03 Наурыз, 2017

Бедел биігі

779 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданғанына – 25 жыл CІМ-де Қазақстанның БҰҰ-на мүше болғанына 25 жыл толуына орай дөңгелеік үстел өтті. Бұл шараға СІМ Қайрат Әбдірахманов, Қазақстанның БҰҰ-дағы алғашқы тұрақты өкілі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова қатысты. Жиынға қатысушылар Қазақ­стан мен әлемдегі ең жетекші халықаралық ұйыммен арадағы өзара ықпалдастығының негіз­гі кезеңдеріне тоқтала келе, ширек ғасыр ішіндегі ынты­мақ­тастықтың басты жетістіктерін атап өтті. Сонымен қатар, елі­міз­­дің 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшелігіне сайлануы бей­біт­шілік, қауіпсіздік жә­не даму тетіктеріне сүйен­ген жа­һан­­дық ұйымның қағи­дат­тары мен мақсаттарын тәжіри­бе жүзін­де іске асырудағы Қазақ­стан ат­қар­ған ауқымды жұмыс­тың қисынды жалғасы екенін жеткізді. Маңызды шараның ашылуында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов: «Еліміз үшін бүгінгі күннің маңызы ерекше. Осыдан дәл 25 жыл бұрын Қазақстан БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі болды. Бұл оқиға еліміздің дамуына қосым­ша серпін, халықара­лық қоғам­дастықпен жақсы қа­рым-қатынасты орнатуға үлес қос­ты. Бүгінгі кездесуге сол кез­дегі өте маңызды оқиға­лар­ға тіке­лей қатысқан тұлғалар қаты­сып отыр», – деді сыртқы саясат ведомствосының басшы­сы. Дөң­гелек үстел аясында Қай­рат Құдай­бергенұлы Қазақ­стан­ның БҰҰ аясында қол жет­кіз­ген жетістіктеріне Мем­лекет бас­шы­сының алысты болжай біле­тін кемеңгерлігі мен стра­те­гия­лық саясаты айтар­лық­тай ық­пал еткенін, соның арқа­сын­­да Қазақстан халық­ара­лық қоғам­дастық тарапынан мойын­да­лып, жоғары бағаға ие бол­ға­нын жеткізді. «Еліміз БҰҰ-мен жоға­ры деңгейде әріптестік орна­ту­ға мүд­делі. Елбасы БҰҰ-ның Штаб-пәтерінде 11 мәрте болды. Сон­дай-ақ, еліміз БҰҰ-ның 100-ден астам келісімшартының қаты­су­шы­сына айналды», – деді ол. Сонымен қатар, Қайрат Әбдірахманов Қазақстан­ның БҰҰ-ға мүше болғанына 25 жыл толуына орай, Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштен арнайы құттықтау хат келгенін жеткізді. «Өзінің жолдауында БҰҰ Бас хатшысы қазақ халқын, Қазақстан Президентін БҰҰ-ның игі бастамаларын іс жүзіне асыру жолындағы атқарыл­ған ауқымды жұмыс үшін шын жүрек­тен құттықтады. Сондай-ақ, ол біздің еліміздің ядролық қарусыздану, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы көшбасшылығын да айрықша атап өтті. БҰҰ Бас хатшысы бүгінгі ауқымды шараға да өзінің арнайы жолдауын жіберді», – деді Сыртқы істер министрі. Антонио Гутерриштің бұл жолдауын шараға жинал­ған­дар­дың алдында Норимаса Шимомура оқып берді. БҰҰ Бас хатшысы елімізді жетекші ұйым­ға мүше болуының 25 жыл­дығымен құттықтай келе, Қазақ­стан бұл атаулы күнді өзінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы кезеңімен қатар атап өтіп отырғанына тоқталыпты. Мәселен, жолдауда: «Бұл – осы елдің халықаралық және өңір­лік саясаттағы рөлін көрсетеді. Мен Қазақстанмен арадағы серік­тестігімізді өте жоғары баға­лаймын. Қазақстан қуаты жөнінен дүние жүзінде төртінші ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты. Бұл да осы елдің халық­аралық бейбітшілік саласына қосып отырған ауқымды үлесі», – делінген. Сонымен қатар, Антонио Гутерриш алда­ғы уақытта да Қазақстанмен бей­біт­шілік, орнықты даму бағытын­дағы өзара әріптестікке сенім артатынын жеткізген. Бұл күнгі жиын аясында сөз алған тәуелсіз Қазақстанның тұң­ғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов еліміздің әлемдегі жетекші ұйымға мүше болу тарихына қайтадан көз жүгіртті. «Ол кезде әлемнің көп елі Қазақстанды тәуелсіз мем­лекет ретінде мойындай бас­т­а­ған еді. Кейін біз бір­тіндеп Қазақстанның осынау халық­аралық ұйымға мүше болуына жол ашатын тиісті құжаттарды дайындай бастадық, осылайша, өзіміздің көздеген мақсаты­мызға жеттік. 25 жылдан кейін еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі­нің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы сессия­лары­ның мінберлерінен талай сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты. Осы жылдар ішінде бей­біт­шілік, қауіпсіздік, ядролық қару­сыздану салаларында өз бастамаларымен көш бастап жүрген лидерге айналдық. Енді біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі миссиясын белсенді атқара жүріп, жо­ғары деңгейде жүргізілуі тиіс жұмыстарымызбен ауқымды үлес қосуымыз керек. Мәселен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында үлкен жұмыстар атқарғанымыз жөн», – деді Төлеутай Сүлейменов. Қазақстанның БҰҰ-дағы ал­ғашқы тұрақты өкілі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ақмарал Арыстанбекова БҰҰ-ға мүше болған 25 жылдың ішінде Қазақстан аталған ұйымның белсенді әрі беделді мүшесіне айналғанын атап өтті. «Қазақстан мен БҰҰ-ның ширек ғасыр бедеріндегі ынтымақтастығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы рөлі мен беделін айқын көрсетіп берді», – деді Ақмарал Хайдарқызы. Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ-дағы ал­ғашқы тұрақты өкілі Қазақ­стан­ның БҰҰ аясында көтер­ген бастамалары мен атқарған жұмыстарына жан-жақты тоқталып өтті. Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Әйтімова Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан­ның БҰҰ-ға мүше болғанына 25 жыл толуына арналған дөңгелек үстелге қатысушыларға құт­тықтау хатын оқып берді. Онда: «Бүгін Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып кіргеніне 25 жыл толып отыр. Бұл дата – мемлекетіміздің тари­­хынан ерекше орын алатын ма­ңызды межелердің бірі. Бірік­кен Ұлттар Ұйымының қолдауы­н­ың арқасында әлемдік қоғамдас­тық Қазақстанды егемен ел деп таныды. Еліміз халықаралық құқықтың субъектісі ретінде жаһандық үнқатысуға белсене қатысып келеді. БҰҰ қазіргі заманның күллі түйткілдерін шешу үшін келіссөздер мен пікір­таластар жүргізіп, ортақ келі­сім­дерге қол жеткізуге арнал­ған әмбебап алаң ретінде бей­біт өмірді, қауіпсіздік пен тұрақ­тылықты сақтап қалуға орасан үлес қосты»,– деген жолдар бар. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Бас Ассам­блея­сының 42-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнінде кеңес құру туралы ұсыныс жасағанына, бұл бастама кейінгі 10 жыл­дың ішінде толығымен іске асқанына тоқталған екен. Парла­мент Сенаты Төрағасының құттық­тауын­да: «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі қыз­метіндегі Қазақстанның ерекше ден қойып отырған бағыттары еліміздің де, барша әлемнің де мүдделеріне толығымен сай келетіні күмәнсіз. Мемлекетіміз мәртебелі әрі жауапты міндетті абыроймен атқарады деп мен кәміл сенемін», – делінген. Бұдан кейін Бірғаным Әйтімова да Қазақстан әлемдегі ең жетекші ұйымдарға мүше болуы арқылы өзінің сыртқы саясаттағы орнын белгілеп қана қоймай, халық­аралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болғанын айтты. Жиынға қатысушылар Қазақ­станның БҰҰ-ның аясында Орталық Азия мен Ауғанстанның қауіпсіздігі мен экономикалық-әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жолында белсенді түрде бастама көтеріп жүрген бірден-бір мемлекет екеніне, сондай-ақ, еліміз алдағы уақытта Алматыда БҰҰ-ның Өңірлік хабын құру­ды көздеп отырғанына тоқталып өтті. Шара аясында Қазақ­стан Республикасы Президенті Мұрағатының қолдауымен арнайы көрме ұйымдастырыл­ды. Онда Қазақстан мен БҰҰ әріптестігі тарихынан хабар бере­тін деректі материалдар мен суреттер қойылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»