Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен болған Парламент Сенатының отырысында алдымен Қазақстан мен Польша арасындағы Адамдардың реадмиссиясы туралы үкіметаралық келісім ратификацияланды.
Құжат уағдаласушы тараптардың аумағына заңсыз келген, онда болған немесе тұрып жатқан Қазақстан мен Польша азаматтарының, үшінші мемлекеттер азаматтарының немесе азаматтығы жоқ адамдардың реадмиссиясының құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерін регламенттейді. Келісім ережелері қайтарылатын адамдарды анықтаудың және олардың қауіпсіз транзитінің тетіктерін реттейді, тегін жол жүру құжаттарын беру тәртібін, жеделдетілген реадмиссияны қолдану шарттарын айқындайды.
Палата келесі кезекте Қазақстан мен Түркия Үкіметтері арасындағы арнайы мақсаттағы бөлімшелердің оқу-жаттығуларын өткізу кезінде қабылдаушы тараптың қолдау көрсетуі туралы өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялады. Меморандум аясында жіберуші тараптың техникасын, қаруы мен оқ-дәрілерін әкелу, ел ішінде алып жүру және әкету кезінде қабылдаушы тараптың әуе айлақтарын, автокөлік пен темір жолдарын беру мәселесін көздейді. Одан басқа, оқу-жаттығуларға қатысу кезінде жіберуші тараптың сұрауы бойынша қабылдаушы жақ қаруды, материалдық құралдарды, жабдық пен оқ-дәрілерді өтеусіз негізде ұсынуы мүмкін.
Сенаторлар одан кейін «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Құжат Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру туралы» есебін тыңдау кезінде айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген болатын.
2016 жылғы 1 қаңтардан бастап судьяның кәсіби қызметін бағалау туралы ереже қолданысқа енгізілген еді. Осыған орай, судьяның кәсіби қызметін кезең-кезеңмен бағалаудың теріс нәтижелері алынған жағдайда оның қызметін қайта бағалауды жүргізбестен лауазымынан босатуды қарастыру қажеттігі туындады. Сондай-ақ, заңда Сот төралқасы судьяны басқа сотқа немесе басқа мамандануға ауыстыру туралы шешім қабылдаған жағдайда судьяларды конкурс өткізбестен басқа сотқа ауыстыру тәртібі белгіленген.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, жаппай декларация тапсыруды енгізу мерзімдерін бір кезеңге – 2020 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру көзделеді. Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сайланатын лауазымға үміткерлердің активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны табыс ету мерзімін 2017 жылғы 1 қаңтардан 2020 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады. Сонымен бірге, Парламент Мәжілісінде жоба ережелері ғылыми, оқытушылық және шығармашылық қызметпен айналысатын отставкадағы судьяларға ай сайынғы өмір бойы қамтылымды төлеуге қатысты түзетулермен толықтырылып отыр.
Отырыста, сондай-ақ, заңнамалық актілерге Жоғары Сот Кеңесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды. Құжат Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында жариялаған судьяның кәсіби қызметін кезең-кезеңмен бағалау қорытындылары бойынша қабылданатын шараларды жетілдірудің қажеттігі бөлігіндегі тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Заңда «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Дегенмен, Парламент Мәжілісінде қарау барысында оның ережелері Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Заңына «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қатысты түзетулермен толықтырылды. Заңның қабылдануы Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылуына, судьялардың сот төрелігін атқару кезінде заңдылықты сақтаудағы жауапкершілігін арттыруға, судья лауазымына кадрларды іріктеу саласын реттейтін заңнаманы жетілдіруге ықпал ететін болады.
Отырыс барысында әдеттегідей сенаторлардың түрлі жауапты органдарға депутаттық сауалдары жария етілді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»