Былтырғы маусым айынан бері Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалық етуде. Осы ұйымға биыл 10 жыл толады. Оның мерейтойлық саммиті де Қазақстанда өткелі отыр. Осыған орай біз ұйымға мүше мемлекеттердің бірі – Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжоу ЛИ мырзаға жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік.
– Құрметті Елші мырза! Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысының белсенділігін сіз қалай бағалайсыз? Ол өзіне жүктелген міндеттерді қалай атқаруда?
– Өзі құрылған 10 жылдың ішінде бұл ұйым аймақтағы мүше мемлекеттер арасындағы достықты және тату көршілікті нығайтуда маңызды рөл атқара отырып, олардың арасындағы барлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге және бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға үлкен ықпал жасап келеді. Нақты айтар болсақ,
біріншіден, түрлі деңгейлер мен салаларды қамтыған жетілдірілген жаңа құрылымдар пайда болды, мұның өзі берік құқылық және институттық негізге жол салды. Соның ішіндегі Хатшылық пен Аймақтық антитеррорлық құрылымдар қазір әбден жетіліп, үлкен тиімділікпен жұмыс істеуде.
Екіншіден, мүше мемлекеттер арасындағы саяси өзара сенім тұрақты түрде нығая түсуде. Ұйым шеңберінде жылына бір рет мемлекет басшылары мен үкімет басшыларының кездесуі өтіп тұрады. Онда басшылар өзара ынтымақтастық мәселелері туралы пікір алысады, сонымен бірге аймақтағы және халықаралық маңызды оқиғаларды талқылап отырады. 2007 жылы ұйымға мүше барлық мемлекеттер Ұзақ мерзімдік тату көршілік, достық және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл келісім ұйым мүшелерінің өзара сенім, тату көршілік және достықты тереңдету жөніндегі мақсаттарының құқықтық негізін қалады.
Үшіншіден, мүше-мемлекеттер лаңкестікке, сепаратизм мен экстремизмге, есірткі контрабандасы мен қару-жарақтың заңсыз сатылуына, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресте бір-біріне өзара қолдау көрсетіп отырады. Оның үстіне соңғы жылдары біздер ақпараттық қауіпсіздік, энергия тасымалдау мен аса ірі халықаралық шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету істеріндегі ынтымақтастықты да дамытып келеміз. Осылардың бәрі де мүше елдердің қауіпсіздігін сақтау мүддесінен шығып отыр. Сондай-ақ біздің ұйымымыз Ауған проблемаларын реттеуде де маңызды рөл атқаруда.
Төртіншіден, мүше-мемлекеттердің арасындағы экономикалық ынтымақтастық та артып келеді. Көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы біздің алдымызға тауардың, ақша қаражатының, қызмет көрсету мен технологиялардың еркін айналысына қол жеткізу мақсатын қойып отыр. Біз қаржы-экономикалық ынтымақтастықты, перспективалы аймақтық жобаларды іске асыруды көздейтін ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесі мен Банк бірлестігін құрдық. Бүгінгі күні сауда, инвестиция, қаражат, салық салу, кеден, энергетика, ауыл шаруашылығы, ғылым мен технология салаларындағы жүзден артық ұсынылған жобалар іске асуда. Бүкіләлемдік қаржылық дағдарыс басталғанда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өзара тығыз ықпалдаса отырып, дағдарыстың салдарын еңсеруге арналған көпжақты экономикалық ынтымақтастықты белсендірек жүргізу жөнінде бірлескен бастама көтерді. Соның ішінде көлікті, мониторингті және аймақтық экономикалық ынтымақтастық перспективаларына сараптама жасауды дамыту бастамалары болды. Осы шаралардың бәрі ШЫҰ-ның экономикалық функцияларын нығайта отырып, мүше-мемлекеттер экономикаларының депрессиядан шығуына және өсімді қалпына келтіруге қызмет етті.
Бесіншіден, мүше мемлекеттер гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да үлкен мән беруде. Бүгінгі күні ғылым мен техника, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, туризм, қоршаған ортаны қорғау, БАҚ салаларында көпжақты ынтымақтастықтардың жоспарлары жасалған және олар іске асырылуда.
Алтыншыдан, ШЫҰ мөлдірлік және ашықтық қағидатын ұстанып, басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен үнқатысуларды жандандыруда. Қазір ШЫҰ мен БҰҰ, АСЕАН, ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ және басқа да халықаралық ұйымдар арасында түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылған. Моңғолия, Пәкстан, Иран және Үндістан мемлекеттері ұйымға байқаушылар, ал Беларусь пен Шри-Ланка диалог-әріптес ретінде тартылған. Сонымен бірге, ШЫҰ-Ауғанстан контактілік тобы да құрылған. Ұйымымыз халықаралық конференциялар мен форумдарға да белсене қатысады. Міне, осылардың бәрін қорытындылай келгенде ШЫҰ-ны өзара ынтымақтастықтың жылдам дамып келе жатқан аймақтық тетігі деп айта аламыз. Ол аймақта және бүкіл әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, халықаралық қатынастарды демократияландыруға, ырғақты дамитын аймақ құруға ықпал ете алатын қуатты әлеуеті бар маңызды ұйым.
– Кейбір саясаткерлер ШЫҰ-ны біздің аймағымызға Американың әскери қатысын болдырмауға қарсы құрылған ұйым деседі. Сіз оған не айтар едіңіз?
– ШЫҰ «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде құрылып, шекарада өзара сенім мен қарусыздануға қол жеткізуді мақсат етіп құрылған ұйым екені көпке мәлім. Ол алғашқы шекаралық келіссөздерден бастап, ұйым болып құрылуға дейін бір-ақ айқын мақсатты көздеді. Нақты айтатын болсақ, ол – аймақтағы қауіпсіздік ортасын құру мен өзара сенімді қалыптастыру. Бұған қол жеткізу үшін ұйым тату көршілік пен достықты нығайтып, аймақта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге тырысады. Сонымен бірге ШЫҰ көрші елдер мен халықаралық ұйымдардың бір-біріне қарсы келмеу қағидатын ұстанады. Біз үш зұлымдық: лаңкестік, есірткі контрабандасы және трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейту үшін бірлескен ойындар өткіземіз, осы бағыттағы ынты
мақтастықтарды жандандыру арқылы аймақтағы тыныштықты сақтаймыз. Бірақ бұлар басқа елдер мен халықаралық ұйымдарға қауіп төндірмейді және ешқандай үшінші жаққа қарсы бағытталмаған.
– ШЫҰ лаңкестікке, сепаратизмге қарсы күрес ұйымынан болашақта өзара бірлескен қорғаныс одағына айналуы мүмкін бе?
– Өз іс-әрекетінің басқа елдер мен халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталмағандығы – ШЫҰ хартиясына енгізілген маңызды қағидат. Осының өзі ШЫҰ-ның басқа халықаралық ұйымдардан, соның ішінде әскери-қорғаныс одақтарынан негізгі айырмашылығы болып отыр. Оның үстіне Шанхай бестігінің ұйымды құрғандағы мақсаты – мүше мемлекеттердің өзара сенімін арттыруды ғана көздеген, демек ол сырттан болатын қауіпке қарсы бағытталмаған. Мен жоғарыда ШЫҰ шеңберінде қандай іс-әрекеттер жасалатынын атап бердім. ШЫҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау үшін ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ басқаға қосылмау, елдер мен халықаралық ұйымдардың бір-біріне қарсы тұрмауын жақтайтын қағидатты басшылыққа алған жаңа тұжырымды қолдайды. Сондықтан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери саладағы ынтымақтастығы да аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықтың сақталуын ғана көздейді. Осы міндеттер ШЫҰ-ның болашақта қорғаныс блогын құруды көздемейтіндігін көрсетіп тұр емес пе.
– Бүгінгі күні ШЫҰ іс-әрекетіндегі негізгі басымдық жоғарыда айтылған үш зұлымдыққа қарсы күреске беріліп отыр. Ал болашақта негізгі басымдық экономикалық ынтымақтастыққа берілуі мүмкін бе?
– Экономикалық ынтымақтастық – кооперацияның маңызды салаларының бірі. Барлық мүше мемлекеттер де ұйымның құдіретті әлеуеті мен зор перспективаларына байланысты экономикалық ынтымақтастықтың дамуына үлкен көңіл бөлуде. Жоғарыда атап өткен көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бағдарлама мен оны жүзеге асыру жоспарында бірлескен жұмыстар арқылы ортақ табыс әкелетін көптеген жобалар айтылған. Олардың біразы қазір іске асырылып та жатыр. Болашақта ШЫҰ аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты арттыра түсуді жоспарлап отыр. Соның ішінде тараптардың бәріне де табыс әкелетін бірлескен пайдалы жобаларды іске асыру ойымызда бар. Сауда мен инвестицияға жақсы жағдай туғызу үшін еркін сауда аймағын құру көзделуде.
– Қытайдың сыртқы сауда айналымында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесі қандай?
– Қытай және ШЫҰ-ға басқа да мүше мемлекеттер өзара сауда әріптестері болып табылады. 2010 жылдың статистикалық мәліметтеріне қарағанда, Қытай мен Ресей арасындағы тауар айналымы 55,4 млрд. АҚШ доллары көлеміне жетті. Бұл дағдарысқа дейінгі көрсеткішке жетіп қалған меже. Ал Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы жыл қорытындысы бойынша 20,4 млрд. долларға жетті. Айта кетерлігі, Қытай Қазақстан үшін ең үлкен сауда әріптесіне айналды. Қытай мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд, қытай-өзбек саудасы 2,1 млрд, долларға жетіп, біз бұл мемлекеттердің екінші орындағы сауда әріптесі болдық. Қытай жағы бұдан әрі де өзара ұтымды сауда байланыстарын дамытуды жалғастыра беретін болады. Соның ішінде ШЫҰ-ға басқа да мүше мемлекеттер бар.
– ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы туралы да айтып берсеңіз. Соның ішінде осы салада Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын қай бағыттарда дамыта түсу керек деп ойлайсыз?
– Ұйымға мүше барлық мемлекеттердің де терең тарихы, тамаша мәдениеті бар. Олар бір-бірімен тығыз байланысты және бірін бірі байыта түседі. Өзінің 10 жылдық тарихында мүше-мемлекеттер осы саладағы ынтымақтастығын мәдениеттердің көптүрлілігін сыйлау қағидатын басшылыққа алған «Шанхай рухының» бастамасымен үнемі алға дамытып келеді. Қазірдің өзінде оның қол жеткізген тамаша жетістіктері бар. Осының өзі әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттер өзара үйлесімді өмір сүре алатынын әлемге көрсетіп отыр. Өзара диалогтар мен пікір алысуларды тұрақты түрде нығайта беруді саяси өзара сенімнің негізі және кепілі деп санауға болады. Тараптардың бәріне де пайдалы ынтымақтастықтар ұйымның дамуы мен өміршеңдігінің маңызды факторы болып табылады. Болашақта тараптар өзара ынтымақтастықтың жаңа әлеуеттерін аша түседі, соның ішінде билік бастамашылық рөлін атқарса, халық белсенді түрде оны өздері жандандыратын болады. Сөйтіп, гуманитарлық саладағы ынтымақтастық нарыққа бейімделіп, үлкен көлемге ие болады, мұның өзі ұйымның да дами түсуіне қызмет етеді деп ойлаймын.
Қытай мен Қазақстан басшылығының тікелей қамқорлығы арқасында екі елдің арасындағы гуманитарлық саладағы ынтымақтастық стратегиялық әріптестіктің құрамдас бөлігі ретінде серпінді дамып келеді. Соңғы жылдары тараптар Конфуций институттарын құруда, сондай-ақ көркемөнерпаздар ансамбльдерімен алмасып, жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Болашақта да осы саладағы ынтымақтастықтар дами түседі, сондай-ақ туристік ведомстволар мен қоршаған ортаны қорғау қызметтері арасындағы байланыстар да тереңдейтін болады.
– Интеграциялық үдерістерді тереңдету мақсатымен Қазақстан өзінің егемен билігінің бір бөлігін ұлтүстілік орган – Кеден одағы, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ секілді ұйымдардың құзырына берді. Ал Қытай тарабы интеграциялық үдерістерді тереңдету үшін осындай қадамдарға бара алар ма еді?
– Қытай жағы Қазақстанның аймақтық интеграцияны тереңдету жолындағы белсенді қадамдарын жоғары бағалайды. Біз осы аймақтағы экономикалық интеграцияны тереңдетудің тамаша перспективалары бар деп санаймыз. Ашықтық принципі ұсталынатын, экономикалық интеграциясы бар дамушы өңір әрқашанда аймақ елдерінің, тіпті бүкіл әлемнің интеграциялануына жақсы жағдай туғыза алады. Осыған байланысты Қытай ШЫҰ шеңберіндегі еркін сауда аймағының құрылуын белсенді түрде қолдайды. Сонымен бірге, осы экономикалық интеграциялану үдерісін ынталандыру үшін ұлттық заңдары мен саяси ұстанымдарының мөлдірлік деңгейін арттыру, порттар құрылысын салу мен оларды басқаруды жандандыру, кедендік процедураларды жеңілдету, стандарттар мен тауарлар сапасы сертификаттарын біріздендіруді ынталандыру, шекарадан өту үдерістерін жеңілдетуді және т.б. мүмкіндіктерді қолдайтын болады.
– Сіз Қазақстанның аймақтық және жаһандық проблемаларды шешуге белсенділікпен қатысып жүргенін қалай бағалар едіңіз?
– Аймағымыздағы әлемдік ықпалы бар ірі ел ретінде Қазақстан халықаралық және өңірлік мәселелерді реттеуде маңызды рөл атқарып келеді және қауіпсіздікті сақтау ісін ынталандыруда айтарлықтай күш болып отыр. Қазақстан өркениеттер арасындағы үнқатысулардың дамуы, аймақта өзара сенімді қауіпсіз ортаның қалыптасуы жолында белсенді әрекеттер жасауда. Оның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралар жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құру және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға белсене қатысуы аймақтағы, тіпті бүкіл әлемдегі қауіпсіздікті сақтау жолындағы жаңа қолдаған іздеген маңызды бастамалар болып табылады. Былтыр және биыл Қазақстан ЕҚЫҰ, ШЫҰ және ИКҰ сияқты беделді ұйымдарға төрағалық етуде, VII Қысқы Азия ойындарын тамаша ұйымдастыра білді. Міне, осылардың нәтижесінде оның әлемдік ықпалы мен рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Біз дос көрші ретінде Қазақстанның табыстарына шын жүректен қуанамыз.
Қытай жағы Қазақстанның қол жеткізген табыстарын қуанышпен атай отырып, онымен бірге тұрақты бейбітшілік пен бірлесе дамуды қалайтын ортақ аймағымызды гүлдендіре беруге күш салуға дайын.
– Былтырғы жылдың маусым айында Ташкент қаласында ШЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға берілді. Одан бері де бір жылға таяу уақыт өтті. Сіз Қазақстан төрағалығын қалайша бағалайсыз?
– Төрағалық міндетті алған бойында Қазақстан ұйымның дамуына, оның халықаралық аренадағы беделінің артуына, саяси өзара сенімнің нығаюына және пайдалы ынтымақтастық деңгейінің көтеріле түсуіне ықпал ететін бірқатар тиімді шаралар ұйымдастырды және айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Қытай тарабы Қазақстанның осы ұмтылыстарын жоғары бағалайды және оны осы табыстарымен құттықтайды. Биыл Астанада ШЫҰ мерейтойлық саммиті болғалы жатыр. Қытай басқа да мүше мемлекеттермен бірге оны табысты өткізуде Қазақстанды белсенді түрде қолдайды. Біз Қазақстан жағы бүкіл әлемнің назарын аударарлық ұмытылмас салтанат өткізе алатынына сенеміз және бұл оқиға ШЫҰ тарихындағы жарқын беттер болатынынан үміттіміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.