Жақында баспасөз беттерінде «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкі» басқарма төрағасы орынбасарының отбасы бірден жеңілдікпен үш пәтер сатып алғаны туралы жазылды. Бірақ банктің
өзінде де, «Бәйтерек» холдингінде де бұл жайтты бұзушылық деп санамайды екен.
Естеріңізге сала кетейік, «Ақ жол» фракциясы 2013 жылы екі рет (13 ақпанда және 19 маусымда) аталған мемлекеттік банктің сол кездегі басшылығының ұқсас іс-әрекеттері туралы сауалдар жариялаған болатын. Ал бұл банктің мұқтаж азаматтарға тұрғын үй алуға көмек көрсету мақсатында құрылғаны белгілі.
Сол кезде осы екі сауалға өздеріне және өз туыстарына жеңілдікпен элиталық пәтерлерді сатып алған банк басшылығының іс-әрекеті «әбден заңды» деген жауап берілген еді. Бұл өрескел іске сол жылдың 11 қазанында Елбасының өзі араласып, банк басшылығын ауыстыруды талап етті. Ал мұндай өрескел оқиға олар, сондай-ақ олардың туыстары сатып алған пәтерлерді мемлекетке қайтарып беру талап етілгенге дейін жалғасып жатты. Алдында айтылған барлық «заңды» деген сөздерге қарамастан, істер сот тәртібінде қаралған кезде көлденең тартылған пайымдар толық расталды, ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» қызметі өзінің бастапқы мақсатына – қарапайым азаматтарға көмек көрсету мақсатына қайта оралды.
Дегенмен, байқап отырғанымыздай, бұл өзгерістер баршаға бірдей қатысты болмағанға ұқсайды. Сөйтіп, банк төрағасы орынбасарының отбасы, сол кезде туындаған жанжалға және Елбасының мұндай жүгенсіздікті тоқтату туралы тапсырмасына қарамастан, 3 пәтерге қол жеткізу үшін жеңілдікпен миллиондаған теңге несие алыпты. Салыстыру үшін: сол кезеңде ипотека бойынша коммерциялық банктердің мөлшерлемелері 20%-ға дейін жетсе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» төрағасы орынбасарының отбасына несие небәрі 4 %-бен беріліпті.
Қарапайым қазақстандықтар жалғыз баспанасынан айырылып қалмас үшін жанталасып жатады. Сөйтіп, олар ай сайын бірнеше жүз мың теңге көлемінде төлем төлейді және оларға банктер теңгенің ескі бағамы бойынша қайта қаржыландырудан бас тартады. Ал мемлекеттік тұрғын үй банкі басшысының туыстары Астананың қақ ортасында орналасқан керемет пәтерлер үшін, кім-кімнің де сенбейтіні анық, айына небәрі 20 мың теңге төлейді екен.
Мұндай жағдай қанша жерден заңды болғанымен, мұның қоғамға қатысты бейәдеп әрекет және тіпті, адамгершілікке жат қылық екені күмәнсіз. Біздіңше, бұл жерде мәселе ақшада да емес, ең бастысы, қазақстандықтардың маңызды мемлекеттік бағдарламаларға деген сенімін сақтап қалу. Ал осындай бағдарламаларға жауапты адамдардың заңсыз әрекеттері салдарынан оған деген сенімді жоғалтып алу түк те емес.
Ерлан БАРЛЫБАЕВ,
Мәжіліс депутаты