Адам ағзаларына жасалатын күрделі отаның бірі – бауыр ауыстыру. Өңірлер арасында бұл әдісті бүгінде ақтөбелік дәрігерлер тәп-тәуір меңгеріп қалғаны байқалады. Таяуда алты сағатқа созылған ота сәтті өтті. Отаның тағы бір ерекшелігі – лапароскопиялық тәсілмен жасалғанында. Мамандардың мәлімдеуінше, мұндай жағдайда жалаңдаған хирург пышағы ашықтан-ашық тәнді тілгілемейді. Соның әсерінен жарақат та, оның тілігі де аз болады. Сол себептен жараның орны да тез бітіп, жазылып кетеді. Бұл осындай озық әдіспен іске асқан еліміздегі екінші ота болып шықты. Ал алғашқы ота өткен жылы қазан айында республикалық эндоскопистердің конгресі кезінде жасалған.
Бұл жолы Ақтөбеде 24 жастағы қыз 48 жастағы анасына бауырының жартысын берген. Отаны Сеул ұлттық университетінің профессоры Кванг Вунг Ли мен ақтөбелік хирург-мамандар бірлесіп жасады. Қазір бой жеткеннің де, анасының да жағдайы бірқалыпты. Дегенмен, олар ауруханадан шыққаннан кейін де дәрігерлердің бақылауында болмақ. Облыстың бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, ақтөбелік дәрігерлер лапароскопиялық әдісті кореялық хирургтардан үйреніп, аталған елде білімдерін жетілдіріп қайтыпты.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ