03 Наурыз, 2017

Ержан Шынкеев: Крпалекті жеңгенім – өзіме-өзім сенгенім

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алманияның Дюссельдорф деген қаласында дзюдодан әлемдік Гран-при жарысының алғашқы кезеңі өтті. Осы дүбірлі додада аса ауыр салмақ бойынша (+100 кг) өнер көрсеткен Ержан Шынкеев Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Лукаш Крпалекті қола жүлде үшін болған белдесуде вазари әдісімен жеңіп, жанкүйерлеріне айтып жеткізгісіз қуаныш сыйлады. Қазіргі уақытта аталған қалада оқу-жаттығу жиынында жүрген апайтөс балуанмен телефон арқылы хабарласып, ойда жүрген сұрақтардың біразына жау­ап алған едік. – Ержан балуан, жеңіс құтты болсын! Осы турнир­де Лукаш Крпалекке жет­кенге дейін кімдермен бел­дестің? – Алғашқы белдесуім бразилиялық балуан Руан Искуэр­домен өтті. Оны жеңген­нен кейін грузин атлеті, әлем чемпионаттарының жүлдегері Адам Окруашвилиді вазари әдісімен тізе бүктірдім. Ал үшінші рет татамиге шыққанда жапон Хисаёши Харасавадан шидо – ескерту бойынша жеңіліп қалдым. Жұбаныш белдесуінде украиналық Яков Хаммодан басым түсіп, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алдым. Ал бұл сында Лукаш Крпалекті вазари әдісімен жеңдім. – Әлем және Олимпиада ойындарының чемпионын жеңгенің өзіңе деген сенім­ділікті арттырған шы­ғар? Жалпы, бұл балуанмен бұрын белдесіп көріп пе едің? – Әрине, Крпалектей күшті балуанды татамиге алып ұр­ғанда, біз де ешкімнен кем емеспіз-ау деген ойдың келгені рас. Күні кеше ғана Олимпиада чемпионы болған спортшыны жеңу, сөз жоқ, адамға қо­сымша күш береді, өзіңе деген сенімділікті еселей түседі екен. Жалпы, Крпалекпен бірінші рет күрестім. Ыңғайға келетін балуан екен... – Спортсүйер қауым, сенің жанкүйерлерің «Шынкеев биыл «Қазақстан барысына» қатыса ма екен?», деп жүр... – «Қазақстан барысын» ұту – менің басты арманым. Сәуір айында Қарағанды облысы бойын­ша осы жарысқа іріктеу сыны өтеді. Соған міндетті түрде қа­ты­сам. Алдымнан тосқауыл қо­йы­л­маса, мен күрестен қаш­қан емеспін. – Қазіргі уақытта сенің жеке жаттықтырушың кім? Жал­пы, қай маманның ақыл-кеңесіне көбірек құлақ түре­сің? – Мен әлем чемпионы Мак­сим Раковтың әкесі Сергей Ра­ков және Талғат Байшолақов деген білікті бапкерлердің қарамағында жаттығам. Жатты­ғу залында, татами үстінде көбіне Сергей Капитоновичпен жұмыс істеймін. Тәжірибелі маман. Ол кісіден үйренерім көп. Талғат Сайранұлы болса, психологиялық тұрғыдан көп көмек береді. Мен үшін адамды жігерлендіруге келгенде бұл бапкерге жететін маман жоқ. – Соңыңнан шыққан дүбір­ді сезесің бе? Ел ішіндегі жа­рыс­тарда кімдерді бәсе­келес санайсың? – Біздің елде дзюдо күресі дамып келеді. Соңымыздан ілесіп келе жатқан талапты деген жастар баршылық. Мы­салы, былтыр Қазақстан чемпионатының финалында өзіммен күрескен Еламан Ерғалиев деген балуанның бола­шағы зор деп ойлаймын. Өзімше, менің ізімді басар, ісімді жалғастырар жастың бірі сол болар-ау деп топшылаймын. – Әңгімеңе рахмет. Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»