Бірі бес жасар баланың бойындай үлкен, бірі бармақтың басындай ғана кішкентай екі кітапты әлдеқандай көрме сөресінен көзіміз шалып қалған соң, бұрын-соңды дәл мұндай ерекше кітаптарды кездестірмегендіктен, еріксіз тарихымен танысуға ұмтылдық. «Бұл ерекше екі кітап Қазақстанға қалай келді екен?» деген сұрақ себебін білмекке асықтырды.
Ұлттық Ғылым академиясының кітапханасындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында тұрған бұл кітаптар шынында да ерекшелерді ғана анықтауға тән «ең, ең, ең» деген өлшемге әбден лайық. Қараңғы қоймадан екі адам әрең көтеріп әкелген «Описание священнейшего коронования их императорских величеств, государя императора Александра ІІ и государыни императрицы Марии Александровны всея России» деп аталатын ең үлкен кітапты кітапхана талабына сәйкес, қолымызға әппақ қолғапты киіп алып, ақтара бастадық. Кітап 1856 жылы Парижден басылып шыққан. Салмағы – 22 кило, ұзындығы – 92 см, ені – 68 см. Ең қызығы, кітап қонақтарға тарту етілетін сый ретінде 200 данамен ғана басылып шыққан, оның 100 данасы француз тілінде, 100-і орыс тілінде жарық көрген. Кітапта Ресей императоры Александр ІІ-нің таққа отыру рәсімі суреттеледі. Еуропа мемлекеттерімен, соның ішінде Франциямен қырғи-қабақ болып келген Ресей империясымен арадағы тоң-торыс саясат Александр ІІ таққа отырған соң жібіп, алты айдан кейін тойланған салтанатты рәсімге орай француз баспасынан тасқа басылып шығады. Таққа отыру рәсімі 1856 жылы тамыздың 26-нан қыркүйектің 16-сына дейін жиырма күн бойы тойланған. Бүгінгі күннің тілінде «инаугурация» деп аталатын рәсімге Сібір қырғыздарының депутаттары аға сұлтан, майор Чорманов, сұлтан, подполковник Татенев, сұлтан, капитан Аблес Али қатысқан (кейінгі жылдары тарихшылар Аблес Алидің Абылай ханның тікелей ұрпағы екенін айтып жүр). Кітапта «Сібір қырғыздары» деп көрсетілген үш шендінің де қазақтар екені даусыз. Себебі, 55 беті түрлі-түсті және ақ-қара көркемсуретпен безендірілген 106 беттен тұратын кітаптың ішінде қырғыздардың бүркітпен аң аулап жүрген сәті бейнеленген сурет те бар. Өйткені, рәсімге қатысқан мемлекеттердің әрқайсысына өз елінің бір өнерін көрсету міндеттелгендіктен, қазақ елінен барған қонақтар бүркітшілік өнерін көрсеткені байқалады.
Бәрін қойшы, бағалы кітап бұйырған бақытты адам кім, 100 дананың біреуі қазақ жеріне кіммен бірге ілесіп келген? Кітапханаға ешкім де өз қолымен әкеп тапсырмаған, сирек кездесетін басылым Ұлттық Ғылым академиясының қорына «Букинист» арқылы келіп түскен. Академия басшылығы кітапты 1960 жылы 1500 рубльге сатып алған.
Ұлттық Ғылым академиясы орталық ғылыми кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының жетекшісі Гүлшат Абикова қордағы ең кішкентай кітаптың да тарихымен таныстырды. Қой асығындай қоңыр кітап жеке автордың шығармасы емес, қасиетті Құран кәрім. Шамамен, 1900 жылдары Ыстанбұл қаласында басылып шыққан. Құранның алғашқы бетіндегі «Матбағ Османия» деген жазу осыны айғақтайды. Құранның ұзындығы – 3,4 см, ал ені – 2 см, қалыңдығы – 1,2 см. Сүйріктей емес, саусаққа әрең ілінетін Құран Фатиха сүресінен бастап ең соңғы Нас сүресіне дейінгі парақтары толықтай сақталған. Құран шығыс қағазына, араб жазуының насих үлгісінде жазылған, сырты қызылды-жасылды тастары бар темір қорапшаға салынған. Кітап бойтұмарға арналып жасалған секілді. Құран сүрелерінің жазуы анық көрінгенімен, лупамен оқымаса, өте майда әріптердің оқылуы қиын. Бұл кішкене көлемді Құранның бұл нұсқасы ХХ ғасырдың басында шығып, осы күнге жеткен өте сирек кездесетін толық нұсқасы деуге болады. Кітап сирек қолжазбалар қорына 1967 жылы тапсырылған.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ