Жиырмадағы жас жігіт кірпігін зорға қимылдатып, сұлық жатыр. Өмір мен өлім алысып, ақ желеңді абзал жандардың ажалмен арпаласқанына үш күн, үш түн. Құрылыстың тоғызыншы қабатынан құлаған жігіттің жарақаты қаншалықты ауыр болса да жас жүрегі тіршілік тарамысына жармасып, әлі соғып жатыр. Жансақтау бөлмесінің босағасын күзеткен сорлы ана баласының әрбір тынысын аңдып, ұлының жолына жанын айтып, егіліп отыр...
Нұрбек балаларының ішіндегі бас көтерер естияры еді. Жастайынан шаруаға араласып, көп балалы отбасының қолқанаты болды. Сол ет тірлігінің арқасында ғой, сонау Шымкент маңайындағы шалғай ауылдан жұмыс іздеп, Астана қаласының құрылысына келіп жүргені.
Жаралы жігіт ыңырана ышқынды. Қыршын жас жарық дүниені қимай қинала созылып, қимылсыз қалды. Тіршілік соқпағын енді ғана бастаған бозбала өмір үзілді, балғын жүрек тоқтады. «Аһ» ұрған ананың ащы айқайы аурухана ішін күңірентіп кетті.
Астана қаласындағы Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми-орталығы бас дәрігерінің орынбасары Владимир Опеньконың айтуынша, 16 ақпанда жаңадан салынып жатқан «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінен медициналық жедел жәрдем мәшинесі биіктен құлаған үш адамды жеткізген. Оның біреуі жедел жәрдем көлігінде қайтыс болса, Нұрбек Салықов бірнеше ауыр операциядан соң, үш күннен кейін көз жұмған. Үшінші құрылысшының жағдайы ауыр болса да, өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бар. Бұл қайғылы оқиға қалай болды?
Ақпан айының ортасында жауған қардың соңы жаңбырға ұласты. Ал 16 ақпан күні таңертең қатты дауыл тұрып, долы жел соқты. Еңбек қауіпсіздігі шарты бойынша, биік құрылыс нысандарындағы сыртқы монтаждау жұмыстары тоқтатылуға тиіс. Соған қарамастан, «Жағалау-3» тұрғын үй кешенінде монтаждау жұмысын жүргізіп жатқан «Астанастрой-2080» ЖШС, «Астана групп» ЖШС өздерінің құрылысшы-монтажшыларын жоғарғы қабаттардың сыртын қаптау жұмыстарына шығарады. Құрылысшылар тоғызыншы қабатқа шыққанда, құрылыстың қабырғасына жапсыра арнайы құрастырылған ағаш сәкілер қатты дауылдан қаңырап, үзіліп кетеді. Желмен бірге жұлынып түскен ағаш сәкілерден құлаған үш жігіт апатқа ұшырайды. Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысының шалғай ауылынан жұмыс іздеп Астана құрылысына келген 24 жастағы Нұрбек Салықов еді...
ҚЫРШЫНДАР ҮШІН КІМ ЖАУАПТЫ?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 2009 жылы өндірістегі қайғылы оқиғалардың салдарынан 346 адам өлсе, 2010 жылы 363 адам қазаға ұшыраған. Тек құрылыс нысандарында ғана өткен жылы 376 адам әртүрлі дәрежедегі ауыр жарақат алса, 98 құрылысшы опат болған. Қайғылы қазаға ұшыраған бұл құрылысшылардың барлығы дерлік 20 мен 30 жастың аралығындағы қазақтың қыршын жастары. О, тоба! Ашық аспан, бейбіт күнде бұл не қылған құрбандық?!
Астана қалалық прокуратурасының деректеріне жүгінсек, бейне-бір соғыстың мәліметі сияқты. 2009 жылы 17 маусымда «Фирма-Алкон+» ЖШС-ның учаске бастығы В.Жиров құрылыс сәкілерін құрастыруға немқұрайды қарап, соның салдарынан монтажшы Ж.Ахмедин 20 метрлік биіктен құлап, опат болды. 26 тамызда «Эллада-Строй» ЖШС-ның тас қалаушысы А.Мұхитов лифт шахтасынан құлап, қаза тапты. Қыркүйекте «Рухаз» ЖШС-ның монтажшысы А.Стефанчук қайғылы қазаға ұшыраса, 7 желтоқсанда Тұран көшесіндегі құрылыс алаңында «Аскади» ЖШС-ның құрылысшылары әкелі-балалы Тергеубаевтар мен Байғабылов деген азамат биіктен құлап, опат болды...
Прокуратураның мәліметі бойынша, жоғарыда келтірілген осы қайғылы оқиғалардың бірде-біреуі бойынша қылмыстық іс қозғалмаған. Ең кереметі, орын алған осы оқиғалардың бәрін Астана қалалық ішкі істер департаментінің аға тергеушісі Л.Мақанова тексеріп, зардап шеккендердің «келісімі» бойынша істі қысқартып отырған. О, сұмдық-ай! Тергеуші Л.Мақанова марқұмдармен «келісіп», қылмыстық істі құрылыс басшыларының пайдасына шешіп берген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы комиссиясы «Аскади» ЖШС-ның құрылыс алаңында болған соңғы оқиғаны жан-жақты тексеріп, үш бірдей адамның өліміне толықтай жұмыс берушілер кінәлі екенін анықтаған. 2010 жылы Есіл аудандық прокуратурасы осы оқиға бойынша қайтадан қылмыстық іс қозғаған.
Ол ол ма, 2009 жылы Астана қалалық ішкі істер департаментінде өндірісте болған 142 қайғылы оқиға, оның ішінде 38 адам қазаға ұшыраған оқиға тіркелген. Прокуратура тексерісі бойынша, осы қайғылы оқиғалардың біреуіне ғана қылмыстық іс қозғалып, кейіннен оның өзі жабылып тасталған. Тіпті орын алған 33 қайғылы оқиға мүлде тіркелмеген.
Ау, тоқты-торым шетінесе де жауапсыз қалмайды ғой. Сонда құрылыс алаңдарында күн құрғатпай қайғылы қазаға ұшырап жатқан қыршындар үшін кім жауап береді?! Ауылдан нәпақа іздеп, қаладағы құрылысқа келген өрімдей қазақ жастарының кінәсі не? Еңбек қорғау заңы қайда, техникалық қауіпсіздік шарттары неге сақталмайды? Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 152 (еңбек қорғау ережелерін бұзғаны үшін) және 245 (құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін) баптары бойынша мекеме басшылары мен жауапты лауазымды тұлғалар неге қылмыстық жазаға тартылмайды? Бұған кім кінәлі?
«Бақсам бақа екен» демекші, оған бір жағынан алғанда, сонау бір өкпені қысқан өлара кезеңде елімізде асығыс қабылданған «Еңбек туралы» заңның өзі кінәлі сияқты. Капитализмнен секіріп өтіп, кемелденген социализм кеңістігінде көсіліп жатқан еліміз тоқыраудан кейінгі тоқсаныншы жылдары тесік астауға телміріп қалды. Кеңес құрамындағы «ағаларымыз» есік-терезесін тарс жауып, томаға тұйық кетті. «Өз күніңді өзің көрдің» керімен Қазақстан жабайы капитализмге жармасып, шұғыл нарықтық қатынастардың әліппесін үйрене бастады.
Жетпіс жылдан астам жарты әлемде үстемдік құрған кеңестік дәуір келмеске кеткен сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында республикамыздың өндіріс мекемелерінің 40 пайызы тоқтап қалды. Елімізде 52 млрд. теңгеден астам жалақы төленбеді. Зейнеткерлер мен мүгедектер айлар бойы зейнетақылары мен жәрдемақыларын ала алмады. Өндірісті тығырықтан шығару үшін инвестиция керек. Социализм заңдарына негізделген өндіріске инвесторлар келмеді. Міне, осындай жағдайда инвесторлардың мүддесіне негізделген жаңа заңдар қабылдау керек болды. Сөйтіп, 1999 жылы елімізде нарықтық қатынастарға бағындырылған «Еңбек туралы» жаңа заң қабылданды.
Бұл заң тұтастай алғанда жұмыс берушінің мүддесін ғана қорғады. Жұмыс беруші жалдамалы жұмысшымен еңбек шартын жасасады. Еңбек шартында ең төменгі жалақы мөлшері белгіленеді (әр жылда өзгеріп отырады, мәселен, 2010 жылы төменгі жалақы мөлшері 14800 теңге болды). Одан басқа 1999 жылғы «Еңбек туралы» заңда «Жұмыс істеушінің жағдайын жасау керек» деген жалғыз ауыз сөз жазылды. Бітті. Ол қандай жағдай, жұмысшының құқы қалай қорғалады? Оған ешкім бас қатырып жатпады. Ал еліміздің кеңестік кезеңдегі «Еңбек туралы» заңында еңбек қорғаудың, жұмысшының мүддесін қорғаудың 3 мыңнан астам заңдық негіздегі актілері белгіленген болатын. Бұрынғы заңда қарастырылған жұмысшыларға жәрдемақы төлеу, жұмыс уақытынан тыс кезеңге қосымша жалақы төлеу, материалдық көмек көрсету мәселелерінің бәрі алынып тасталды. Бұл шын мәнінде жұмыс берушіге жалдамалы жұмысшыларды құқықсыз қанауға арналған заң еді. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2004 жылы «Еңбек туралы» заңның жаңа жобасын жасап, бекітті. 2007 жылы Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын ұсынды. Бұл заң әлі күнге Парламентте жатыр.
ҚҰҚЫҢДЫ ҚОРҒАЙТЫН ЖАЛҒЫЗ ҚҰЖАТ – ЕҢБЕК ШАРТЫ
2006 жылы құрылыс саласы өндірісте орын алған қайғылы оқиғалар бойынша елімізде бірінші орынға шықты. Сол жылы Қазақстандағы құрылыс саласында 132 адам опат болып, жүздеген адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды.
Бұл қайғылы оқиғалар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін қатты алаңдатты. Арнайы комиссиялар құрылып, жан-жақты тексерістер жүргізілді. Бірақ «баяғы жартас, бір жартастың» кері келіп, министрліктің бұл апаттарға тосқауыл қоятын қауқары болмай шықты. Оған тағы Қазақстанның құрылыс саласында «жабайы капитализм» құру барысында қалыптасқан ретсіз нарықтық жүйе жөн бермеді.
Қитұрқы жүйенің қулығына құрық та байламайды. Қараңыз, белгілі бір құрылыс кешенінің нысандарын салу жөніндегі тендерді қаржысы мол бас мердігер фирма жеңіп алады. Енді құрылыс нысандарын салу үшін бас мердігер толып жатқан қосалқы мердігер (субподряд) құрылыс фирмаларын жалдайды. Ал бұл қосалқы мердігер ұйымдар болса, «сайда саны, құмда ізі жоқ» сансыз жеке кәсіпкер бригадалармен шарт жасасып, құрылыс жұмыстарына жүздеген жалдамалы адамдарды тартады. Бірақ қосалқы мердігер фирманың есебіне тек бригадирлер ғана тіркеледі. Міне, осындай қитұрқы тәсілдермен заңдарды айналып өтетін, қосалқы мердігер фирмалардың жұмыс штатында 20-30-дан аспайтын адам ғана болады. Бұл тәсіл мердігер фирмалар үшін салық органдарына, зейнетақы қорларына төлемдерді мейлінше аз төлеуге мүмкіндік береді. Заң бойынша, штатында 50 адамнан артық жұмысшы тіркелген мекемелер техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженерлермен қамтамасыз етілуі керек. Ал 49 адам ғана көрсетілетін болса, мұндай «артық» штат ұстамауға рұқсат беріледі. Айтары жоқ, бірінің-бірі көзін бояған «сауатты» заң, «тамаша» тәсіл.
Осындай толып жатқан көзбояушылықтардың салдарынан құрылыс алаңдарында болып жатқан қайғылы оқиғаларға жауап беретін нақты кінәлі тұлғаларды табу мүмкін емес. Бас мердігер ұйым құрылыс нысандарындағы нақты өндірістік жұмыстарды атқармайтындықтан қайғылы оқиғалар орын алса, қосалқы мердігер фирмаларға сілтейді, олар толып жатқан «жеке кәсіпкерлерге» сілтейді. Ал олардың жалдамалы жұмысшылармен жасасқан еңбек шарты да болмайды. Сөйтіп, құрылыс алаңдарында қайғылы қазаға ұшыраған қыршындардың құны сұраусыз, ешқандай қылмыстық іс қозғалмай «жабулы қазан жабулы күйінде» қала береді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас мемлекеттік еңбек инспекторының айтуынша, біздің еліміздегі еңбек инспекторларының құқы шектелген. Олар арнайы құрылған комиссиялардың құрамында қайғылы оқиғаларды тексеріп, комиссия шешімімен қылмыстық іс қозғау туралы мәселені құқық қорғау органдарына ғана тапсыра алады. Ал құқық қорғау органдары құрылыста орын алған оқиғалардың бірде-біреуін сотқа жеткізбей қысқартады. Ал өркениетті елдерде, мәселен Францияда, мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірісте орын алған қайғылы оқиғаларды өздері тексеріп, істі өздері сотқа тапсырып, нақты шешім қабылдануын қадағалайды.
Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Серікқали Бисақов 2009 жылдан бастап елімізде 167-ші халықаралық конвенцияның жұмыс істей бастағанын мәлімдеді. 167-ші халықаралық конвенция – құрылыстағы еңбекті қорғау конвенциясы. Бұл конвенциядағы 8-ші бап бойынша, белгілі бір құрылыс алаңында 2 немесе одан да көп қосалқы мердігер фирмалар жұмыс істейтін болса, онда бұл жердегі еңбек қауіпсіздігін бас мердігер фирма жауапкершілігіне алып, арнайы өкілдерін тағайындауы керек. Ал еліміз ратификациялаған халықаралық конвенциялардың күші заңнан жоғары болуға тиіс.
Ең өкініштісі, ауылдардан келіп, қалалардағы қаптаған құрылыс фирмаларында жалданып жұмыс істеп жатқан қандастарымыз өздерінің құқықтарын білмейді немесе құқықтарын қорғауға құлықсыз. Қайғылы оқиғаға душар болған азаматтардың туған-туыстары келеді де құрылыс ұйымдарының көмекке берген аздаған ақшаларына малданып, қылмыстық іс қозғалмауын қолдайтын өтініштерге қол қояды. «Тағдырдың жазуы солай болды» дегендей, қазақшылыққа басып, соттасып жүруді артық көреді. Осыны түсініп алған құрылыс фирмаларының қалталы иелері құрылыста жүріп жарақат алғандарға «аяғы сынса – 70-100 мың теңге», «белі үзілсе – 150-200 мың теңге» дегендей «такса» да белгілеп қойған.
Осыған байланысты қаладағы құрылыс фирмаларына жұмысқа қабылдаушыларға, ауыл-ауылдан келген көзі ашық қандастарымызға ескертетініміз, жұмыс берушілермен міндетті түрде еңбек шартын жасасып, еңбек шартына қол қойған кезде өздерінің құқықтары мен мүдделерінің толықтай жазылуына барынша көңіл аударулары қажет. Құрылыстағы жалдамалы жұмыс істеушілердің құқы мен мүддесін қорғайтын жалғыз құжат – осы еңбек шарты екенін, егер, жұмыс берушілермен әлдебір кикілжің жағдай бола қалса, жалданып жұмыс істеушінің талаптарын қолдайтын да тек осы еңбек шарты екенін ерекше ескертеміз. Сондықтан жұмыс берушімен шартқа отырған кезде асығыстыққа бой алдырмай, көңілжықпастық жасамай еңбек шартында өзінің құқы мен мүддесінің, заңдық нормалар негізіндегі барлық талаптарының көрсетілуіне күш салулары қажет. «Қасқырлар заңы» үстемдік құрған қатал нарықтық қатынастар заманында ешқандай ағайыншылықтың болмайтынын, өз құқың мен өз мүддеңді тек қана өзің қорғауға тиіс екендігіңді ешқашан естен шығармау керек.
Құрылысшы деген – құрметті мамандық. Адамзатты таңдандырған әлемдегі сәулет өнерінің кереметтерінің бәрін осы көне де киелі мамандық иелері тұрғызған. Бұрынырақта құрылысшы болу үшін жүйелі білім алып, жылдар бойы тәжірибе жинақтау керек еді. Ал қазір күрек ұстай білетіндердің бәрі дерлік қабырға қалқайтудан бәсекеге түскен қаптаған құрылыс фирмаларына келіп, бір сәтте құрылысшы болып шыға келеді. Жан-жақтан жұмыс іздеп, қалаларға ағылған жастарға құрылысшы мамандығының қыр-сырын үйретіп жатқан да ешкім жоқ, кәсіби біліктілікке баулып, оқытып жатқан да ешкім жоқ. Міне, сондықтан да соңғы жылдары құрылысшы мамандығының құны түсіп, күн-көріс үшін жалданған жалпы жұрттың «тал қармайтын» құтқару құрығына айналып барады. Экономикамыздың қарқынды даму саласына айналып бара жатқан құрылыс индустриясы бұл туралы қатты ойлануы қажет.
АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР
Көп қабатты аңғал-саңғал құрылыс нысанын аралап келеміз. Ашық-шашық есік-терезелерден гулеген жел ысқыра азынап, қуыс-қуысты шарлап жүр. Құрылыс нысанының алдына білек темірлері үзілердей сықырлап, қытай қаптарына сықай салынған гипс тиеген «КамАЗ» келіп тоқтады. Жас шамасы 18 бен 25-тердің аралығындағы төрт-бес жігіт сықай толған қытай қаптарын арқалап, жетінші қабатқа жаяу тасып жатыр. Жігіттерді әңгімеге тарттық:
– Мына «КамАЗ-ға» қанша тонна гипс тиелген?
– Тоғыз тоннадан кем емес, – деді өзін Жандос Бекмырза деп таныстырған жігіт.
– Сонда осының бәрін жоғары қабатқа жаяу шығарасыңдар ма? Жүк көтергіш кран бар емес пе? Белдеріңнен бел қалмайды ғой...
– Үйреніп кеттік қой. Әрине, алғашқы кезде қиын болды. Бес-алты күн белден баса алмай, бұлшық еттеріміз қол тигізбей ауырған кездері де болды. «Үш күннен кейін көрге де үйренеді» дегендей, төселіп алдық қой, ағасы, – деді Ержан Сәлімов деген екінші жігіт.
– Қай жерден келдіңдер, құрылыста жүргендеріңе қанша уақыт болды?
– Әртүрлі ғой. Менің Астанаға келіп, жұмыс істеп жүргеніме үш жыл болып қалды. Мына менің 19 жасар інім Айдостың келгеніне 5-6 ай болды. Біз Шымкенттің Түлкібас ауданынанбыз. Басқа жігіттер Көкшетау, Жамбыл облыстары жағынан. Біздің фирманың нысандарын араласаңыз, Қазақстанның барлық ауылдарының картасын жасап шығуға болады, – деді Жандос әзілдей күліп.
– Күніне қанша сағат жұмыс істейсіңдер?
– Таңертең сегізден күн батқанша істей береміз.
– Еңбек шартында қалай көрсетілген?
– Ой, оны кім біліпті, ағасы. Жұмысқа алғанда бір қағазға қол қойдық. Не жазылғанын оқығанымыз да жоқ. Бәрібір бастықтардың айтқаны болады ғой, ол еңбек шартында не тұр дейсіз...
Иә, қаладағы қай құрылыс алаңына барсаңыз да бір-біріне ұқсас осындай көріністер. Ал «жеке кәсіпкер» атын жамылған бригадирлердің қолтығындағы еңбек шарттарында құрылысшылардың жұмыс уақыты заң бойынша аптасына 40 сағат деп, «тайға таңба басқандай» көрсетілген. Ал Жандос айтқандай, таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыс істейтін құрылысшылардың жұмыс уақыты аптасына 80 сағаттан асып кетеді екен. Ол үшін олар қосымша жалақы да алмайды. Әрине, атқарылған жұмыс көлеміне байланысты жалақы төлеу тәртібі де бар. Бірақ оның қызығын да «жеке кәсіпкерлер» көреді.
Сол жарытымсыз жалақылар да уақытында беріліп тұрса құба-құп болар еді. «Стройастес» ЖШС атты фирма құрылысшыларының айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айынан бері көк тиын жалақы төленбепті. Мәселен, «Трансстроймост» АҚ атты құрылыс мекемесінің қазіргі күнге дейінгі құрылысшыларға төлемеген жалақы қарызы 529 млн. теңгеге жеткен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, дәл бүгінге дейін елімізде 291 мекеме өзінің жұмысшыларына 1 млрд. 975 миллион теңге еңбекақы қарызын төлемей отырған көрінеді.
Қазақстанда құрылыс индустриясы қатты қарқынмен дамып, миллиардтаған қаржы құйылған соңғы жылдары талай-талай құрылыс фирмаларының иелері қалтасын қалыңдатып, аты аңызға айналған олигархтардың қатарына қосылғаны жасырын емес. Олардың ешқайсысы құрылыс нысандарын салуға әкелерінен қалған дәулеттерін жұмсаған жоқ. Бәрі де нарықтың сынаптай сырғыған тәсілдерімен ауадан ақша, тақырдан табыс тапты. Сол тәсілдердің ішінде жалдамалы құрылысшылардың мүддесінен жонып алу әдісі де бар. Қазақстандағы қазіргі ең төменгі еңбекақы көлемі 15 999 теңге немесе 80 еуро көлемінде болса, алақандай Литвада бұл көрсеткіш 233 еуро, ал Польшада 318 еуродан асып жығылатын көрінеді. Ең төменгі еңбекақы көрсеткішінің көлемі бойынша Дания мемлекетінде жұмысшыларға әрбір жұмыс сағаты үшін 13,5 еуро төленсе, Қазақстанда сағатына 0,46 еуродан келеді екен.
Қанағатшыл қазақ құрылысшылары қай өңірде болса да, барды мәзір тұтып, ел ертеңінің жақсаруы жолында жан аямай еңбек етіп келеді. Бірақ «алмақтың да салмағы бар». Сондықтан қаптаған құрылыс фирмаларының қарапайым құрылысшылардың да мүддесін ойлап, еңбек жағдайын жақсартатын уақыты жетті. Құрылыстағы техникалық қауіпсіздік сапасын арттырып, еңбек қорғау шараларын өркениетті елдердің деңгейіне жеткізу мәселесі де кезек күттірмейтін міндет. Үкімет, жергілікті атқарушы органдар, еліміздегі ірі құрылыс ассоциациялары Қазақстан құрылысшыларының еңбек және әлеуметтік жағдайын жетілдіру шараларын күн тәртібіне шығарып, кешіктірмей нақты заңдар мен міндеттер қабылдауы керек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.