03 Наурыз, 2017

Бизнесвумендер бірлікке үндейді

259 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Брифингке «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы хат­шылығының жетекшісі, Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, «Asyl Arman» ЖШС директоры, Оң­түстік Қазақстан облы­сы Өңір­лік іскер әйелдер ке­ңесінің төрайымы Алма Ар­хабаева, «Территория дизай­на deSali» студиясының, «Coffee & People» ЖШС директоры, Маңғыстау облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова мен «DELUXE» журналының бас редакторы, Қарағанды облысы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әлия Садырбаева қатысты. – Бүгінде әйелдер бизнес­те күн өткен сайын белсенді болып келеді. Кәсіпкерлікпен айналысып жатқан әйелдердің үлесі айтарлықтай өсті. Қол­да бар мәліметтерге қара­ғанда кәсіпкер әйелдердің үлесі шамамен 50 пайызға кө­бейді. Осының бәрі, әрине, мемлекеттің қолдауының нәти­­жесінде мүмкін болып отыр, – деді Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рама­занова. Оның айтуынша, былтыр Кәсіпкерлер палатасы алғаш рет Қазақстанның 6 өңірінде бизнесті микронесиелеу бағдарламасын іске қосты. Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қы­зыл­орда мен Маңғыстау облыс­тарындағы өңірлік ке­ңестер осы жобаның жүзеге асы­рылуында белсенді жұмыс атқарып келеді. Қазіргі кезде Қазақстан азаматтарының 52 пайызы, яғни жартысынан көбі әйелдер. Олардың ішінде 16 жастан 62 жас аралығында еңбекке жарамдылары – 5 323 439 (50 пайыз). Ал шағын және орта кәсіпкерлікті 697 355 (42 пайыз) әйел басқарады. «Атамекен» ҰКП 17 666 кәсіпкер әйелге сервистік қолдау көрсетсе, 45 501 әйелге ақпараттық қолдау жасады. – Іскер әйелдер кеңесінің жұмысынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Оның ішінде, Шығыс Қазақстан облысындағы ұсталықпен айналысатын Свет­лана Кошелеваның ісі ай­рықша мысал бола алады. Іскер әйелдер кеңесінің Көк­пекті ауданындағы бөлім­шесінің белсенді жұмысы мен қолдауының арқасында «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2 миллион теңге несие алып, өзінің шағын цехын ашып, темірден 10 түрлі бұйым дайындайды. Мұндай шеберлік ескерусіз қалмады. Шеберлер «Жаңа өнім» аталы­мымен марапатталып, сый-сыяпаттарға ие болды, – деді Ләззат Рамазанова. Брифингте іскер ханымдар алдағы жұмыс жоспарымен таныстырып, барлық әйелдерді ортақ іске бірігуге шақырды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»