ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Елбасы Жолдауында қойылған міндеттемелерді жүзеге асыру үшін 5 маңызды бастама көтерді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында мәлімдеді, деп жазады Strategy2050.kz.
«Бірінші бастама – денсаулық сақтау жүйесін пациенттердің мүддесіне қарай интеграциялау. Интеграция профилактикалық деңгейден бастап бүкіл кезеңдерді қамтуы тиіс. Медицинаны дамыту, дені сау және ұзақ өмір сүру жөніндегі ұлттық бағдарлама қабылдау жоспарланып отыр, саланы цифрлау және ақпараттандыру жөніндегі шаралар жалғасады», - деді Е.Біртанов.
Е.Біртанов айтып өткендей, екінші бастама – стандарттарды Экономикалық әріптестік және даму жөніндегі ұйымның талаптарына сәйкестендіру. Бұл шаралар аясында жеке медицинаны дамытудағы кедергілерді жою, мемлекеттік функциялардың бірқатарын тәуелсіз кәсіби ортаға беру, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың бағасын реттеу жоспарланған.
«Қазіргі жағдайда мемлекеттік ресурстарды рационалды қолдану мәселесі өткір тұрғандықтан, үшінші бастама осымен байланысты. Бұл бағытта денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық және кадрлық саясатты қайта қарау қарастырылған. Жеке және шетелдік инвестициялар тарту, жеке-мемлекеттік әріптестікті дамытуға, ғылым мен медициналық білімді жетілдіруге мән берілмек», - деді министр.
Саланың жетістігін қамтамасыз ету үшін оның қаржылық тұрақтығын қамтамасыз ету керек. Сондықтан төртінші бастама ретінде қаржыландырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру міндеті қойылып отыр.
Сонымен қатар:Стационарлық көмекті пайдалануды азайту, Озық медициналық трансферттерді енгізуге ынталандыру, Бастапқы медициналық-санитарлық көмек бюджетін қажеттіліктерге қарай бөлу, Тарифтерді негізгі қорларды, капиталдық шығындарды, медициналық және ақпараттық технологияларға қызмет көрсетуге кететін шығындарды, қаржылық қызметтердің шынайы шығындарын есепке ала отырып қайта қарау қарастырылған.
«Бесінші бастама – пациентке есеп беретін және транспарентті жүйе қалыптастыру. Осыған байланысты медициналық мекемелерге шаруашылық жүргізу құқын беріп, корпоративті басқару енгізу, медициналық қызмет көрсетушілерге КPI енгізу, қызмет көрсету сапасы мен тиімділігін пациенттің мүддесіне бағыттау жоспарланған. Түпкі мақсат – медициналық қызметтің халыққа қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету болып табылады», - деді Е.Біртанов.