03 Наурыз, 2017

"Атамекен" мемлекеттік сатып алу жүйесін өзгертуді ұсынады

104 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Сатып алуларды "бір терезеден" басқару тиімді, дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов. Бұл туралы palata.kz жазады. "Мемлекеттік сектор мен квазимемлекеттік компаниялардың қолданыстағы сатып алу жүйесінің кемшіліктері бірнеше жыл қатарынан бизнес-қоғамдастықпен талқыланып келеді. Ұзаққа созылған пікір-таластарға Мемлекет басшысы айқындық кіргізген болатын. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет. Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек», – деп атап өтті. Оның айтуынша, мәселенің бәрі процедуралардағы тәртіптің жоқтығында жатыр. "Салаға жүйелі өзгерістер қажет. Мемлекеттік сатып алуларға ең бастысы ашықтық жетіспейді. Бұл сұрақтың шешілуі интернеттің немесе бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесіне емес, адамның әрекетіне байланысты. Бүгінде жасалған сатып алулар бойынша қалыптасқан бағаларға ешкім мониторинг жасап отырған жоқ. Түйіткілдің барлығы осы жерден тамыр алады, мәселен бір тауар түрі бір кезеңде әр түрлі бағада сатып алынады. Тауар бір алаңда 150 теңгеге сатып алынса, екінші алаңда оның құны 300 теңге болады және керісінше. Сондықтан біздің ұсынысымыз: барлық алаңдарда тұтынушыға қолайлы жүйені бірізге түсіру қажет. Өз алдына «Атамекен» ҰКП тәуелсіз мониторинг пен баға сараптамасын құзырына алатын болады". Сатып алулар бойынша негізгі үш алаң бар, олардың операторлары ҚР Қаржы министрлігі жанындағы «Электронды коммерция орталығы» ЖШС, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жанынан құралған «Самұрық-Қазына Контракт» және ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «NADLoG» акционерлік қоғамы, сондай-ақ өздерінің электронды алаңдары жоқ басқа да ұлттық компаниялардың сатып алуларын айтуға болады, деген Елдос Рамазанов осы ұйымдардың әрқайсысында тендерлерге қатысу бойынша жеткізушілерге қоятын өз талаптары бар екенін айтты. "Бірақ бастысы әр алаңда тауар, жұмыс, қызмет көрсетуде өзіне ғана тән кодтау жүйесі қолданылады. Сондықтан нарықтың барлық қатысушыларына ортақ әмбебап жіктеу жасау қажет. Бәріміз бір мемлекетте өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Ендеше, мәселен, су құбыры NADLoG кодтау жүйесінде басқаша, ал Электронды коммерция орталығы бағдарламасында басқаша бағалануы керек?" "Түбегейлі жаңа дүниені жасаудың қажеті қанша? Біз интеграциялауды айтып отырмыз ғой, сондықтан қолданыстағы алаңдардың тәжірибесі негізінде бірыңғай жүйені қалыптастыру керек. «Самұрық-Қазына Контракт» ұйымында Тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің бірыңғай номенклатуралық анықтамалығы (ТЖҚ БНА) бар. Кәсіпкерлердің айтуынша, аталмыш кодтар анықтамалығы барлығына түсінікті. Қайта велосипед ойлап табудың қажеті қанша? Екінші мәселе: алдын ала іріктеу кезеңінде орын алып отыр. Іріктеудің тәсілдерін өзгертпей және процедурадағы ашықтықты қамтамасыз етпей, сатып алу саласындағы мәселелерден құтыла алмаймыз. Алдын ала іріктеуден өтудің бизнес бағыты мен сатып алудың күрделілігін есепке ала отырып, бірыңғай жүйе жасалу керек. Кәсіпкер бұл процедурадан бір рет қана өтіп, ал оның деректері автоматты түрде барлық алаңдармен қабылдануы қажет. Егер кәсіпкер басқа алаңдағы тендерге қатысқысы келсе, ол екінші рет қатысу үшін электронды формаларды қайтадан толтырмайды. Сатып алу алаңында деректерді бір рет тіркеу жеткілікті болады. Айталық, кәсіпкер жиһаз шығарумен айналысады делік, егер бизнестің басқа саласына ауысып кетпесе, жүйе деректерді жадында сақтап, кәсіпкерді «жатырқамай» қатысуға өткізеді", - деді. "Мұнда сатып алуға қатысушылардың бірыңғай реестрі қажет. Біздегі тәжірибе қандай? Кәсіпкер әр алаңға қарай ыңғайлануы керек. Өйткені әрқайсысының сатып алуға қатысу үшін өзінің талаптары мен ерекшеліктері бар. Бұл мәселе тәуелсіз сарапшылардың дербес мониторинг жасаулары үшін кедергі келтіреді. Енді алдын ала іріктеуге келсек, осы салада «Атамекен» ҰКП қолдауымен әлеуетті жеткізушілермен өзара жақсы байланыс жасап жүрген «Самұрық-Қазына Контракт» пен ҚР Қаржы министрлігін айтуға болады. Алайда «Самұрық-Қазынамен» жасалған алдын ала іріктеу сатып алудағы іріктеуге сәйкес келмейді. Яғни, сатып алудағы іріктеуде жүйелілік жоқ. Ал кез келген алдын ала іріктеудің мақсаты – біліктілігі жоғары әрі жауапкершілігі мол жеткізушілер пулын қалыптастыру. Біздің ұсынысымыз – сатып алудың күрделілігі мен бизнес қызметінің салалық бағытын ескере отырып бірыңғай алдын ала іріктеу жүйесін енгізу. Іріктеу жүйесі отандық тауар өндірушілерідің бірыңғай жүйесін қосатын тауар, жұмыс, қызмет көрсетуді жеткізушілердің бірыңғай реестрі негізінде құрылуы қажет. Ал реестр индустриялық сертификаттар негізінде жасалуы жөн. Соңғысын өз міндетіне «Атамекен» ҰКП алуға дайын", - деді. Оның айтуынша, сатып алу жүйесі зерттеулер мен сараптама жүргізу үшін ашық болады. Отандық тауар өндірушілердің реестрін жасай отырып, отандық кәсіпорындардың бәсекелестік артықшылықтарын бағалау мүмкіндігіне ие боламыз, ал осы негізде импортты алмастыру туралы айтуға болады. Индуастриалды сертификат нағыз өндірушілер мен оларға еліктеуші өндірушілер арасындағы ара-жікті, яғни делдалдар мен дилерлерден ажыратуға мүмкіндік береді. Міне сол кезде ғана сатып алулар мен ұзақмерзімді келісімшарттар арқылы  отандық бизнеске көмек беру туралы салалап айтуға болады. Сатып алулардағы ІТ-платформасы тұтынушыларына жағдай жасауына келер болсақ, бұл жерде маңызды екі мәселе бар. Біріншіден, сауда-саттыққа қатысушы әлеуетті кәсіпкерлерге бірыңғай қолжетімділік нүктесі қажет. Алаңдар түрлі бола берсін, жеме-жемге келгенде барлық сауда алаңдарын біріктіру тек қана техникалық сұрақ, алайда қолжетімділік нүктесі біреу ғана болу керек! Кәсіпкердің қолында тек бір құпия сөз болуы шарт. Оның рәсімдеу деректерін сәйкестендіру жүйесі де бір ізге түскені жөн. Екіншіден, бағаның дербес әрі жария мониторингі жасау қажет. Бұл міндетті Бизнес-қоғамдастығын шоғырландырушы ұйым ретінде «Атамекен» ҰКП-ға тапсыру орынды. Осылай ғана біз тендерлер өткізу үдерісінің өзіне тікелей қатыспай-ақ, олардың ашық жүргізілуінің онлайн-бақылауына мүмкіндік аламыз. Механизмнің өзін өзгертпей, формасын ауыстырудың мәні жоқ.