02 Наурыз, 2017

Димаш: Ата-анамның арқасында осындай деңгейге жетіп отырмын

647 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қытайда «I’m a Singer» халықаралық ән байқауына қатысып жатқан отандасымыз Димаш Құдайберген «Жэньминь жибао» («Халық газеті») газетіне сұхбат берді, деп хабарлады ҚазАқпарат. Димаш – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері Қанат Құдайбергенұлы мен Светлана Айтбаеваның ұлы. Өнерлі отбасында туған. «Өнерлі отбасында дүниеге келгеніме, осындай ата-анам болғанына өзімді ерекше бақытты сезінемін. Ата-анам өнер адамдары болмағанда, қанша құлшынғаныммен, әнші болуым екіталай еді», – деді ол. Димаш жақсы әнші болудың қыр-сырын айтып өтті. «Меніңше, музыкалық жағынан табысқа жету үшін кәсіби қабілет басым болу керек. Ең маңыздысы, әнді жүрекпен орындауың қажет. Мен Майкл Джексонның, Джеки Чанның, Лучано Павароттидің жанкүйерімін. Олардың барлығы тынбай еңбектенуінің арқасында үлкен табыстарға жеткен. Бәрінен де маңыздысы, олардың бәрі әлемдік деңгейдегі жұлдыздар болса да, өте кішіпейіл, бауырмал жандар. Сондықтан мен оларды үлгі тұтамын», – деді әнші Димаштың өнер жолында мұндай деңгейге жетуіне ата-анасының зор еңбегі сіңгені рас. Бұл туралы ол: «Ол кісілердің арқасында осы күнге жеттім. Ұстаздарыма да ерекше алғыс айтамын. Олар әрқашанда маған қолұшын беріп, мені қолдап келеді. Әрі менің кәсіби деңгейімнің өсуіне үлкен септігін тигізді», – деді Димаш. Димаш қазақ, орыс, итальян, француз тілдерінде, тіпті қытай тілінде ән айтып әлемді таңғалдырды. «Көп ізденемін. Опералық бағытта ән айтатын болғандықтан, әртүрлі тілдердегі әйгілі операларды орындап көрдім. Әрине, құлшына үйрену маңызды. Алдымен, сол елдердің музыкасы мен әуенін ұнату керек. Осыдан кейін ән мәтінін үйренесің. Тіпті, әнді жан-дүниеңмен түсіне аласың. Ұстаздарымның көмегімен осы тілдерді  үйренуге тырысып, шетелдік операларды нақышына келтіріп орындадым. Сол арқылы неміс, украин, француз, итальян, ағылшын, түрік тілдерінде айтып үйрендім. Қазір қытай тілінде айтуды үйреніп жүрмін», – деді ол. Димаш Аспанасты еліндегі «I’m a Singer» халықаралық ән байқауына қалай келген екен? «Байқаудың бас режиссері, тәлімгер Хун Тао бұрынғы менің халықаралық байқауларда өнер көрсеткенімді байқап, осында шақырды. «I’m a Singer» байқауы – нағыз әншілер бақ сынайтын өнер додасы. Уақыты мен айналымы да ерекше ұзақ. Ол сенің сахнадағы сәтіңді ғана емес, әншінің байқауға дайындалу барысын, сондай-ақ, сахнадан тыс тұрмыс-тіршілігін де көрсетеді. Көрермендерге әншінің өнерімен бірге өмірін де толық таныстырады. Бұл жобаның ең үлкен ерекшелігі – жасы үлкен, атағы әйгілі, табысқа жеткен әншілермен бірге бақ сынап жүрмін», – деді Димаш Құдайбергенұлы. Тыңдармандары Димаштан жоғары нәтиже күтіп жүргені анық. Ал әншінің өзі ші? «Байқаудың нәтижесінен бұрын, ең бастысы, көрермендердің қолдауына ие болсам деймін. Барынша жақсы өнер көрсетіп, биік белестерге ұмтылып, жанкүйерлерімнің көңілінен шығамын деген үміттемін», – деді әнші. Димаш Қытай елінің әншілерінен кімдерді сүйіп тыңдайды екен? Кімнің өнерін жоғары бағалайды? Бұл туралы: «Менің жақсы көретін әншілерім көп. Қытайлық әншілермен көп кездесулерде болдым. Барлығы өте қарапайым, ашық-жарқын, инабатты адамдар. Мен тәлімгерлер Хан Хун мен Лин Жышуанның өнерін жоғары бағалаймын», – деді ол. Димаш ЭКСПО кезінде сахнаға шығатынын мәлімдеді. «Биыл маусым айында Қазақстанда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі басталады. ЭКСПО тұңғыш рет Орталық Азия елінде өткізілейін деп отыр. Барлықтарыңызды Қазақстанға келіп, ЭКСПО көрмесін тамашалауға шақырамын. Бәрі сәтімен болса, мен ән айтатын боламын», – деді 22 жастағы әнші. Димаш сөз соңында тыңдармандарына жылы лебізін білдірді. «Армандарыңыздың орындалуын, өмір жолдарыңыздағы көздеген мақсаттарыңызға қол жеткізулеріңізді тілеймін. Күндеріңіз көңілді, тату-тәтті, араларыңыз мейірімге, сыйластыққа толу болуын тілеймін», – деп аяқтады сөзін.