, оның тұрғындарын жаңа үйге көшіру мәселесімен айналысып жатқандығы. Бұл туралы қала әкімі С.Тұры­мов та есепті басқосуында баян етті. Ақтауда 2014-2018 жылдарға арналған апатты үйлерді жою бағдарламасы қолға алынған. Қазіргі таңда қала бойынша апат­тық деп танылған 5 үйді мекен еткен 70 пәтер бұзылып, тұрғындары 100 пәтерлі жаңа үйге орналас­тырылса, енді өз кезегін күткен 10 үй, яғни 167 пәтер қалған. Табиғаттың мінезінен қорқып, әр күнін үреймен өткізетін тұрғындар бұл тірлігін әлі екі жыл кешуіне тура келеді, өйткені, Ақтауда апатты деп танылған барлық үйлерді бұзып, олардың орнына заманау­и үлгідегі 7 көпқабатты тұрғын үйлер салып, тұрғындарды көшіру 2019 жылға дейін жүзеге аспақ. 2016 жылы үй салынатын 3 шағын ауданның ішкі инженерлік желі­лері мен жолдарының күрделі жөндеуін жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 47,5 млн теңге бөлініп, жұмыстар басталған. Жаңа үйлер құрылысы аяқталған соң, ескі үйде тұратын тұрғындар кезең-кезеңімен жаңа үйге көшіріледі. Төменгі шағын аудандардағы 2 және 4 қабатты жатаған үйлердің орнына жоғары қабатты бірнеше үй салынса, шағын ауданның біраз жинақталып, өзге нысандар салуға орын босайтыны тағы бар. Іргетасы қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен «апатты үйлерге» өкпе жоқ, төрінде талай тұрғын аунады, талай ұрпақ өсіп-жетілді, оның үстіне қала билігінің бұл іске білек сыбана кіріскені де көңіл қуантады. Демек, Ақтауда апатты үйлердің орнын ақшаңқан үйлер басатын кез алыс емес. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы