Мәнерлеп немесе синхронды жүзуден Ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүрген және спорт мансаптарын аяқтаған қыздарымыздың бапкерлер штабына өкпесі қара қазандай екен. Көпшіліктен өздерін қорғауды, ал құзырлы органдардан мамандар тарапынан жасалған бассыздыққа нүкте қоюды сұрайды суға сұлу өрнек салған қыздарымыз.
Бәрін басынан бастасақ. Осыдан он шақты күн бұрын ғаламтор бетінде синхроншы қыздарымыздың ашық хаты жарияланды. Мұнда олар бас жаттықтырушы Жанна Демченко және штабтағы өзге бапкерлер Әлия Кәрімова мен Найля Баймұрзина тарапынан болған әділетсіз әрекеттерден әбден шаршағандарын жазған. Тіпті, нақ осы «жанашыр» мамандардың арқасында спортпен қош айтысуға мәжбүр болдық дегенді де айтады хат иелері.
Жалпы, қалам алып хат жазған қыздардың есімі еліміздегі суда мәнерлеп жүзу саласында жақсы танымал. Мысалы, Айнұр Керей мен Әйгерім Жексенбинова 2010 жылы Гуанчжоуда өткен XVІ Азия ойындарының қола жүлдегерлері. Ал Арна Тоқтаған болса, Доха-2006 Азиадасында қола медаль алған спортшы.
Сонымен, ашық хат мәтіні жария болысымен спортшыларымызға жан-жақтан хабарласушылар көбейген. Сондықтан олармен тілдесу оңай болмады. Десе де, орын алған оқиғаға қатысты құрамадағы танымал спортшы, Азия ойындарының жүлдегері Айнұр Керейдің пікірін өз аузынан естудің реті келді.
Тәжірибелі спортшы қыздың айтуынша, Ұлттық құрамадағы бассыздықтар біраз уақыттан бері жалғасып келеді екен. Жауапты мекемелер тарапынан синхроншыларды қамтамасыз етуге жеткілікті қаржы бөлінгенімен, олар қыздарға жетпей қалып отырған. Олардың қайда кетіп жатқанынан да бойжеткендеріміз бейхабар. Ал бұлар болса, қажетті киім-кешек пен жарыстарға баратын қаражатты ұзақ уақыттан бері өз қалталарынан шығарып келген.
Естеріңізде болса, былтыр Жанна Демченко Рио-2016 Олимпиадасына дайындық барысы жайлы сұхбат беріп, құрама мүшелерінің жағдайы толық жасалғандығын, ал суда шомылу киімдері Мәскеуде арнайы тігілетінін айтқан болатын. Бірақ бапкердің бұл сөздерін Айнұр жоққа шығарып отыр. «Жанна ханымның біздің жыл сайын киім-кешекпен қамтамасыз етілетініміз туралы айтқан сөздерін естіп таңғалдым. Себебі, біз әлем чемпионаттарындағы киімдерімізді өзге жарыстарда да кию үшін бірнеше жыл бойы сақтап жүреміз. Керек-жарақтың қашан берілетіндігін білмейтінбіз. Суда шомылу киімін сатып алған кездеріміз де болған», деген уәжді алға тартады Азия ойындарының жүлдегері.
Әріптесінің ойын мәнерлеп жүзуші Әйгерім Жексенбинова да қоштайды. Өз кезегінде ол бас жаттықтырушыға қымбат сыйлықтар алу үшін штабтағы бапкерлердің өздерінен бірнеше мәрте ақша жинағанын жайып салды.
Әрине, спортшының бағын ашатын да, бабын келістіретін де бапкер екендігін ескерсек, сол маманның еңбегін бағалап, лайықты сый-сияпат көрсеткенде тұрған ештеңе жоқ деуге де болатын шығар. Дегенмен, ол сыйлықтың мәжбүрлі түрде емес, шын көңілмен берілгені орынды әрі заңға қайшы келмейді.
Қыздардың ашық мәлімдемесіне қарсы алғаш пікір білдіргендердің бірі – жүзуден Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин болды. Ол өзінің Instagram парақшасында «Синхронды жүзуден ҚР Ұлттық құрамасының жалған мүшелері жазған ашық хатты жоққа шығару», деп шағымданушылардың сөздерінің шындыққа неліктен жанаспайтындығы туралы ойын бірнеше тармаққа бөліп жазған болатын.
Баландин де, синхроншы қыздар да бір ұйымның – Су спорты түрлері федерациясының қарамағына кіреді. Бірақ олардың салалары мүлде бөлек. Сондықтан Олимпиада чемпионының мұндай қадамға не себепті барғаны түсініксіз. Жоғары жақтың тапсырмасы ма, әлде құрбысы әрі мәнерлеп жүзуден Ұлттық құрама капитаны Кристина Тыныбекованың өтініші ме, ол жағы бізге беймәлім. Рас, көп ұзамай Дмитрий бұл жазбаны парақшасынан өшіріп тастады. Дегенмен, оның сөздері құраманың бұрынғы мүшелеріне ауыр тигені анық. Қыздар «Баландинді сотқа береміз, құраманың бұрынғы мүшесі екеніміз рас, бірақ жалған құрама деп айтуға оның құқы жоқ», деп мәлімдеп үлгерді. Ал мән-жайды өз аузынан есту үшін Дмитрийге хабарласқанымызда, ол әрекет нәтиже бермеді: чемпион телефон тұтқасын көтермеді...
Ал енді, Кристина Тыныбекованы тыңдасақ, арызданушы топтың басты мақсаты – бапкерлер штабындағы орындарды иелену. Сонан соң, бұл – қыздардың бірінші хаты емес екен. «Мұндай хаттар бұған дейін де жазылған. Бірде, тіпті, бізге құрамадан кетіп, өз командамызды құру туралы ұсыныс жасалды. Бапкерлерсіз. Спортшылар өздері де табысты өнер көрсете алады, тек қаржы мәселесі шешілсе болғаны деген пікірлер айтылды. Олардың «жылы орын» іздеп жүргендеріне күмәнім жоқ. Қазіргі бапкерлер жұмыстан кетсе, жеңімпаз ретінде солардың орнын иеленбек. Бас бапкерлікке Айнұр Керейді лайық көреді. Қалғандары оның сенімді серігіне айналмақшы».
Тыныбекова бұл келеңсіз жағдай құрамадағы қыздардың ұйымшылдығын мығымдай түскенін айтып отыр. Бапкерлер штабы қазір әңгімелесуге аса құлықты емес. Ал Жанна Демченконың бұл оқиғаға қатысты не дейтінін білу үшін хабарласқанымызда, ол қазір уақытының тығыздығын, бірақ алдағы күндері бізді қызықтырған сауалдарға толыққанды жауап беретіндігін айтып, уәде берді.
Қалай дегенмен де, кімнің жалған сөйлеп, қай тараптың сөзі шындыққа жанасымды екендігі міндетті түрде анықталады деп сенеміз. Себебі, мұндай келеңсіздіктер қай салада болсын бар және оның тамырына балта сілтегеннен басқа амал жоқ. Ал ақиқат салтанат құрар болса, заң мен ережені белшесінен басып жүретіндердің әрекеттеріне тыйым салынар деген үміттеміз.
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист
АСТАНА