Бұл тарихи шешім ел дамуының жаңа парағын ашады
Бірлескен отырыстың беташарында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін атап көрсетті. Елбасы еліміздің Негізгі Заңына енгізу ұсынылған өзгерістер жобасын әзірлеу үдерісіне арнайы тоқталып, оны талқылау барысында жариялылық қамтамасыз етілгенін айтты. – Менің Жарлығыммен әзірленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды. Бәріміз заң жобасын жаппай талқылап қана қоймай, оның сапалы болғанын көріп отырдық, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жұмыс тобы атқарған жұмыстың қорытындысына тоқталып, Конституцияның 26-бабына қатысты өзгерістерді халықтың кей бөлігінің әрқалай түсінгенін айтты. – Жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісін және оның барлық бөлімін қамтитын 6 мың ұсыныс келіп түсті. Бүкіл конституциялық реформа қоғамымызды біріктіре түсуге бағытталады. Сондықтан мен 26-бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынамын. Жалпыұлттық талқылаудан өткенін ескеріп, заң жобасын Қазақстан халқының ортақ ұстанымы деп байыптауға болады. Жұрт өз сөзін айтып, сол арқылы мемлекеттік биліктің жаңғыруын қолдады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы өз сөзінде қазіргі реформалардың ерекшелігін атап өтіп, елді саяси жаңғыртудың жекелеген кезеңдеріне назар аударды. – Біріншіден, жаңа заң Парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтеді. Екіншіден, экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер берілетін Үкіметтің дербестігі артады. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылады. Заңдардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қорғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қаланады. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығая түседі. Бесіншіден, Тәуелсіздігіміздің, біртұтастығымыздың, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтініне конституциялық деңгейде берілетін кепілдік бекемдене түседі, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы осы жиында биліктің барлық тармағының жоғары кәсібилігін, олардың өзіне жауапкершілік алып, шешім қабылдай алатын қабілетін атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті президенттік басқару нысанының сақталатынын, мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасау мақсатымен жүргізіліп жатқан реформалар бағытының өзгермейтінін мәлімдеді. – Жолдауда айтылған жаңа міндеттер заң шығарушы және атқарушы органдарға айрықша жауапкершілік жүктейді. Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейту ел экономикасының үшінші жаңғыруының мақсаттарына тиімдірек қол жеткізуге септігін тигізетін болады. Бір айқын мәселе – Қазақстанның өзіне тән саяси моделі, яғни тұрақты президенттік билік сақталады. Сонымен бірге, Парламент пен Үкіметтің өкілеттігі неғұрлым кеңейіп, олардың рөлі арта түседі. Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып айтайын, өкілеттікті тиімді қолданудың өзі асқан өнер. Біздің президенттік билік жайында осы жылдардың ішінде түрлі пікірлер айтылды. Бірақ, біз ең алдымен өзімізге, қазақстандықтарға, халқымызға не керек, сонымен жүрдік. Осы нағыз дұрыс жол. Бұл қажырлы еңбек пен ыждағаттылықты қажет етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы өз сөзінде тоқталып өткендей, саяси жаңғырудың технологиялық жаңғырумен қатар қолға алынуы айрықша маңызға ие. Олар бір-бірін күшейтіп, толықтыра түсуі керек. Елбасы Жолдауында айтылған міндеттер заң шығарушы, атқарушы органдарға да ерекше жауапкершілік жүктейді. Жаңа жаһандық ахуалда мемлекеттің алға қойған стратегиялық бағдары өзгермек емес. Мемлекеттік меже – даму көшінің басындағы 30 елдің қатарында болу. Саяси һәм технологиялық жаңғырудың мақсаты да осы. Елбасы Парламент қабырғасында Қазақстанның басқару жүйесінде қолға алынған өзгерістер қоғамды демократияландырудың маңызды кезеңдерінің бірі екенін атап өтті. Ал демократиялық құндылықтарға арқа сүйеген өзгерістер Қазақстанның әлемдегі отыз озық мемлекеттің қатарына қосылуына ықпалын тигізетіні сөзсіз. Қаңтар айында конституциялық реформа жасау туралы бастама көтерілгеннен бергі аралықта тиісті заң жобасы әзірленіп, бір ай көлемінде бүкілхалықтық талқылаулар өткені мәлім. Оған барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, ғылыми және шығармашылық ұйымдар, қоғам белсенділері, қарапайым халық өкілдері атсалысты. Қоғамдық саяси ортада 2 мыңнан астам, ғылыми-шығармашылық ортада 50-ден астам республикалық деңгейдегі басқосу өтті. Конституциялық реформаларға қатысты өңірлерде 10 мыңға тарта шара өткізіліп, оған 2 миллионнан астам адам қатысқан. Бұл мәселе ақпарат құралдарында қызу талқыланып, 6 мыңға жуық ұсыныс түскенін айта кету керек. Отандық БАҚ-тар да әр азаматтың конституциялық реформаға қатысты ой-пікірлерін, ұсыныстарын білдіру үшін толыққанды жағдай жасады десек, артық айтқандық емес. – Кейбір баптар азаматтардың төтенше назарын аударып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген аталы сөз бар. Бұл пікірлер елімізде әлі де түйіні тарқамаған түйткілдер бар екенін айқын көрсетті. Ұсыныстардың көпшілігі топтастырылып, Конституция үшін керек баптары қабылданды және көп ұсыныстар заңдарға өзгеріс жасау мәселесіне қатысты болады. Оны Үкімет жағынан және сіздер қарайсыздар. Оларды кейінірек қарастыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар, алдағы жұмыстардың қандай болуы керек екендігін айқындап берді. Менің тапсырмам бойынша жұмыс тобы ұсыныстардың маңыздылығын ескере отырып, тиісті заң жобасын дайындады. Ол заң жобасын менің төрағалығыммен жұмыс тобының отырысында талқылағанымызды, қорытындысын жасағанымызды білесіздер, – деді Елбасы. Президент конституциялық реформаға қатысты заң жобасының депутаттық корпусқа тапсырылуының маңызы турасында да айтып өтті. – Парламент депутаттарынан тиісті заңнамалар мен үдерістерді сақтай отырып, көпке созбай аталған заң жобасын қарастыруды сұраймын. Конституцияда негізгі заңды өзгертудің екі жолы бар. Президент талқылаудан кейін өзгерістерді жалпыхалықтық референдумға жібере алады немесе парламенттік талқылау болады. Мемлекеттік басқарудың, адам құқықтары мен бостандықтарының негізгі басымдықтары өзгермейтіндіктен, көп шығынмен референдум өткізудің қажеті жоқ. Сондықтан мен заң жобасын халық сайлаған депутаттық корпустың қарауына ұсынуды жөн санадым. Депутаттық корпус бұл жұмысты ойдағыдай атқарады деп сенеміз. Баршамыздың мақсатымыз бір – мемлекеттік басқару жүйесін бұдан да тиімді әрі тұрақты ету,– деді Н.Назарбаев. Елбасы сөзінде айтылғандай, жаңа заң жобасында Конституцияның 23 бабына өзгеріс енгізу қарастырылған. Елбасының тапсырмасымен, Президенттің шаруашылық басқаруына 35 өкілеттігін төменгі деңгейге беру ұсынылады. Конституцияның 23 бабында көрсетілген, басқа да заңдардағы Президент өкілеттіктері Парламент пен Үкімет құзырына өтеді. Ол заңдар көп ұзамай Парламентке енгізілетін болады. – Біз осы заңдар арқылы билік тармақтары мен олардың деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді барынша тиімді етіп, қайта бөлеміз. Осының бәрі жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге уақтылы жауап беріп, алдын алу үшін жасалып отыр. Ол Ата Заңға бұған дейін енгізілген өзгерістерден әлдеқайда маңызды және ауқымды деп санаймын. Сол себепті, бұл тарихи шешім ел дамуының жаңа парағын ашқалы отыр. Саяси жаңғыру конституциялық реформа арқылы нақты жүзеге асатын болады,– деді Елбасы. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы Парламент депутаттарына заң жобасын белгіленген барлық үдерістерді сақтай отырып қарастыру жөнінде ұсыныс білдірді. – Мынау зымырап бара жатқан уақыттан дер шағында озу қажет. Бұл оңай емес. Конституциялық реформалар Қазақстан қай бағытта жүреді деген сұраққа біздің нақты жауабымыз болғалы тұр. Ол – демократиялық даму бағдары. Біз – жауапты сәттердің бәрінде ауызбіршілігімізді паш еткен халықпыз. Қазір де осы асыл қасиеттерімізді танытуға тиіспіз. Ел болашағы үшін айрықша маңызды істі абыроймен атқаратынымызға нық сеніммен тиісті заң жобасын Парламентке енгізіп отырмын. Енді Парламент заң жобасын қараудың күн тәртібін мұқият сақтай отырып, ашық және жариялы түрде құжатты қарауы қажет. Мәселеге елдік мүдде тұрғысынан қарап, заңды ұзаққа созбай қабылдайсыздар деп мен кәміл сенемін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, назарларыңызға раxмет! – деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.Парламенттің пәрмені күшейіп, Үкіметтің жауапкершілігі артады
Мемлекет басшысынан кейін сөз алған Президент Әкімшілігінің Басшысы – Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков ұсынылып отырған өзгерістердің нақты жобасын Парламент депутаттарына таныстырды. Ә.Жақсыбековпен қатар, Жұмыс тобының өзге де мүшелері депутаттардың жаңа құжатқа қатысты сауалдарына жауап беріп, ұсыныстарына құлақ түрді. – Мемлекет басшысы Парламент қарауына берген заң жобасында ел азаматтарының көпшілігі қолдаған ұсыныстар назарға алынды. Ұсынылып отырған конституциялық реформаларды негізгі бес блокқа бөліп қарауға болады. Біріншісі – түзетулер Парламеттің рөлін күшейтуге бағытталған. Үкіметті жасақтаудағы Мәжілістің рөлін күшейту ұсынылады. Сонымен қатар, Үкімет пен оның мүшелерінің қызметін бақылау өкілеттігі бойынша Парламент палаталарының рөлін күшейту қарастырылған. Үкімет құрамын жасақтау кезінде келесі тәртіп ұсынылады. Мемлекет басшысы бұл қадамға барлық билік тармақтарының жұмысының тиімділігін арттыруға, сонымен қатар, олардың арасында өзара тепе-теңдіктің сақталуы үшін барып отырғанымыз туралы айтқан болатын. Үкімет құрамын жасақтау кезінде келесі тәртіп ұсынылады. Премьер-Министр Мәжіліспен кеңескеннен кейін Мемлекет басшысына Үкімет мүшелігіне үміткерлер туралы ұсынысты енгізеді. Президент өзі тағайындайтын Сыртқы істер министрі мен Қорғаныс министрі ғана бұл ережеден тысқары қалады, – деді Ә.Жақсыбеков. Жұмыс тобының жетекшісі айтып өткендей, билік тармақтары арасында өкілеттіктер қайта бөлінгеннен кейін Парламенттің жаңа құрамы сайланса, Үкімет құрамы да қайтадан жасақталады. – Конституциялық реформалар аясында маңызды бір норма бар. Оған сәйкес, Үкімет өз өкілеттігін жаңадан сайланған Парламенттің алдында тапсырады,– деді Ә.Жақсыбеков. – Парламенттің әрбір палатасы қандай да бір министрдің жұмысына қанағаттанбаса, Президенттің атына үндеу жолдау арқылы министрді жұмыстан босата алады. Жаңа заң жобасында қарастырылған тағы бір маңызды мәселе прокуратура жұмысына қатысты. Бас прокуратураның бірқатар өкілеттіктеріне қатысты Мәжіліс депутаты Глеб Щегельский Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Басшысына сауал қойған болатын. – Мен заң жобасын бірінші оқылымда қабылдауды қолдаймын және әріптестеріме де осы заң жобасын қолдауды ұсынамын. Баяндамашыдан мына мәселені анықтап алғым келеді. Құрметті Әділбек Рыскелдіұлы, қолымыздағы Конституцияның 83-бабы 1-тармағына сәйкес, прокуратура заң және өзге де құқықтық актілерді қабылдауға наразылық білдіре алады. Ал ұсынылған өзгерістерде прокуратураның аталған өкілеттігі алынып тасталған. Бұл өзгеріс не үшін жасалғанын айтып беріңіз, – деді депутат. Ә.Жақсыбеков бұл жаңашылдық прокуратура органдарын жаңғырту мақсатында енгізілгенін жеткізді. – Қазіргі заңнамада тым күрделі мәселелер көп. Негізгі Заңда болса, осы органның тек басты базалық өкілеттіктерін қалдыру қарастырылған. Бұл – заңды ұстануға қатысты жоғары қадағалау, сотта мемлекет мүддесін қорғау, қылмыстық қудалау құзыры. Прокуратураның барлық өкілеттігін жеке заңнамада нақты белгілеу көзделіп отыр. Өз кезегінде, бұл прокуратура органдарының мүмкіндіктерін уақыт талаптарына сай жинақыландыруға жол ашады,– деді ол. Бірлескен отырысқа қатысқан Бас прокурор Жақып Асанов та өзі басқаратын ведомство өкілеттігінің азаюы немесе азаймауы Парламенттің құзырында екендігін тілге тиек етті. – Жалпы, біздің жұмысымыздың негізгі бағыты заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекет мүддесін қорғау, қылмыстық қудалау. Соның барлығы бүгінгі жаңа жобада сақталған. Қолымыздағы заң жобасында біздің көп функциямыз егжей-тегжейлі жазылған. Біздің заман талабына сай көптеген өзгерістерді дер кезінде жасай алмай келгеніміз жасырын емес, сол себепті, жаңа құжатта көрсетілген мәселелер өте орынды деп есептеймін. Жалпы, өкілеттіктеріміз азая ма, әлде арта ма, ол жағы Парламенттің құзырында. Бұл мәселеге қатысты сіздердің алдарыңызға әлі талай келеміз,– деді Бас прокурор. Конституциялық өзгерістер Елбасының мораторий жариялау құқығына әсер етпейді. Бұл туралы Ә.Жақсыбеков депутат Азат Перуашевтің сауалына қайтарған жауабында айтты. Қолданыстағы Конституция Президентке Заңдық күші бар заңдар немесе жарлықтар шығару құқығын беріп келді. Түзетулер жобасында Конституцияның 45-бабы 2-тармағынан бұл құқықты жою ұсынылады. Тәуелсіздік жылдарында Президент үш мәрте мораторий жариялағаны белгілі. Дағдарыс кезінде бұл шаралар кәсіпкерлік сала үшін айтарлықтай демеу болып, бірқатар кәсіпкерлерді құлдыраудан құтқарып қалды. – Бүгінде бизнестің осы мәселеге қатысты қаупі бар. Президенттің мораторий жариялау құқығы сақтала ма? Және ол қандай нормаларға сүйенбек?– деді депутат. Президент Әкімшілігінің Басшысы Елбасының бұл өкілеттігі Конституцияның 45-бабының 1-тармағына сәйкес сақталатынын айтты. Яғни, республика Президенті Конституция мен заңдар негізінде елдің аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады. А.Перуашев айтқан мораторий осындай жарлықтармен бекітіледі. Ата Заңымыздың 91-бабында «Конституцияда белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды» деген жолдар тайға таңба басқандай көрсетілген. Парламентке жаңадан түскен заң жобасында бұл бапқа қатысты не айтылған? Осыған алаңдаушылық білдірген депутат Бақытжан Әбдірайымның тарапынан сұрақ қойылды. Ә.Жақсыбеков оған былай деп жауап берді: – Осы мәселе бойынша бізге халық тарапынан, қоғамдық ұйымдардан, зиялы қауым өкілдерінен көптеген сұрақтар түсті, ұсыныстар айтылды. Сондықтан, Президент 91-бапқа сәйкес, Тәуелсіздік – негізгі құндылық деп шешті. Бұл бапқа ешқандай өзгеріс жасалмайды. Президенттің облыс пен қала әкімдері шығарған актілерінің күшін жою туралы құзыры сақталады. Мәжіліс депутаты Серік Бектұрғанов бұл туралы: – Конституциялық өзгерістер туралы заң жобасында Президент облыс, қала әкімдерінің актілерін толық немесе жартылай тоқтата алады деп көрсетілген. Сонымен қатар, Конституцияның өзге де баптары бойынша Үкімет облыс, қала және Астана әкімдерінің актілерін толық немесе жартылай тоқтата алады деп жазылған. Бұл екі бап бір-бірімен бәсекелесіп, қайшылықтарға соқтырмай ма?– деген сауал қойған-ды. Оған еліміздің Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Игорь Рогов жауап берді. – Бұл баптар жаңадан енгізілген жоқ, қазіргі Конституциямызда бұрыннан бар. Бұл құзыреттілік қалдырылды. Бұған дейінгі тәжірибемізде екі баптың қайшылығы туралы оқиға тіркелген емес, – деді Конституциялық Кеңес Төрағасы. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттары бойынша Үкіметтің жауапкершілігі күшеюде. Жаңа заң жобасында көрсетілгендей, алдағы уақытта Үкімет мемлекеттік бағдарламаларды өзі әзірлеп қана қоймай, оны іс жүзіне асыруға да толықтай жауапты болмақ. Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Ирина Аронованың сауалына орай, Әділбек Жақсыбеков былай деп жауап берді: – Үкімет өзге инстанцияларға жауапкершілік жүгін арта алмайды. Себебі, атқарушы билік өзі әзірлеген стратегиялық құжаттарға қатысты жауапкершілікті де өз мойнына алуға тиіс. Бұл Үкіметтің жауапкершілігін жоғарылатып қана қоймай, оның жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Депутаттар Жұмыс тобының мүшелеріне сұрақ қойып қана қоймай, өз тараптарынан жаңа құжатқа қатысты ұсыныстарын да жеткізді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Анар Жайылғанованың пайымдауынша, қазіргі Конституцияның 44-бабының 3-тармағында көрсетілгендей, Президент Қорғаныс министрін, Ішкі істер, Әділет, Сыртқы істер министрлерін өзі тағайындауға құқылы. – Аталған норманың ұсынылған редакциясына сәйкес, бұл тізімнен Әділет министрі мен Ішкі істер министрі алынып тасталған. Әділет министрлігіне қатысты өзгеріс өзін-өзі ақтайды делік. Ал Ішкі істер министрлігінің азаматтардың қауіпсіздігі мен ішкі қауіпсіздікті сақтаудағы рөлі стратегиялық маңызға ие екендігін ескерсек, менің сұрағым бар. Бәлкім, Ішкі істер министрін тағайындау өкілеттігі Президент құзырына берілуі керек шығар, – деді депутат. Ә.Жақсыбеков атап өткендей, бұл мәселені орынды деуге болады. Президент еліміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы болып табылады, ал Ұлттық ұлан – Ішкі істер министрлігінің бөлімшесі. – Президент заң жобасын Парламентке талқылау үшін берді. Меніңше, бұл мәселеге қатысты баршамыз Келісім комиссиясымен ақылдасуымыз керек, оның құрамында Жұмыс тобының да мүшелері бар. Мүмкін, Қорғаныс министрі сияқты, Ішкі істер министрін қызметке тағайындау мен босату құқығы да Президентке берілгені жөн болар. Екінші оқылымда тиісті шешім қабылдаймыз деп сенемін, – деді бұл туралы Ә.Жақсыбеков. Президент Әкімшілігінің Басшысы – Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Жұмыс тобының жетекшісі Ә.Жақсыбековтің қатысуымен өткен жиыннан кейін үзіліс жарияланды. Қос палатаның бірлескен отырысы түстен кейін қайта жалғасты.Ел болашағының айшықты бедері
Осы күні өткен Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин жетекшілік еткен бірлескен отырыстың келесі бөлімі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылауға арналды. Талқылау барысында Парламент депутаттары конституциялық реформалар жөнінде өз пікірлерін айта келіп, заң жобасына енгізілгелі отырған өзгерістердің мән-маңызына баса назар аударды. Алқалы жиында бірінші кезекте сөз алған Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов жиында алдағы өсу жолымызды айқындайтын тәуелсіз тарихымыздың шежіресіне айналар өзекті іс талқыланып отырғанын, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған тағдырлы мәселе – саяси басқару жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселе екенін атап көрсетті. Біз бір ай бойы Елбасымыз бастамашы болған билік тармақтары өкілеттіктерін қайта бөлу туралы қағидаттың қыр-сырына үңілдік, түбегейлі талқыладық. Нәтижесінде, ел Президентінің саясат сынағындағы өжет қимылы шын мәнінде екінің бірінің қолынан келмейтін батыл қадам екеніне көз жеткіздік. Расында да, Президенттің өз билігінің көптеген бөлігін биліктің өзге тармақтарына беруі біздің тәуелсіздік ғұмырнамамызда ғана емес, арғы-бергі тарихымызда болмаған, әлемдік саясатта кездесе бермейтін ерекше бетбұрыс, деді депутат. Б.Ізмұхамбетов, сондай-ақ, тәуелсіздік таңы атқан алғашқы күннен бастап, әрбір қадамын нық басып, алдын ала болжам жасап, барлық қиындықтарды сарабдал саясатымен еңсеріп, елін, халқын өркениет биігіне жетелеген Елбасымыздың бұл жолы да заман тынысын дөп басып, батыл қадамдар жасағанына тоқталды. Қазақстан тұрақтылық сән-салтанат құрған, алпауыт елдермен иық теңестірген азулы мемлекет болды. Мұның Тұңғыш Президентіміз негізін қалаған мықты президенттік басқарудың арқасында бағындырған биіктер екені сөзсіз. Енді осы жетістіктерімізге тірек, өркениетімізге өзек болар үлкен өзгерістер қолға алынғалы тұр. Елбасы өзі жасаған қазақстандық дамудың жаңа кезеңінде Парламент пен Үкіметке зор сенім артты. Осы жерде баса айта кететініміз, азаттықтың ақ таңы атқан күннен Елбасының батыл қадамдарын, әлеуметтік-экономикалық, саяси бастамаларын жүзеге асыруда Парламентке айрықша жауапкершілік жүктеліп келеді. 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум өтіп, бүгінгі талқыланып отырған Ата Заңымыздың тұсауы кесілген кезден бастап, біздің қос палаталы Парламент ашық пікірлер мен жария саясаттың биік орны ғана емес, сонымен бірге, мүмкіндігі мол, қуаты мықты, маңызды мемлекеттік әрі халықтық институт болып қалыптасты, деді ол. Қазіргі таңда қолға алынған саяси реформаларды тәуелсіздік алған күннен демократиялық даму үрдісіне ден қойып, халықтың үні мен қалауын алдыңғы қатардан түсірмей келе жатқан Елбасының сындарлы саясатының заңды жалғасы деп атаған депутат, ендігі кезекте Үкімет Президент алдында қалай есеп берсе, Парламент алдында да сондай жауапкершілікте болатынын, сондай-ақ, алдағы уақытта Парламент Үкімет құрамын жасақтауға белсене қатыса алатынын жеткізді. Бұдан бөлек, ол енді Үкімет Елбасымыз белгілеген басым бағыттар аясында қажетті шешімдер қабылдап, әлеуметтік-экономикалық салаға толығымен жауап беретінін, Президенттің бірқатар өкілеттігі бөлінгенмен, Тәуелсіз еліміздің бүгінге дейінгі тұрақты дамуының кепіліне айналған президенттік басқару формасы өз күшінде қалатынын атап көрсетті. Сонымен бірге, Б.Ізмұхамбетов қоғамымыздың Елбасы Үндеуі мен Жолдауын талқылау барысында болашаққа байыпты болжам жасай отырып, өз ұсыныс-тілектерін жеткізгеніне екпін берді. Осындай ұсыныстардың бірі Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидатқа қойылатын негізгі талаптарға қатысты болды. Конституцияның 41-бабында ел Президентінің лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік өлшемдерінің ішінде жоғары білім жайы ескерілмегені мүлдем ақылға қонымсыз. Тіпті, мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысы үшін де жоғары білім болуы қаралған, ал елді басқаратын президенттікке кандидат үшін бұл қаралмаған. Сондықтан да президенттікке кандидатқа қойылатын басты талаптар қатарында міндетті түрде жоғары білімінің болуын Конституцияға енгізу қажет деген нақты ұсыныс бар. Бұл болашақта орын алуы мүмкін келеңсіздіктің алдын алудың бір жолы деуге болады, деді депутат. Сөзінің соңында шешен: «Елін сүйген – елі сүйген Елбасының айналасына топтасып, біз, қазақстандықтар, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын нығайту жолында уақыттың кез келген сын-қатеріне қарсы тұра алатынымызға, тәуелсіз Қазақстанымыздың тұрақты дамуын, өркендеуін және барлық азаматтарымыздың әл-ауқатының ұдайы өсуін қамтамасыз ететінімізге, әлемнің ең бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің қатарына қосылатынымызға сенімдіміз!» – деді. Бұдан кейін сөз кезегі сенатор Серік Ақылбайға берілді. Ол бірінші кезекте өткен кезең ішінде халқымыздың рухы мен бірлігінің арқасында республикамыз барлық көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізгенін атап көрсетті. Саясаттың тұрақтылығы мен көп бағыттылығы еліміздің экономикасына үлкен инвестицияларды тартудың кепілі болды. Барлық осы жетістіктер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жүргізген салиқалы саясатының арқасында мүмкін болды. Дегенмен де, осы жетістіктерге қарамастан, Қазақстан қол жеткізген табыстарында тоқтап қалмай, дамудың жаңа белесіне түбегейлі жаңа идеялармен өтуде. Себебі, прогресс және жалпы мемлекеттің өміршеңдік мәселелері әрқашанда өзінің өзектілігін сақтап қалуда, деді сенатор. Сөзін әрі қарай жалғаған С.Ақылбай тәуелсіздік жылдары ішінде заңдар мен қоғам институттары адами сана және қоғам үрдісімен бірге бірте-бірте дамуы тиіс екендігін ұғына отырып, Президент мемлекетіміздің дамуының жаңа жолдарын көрсетіп келе жатқанын қозғады. Қазақстан одан бетер бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін не істеуіміз керек? 25 жыл ішінде Тәуелсіздіктің барлық жетістіктерін қалай сақтауға болады? Мемлекетті басқарудың тиімділігін қалай жақсартуымыз керек? Елімізге одан да көп инвестицияларды қалай тартуға болады? Барлық осы сауалдар өзекті болып табылады және нақты жауапты қажет етеді. Айтылған сауалдарға жауап ретінде еліміздің саяси өміріндегі жаңа бағыттарды білдіретін нысан – ұсынылып отырған конституциялық реформа деп санаймын, деген сенатор қоғамдық сананың өзгерістеріне әсер ететін, стратегиялық ойлау қабілеті өте жоғары саясаткер болғандықтан, Елбасы Қазақстанда демократияның негіздерін одан әрі нығайту мақсатында Парламент пен Үкіметтің рөлін айтарлықтай арттыруды ұсынып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда қоғам Президент ұсынған конституциялық реформалар бойынша маңызды шешімдер қабылдау табалдырығында тұр. Бұл ел тарихының аса маңызды сәті болып табылады, себебі, Конституцияға енгізілетін өзгерістер қазақстандық мемлекеттіліктің архитектурасына оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ, сенатор қазіргі қолданыстағы Конституцияға толықтырулар мен өзгерістер 1998, 2007 және 2011 жылдары енгізілгенін, аталған өзгерістер мемлекеттің дамуына өзінің оң әсерін тигізгенін сөз ете келіп, қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған конституциялық өзгерістердің мағынасы конституциялық негіздердің қорғау тетіктерін күшейту, Парламент пен Үкімет арасындағы кейбір өкілеттіктерді қайта бөлу, прокуратура мен сот жүйесіндегі конституциялық негіздерді нақтылау, сонымен қатар, жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару органдары қызметінің құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіру болып табылатынын көлденең тартты. Сенатор өз сөзінде еліміздің Президентін сайлауды заңды түрде одан әрі реттеу бөлігіндегі Конституцияның 41-бабы 2-тармағына толықтыруларды енгізу туралы депутат Б.Ізмұхамбетовтің бастамасын қолдайтындығын білдірді. Қоғам мен мемлекет үшін президенттік институттың орасан зор маңыздылығы тұрғысында еліміздің Конституциясында және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда президенттіктен үміткерлерге қойылатын талаптар мен шарттарға елеулі назар аударылуы тиіс. Осы орайда, әріптестерімді ұсынылған редакцияны қолдауға шақырамын. Пайымдауымша, осы аталған түзетулер толықтай конституциялық реформалардың мазмұнына сәйкес келеді, деді С.Ақылбай. Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова бүгінде әлемдік қоғамдастық Қазақстанды бейбітшілік салтанат құрған, береке-бірлікті ту еткен ел ретінде танитынына тоқтала келіп, сын сәтінде қазақ жұртының тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтергеніне екпін берді. Сондай-ақ, ол биылғы жылғы Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуі ел дамуының жаңа міндеттерін айқындап бергенін айтты. Тәуелсіздіктің таңы атқалы қазақ жұртының шаңырағын шайқалтпай, ел еңсесін тіктеуді ғана ойлаған Елбасы биліктің басқа тармақтарына өзінің 60-қа жуық өкілеттігін беру туралы шешім шығарды. Бұл – уақыттың өзі екшеген, елге деген сенімнен туған әділетті шешім. «Мен не істесем де, қабырғалы халқыма арқа сүйеп істедім» деген Елбасының салиқалы сөзі бар. Елбасының 26-бап туралы шешімі осы орамды ойдың нақты дәлелі, деді Б.Хаменова. Депутат, сонымен қатар, бұдан тура үш ай бұрын, Ата Заңымызда мемлекетімізді құрудағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірегей үлесін атап өту жөнінде және Елбасының тарихи болмысы кеңінен насихатталуы керектігін, бұл орайда сәулетті бас қаламыз – Астанаға, еліміздің маңызды нысандарына Елбасы есімін беру тұрғысында ұсыныс айтқанын еске сала келіп, осы ойын талқылау барысында қайта жаңғыртты. Халқымыз үшін аса қасиетті Тәуелсіздік, Егемен Қазақстан, Тұңғыш Президент, Елбасы ұғымдары әлдеқашан бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдарға айналған. Ендеше, Конституциядағы 91-баптың 2-тармағының нұсқасын: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының ерен еңбектері, тәуелсіз ұлттың қалыптасуына жасаған толағай табыстарын да ерекшелеп, бірегей үлесі аталып өту қажет», – деген мәтінмен толықтыруды ұсынамын. Осы орайда, қалың жұртшылықтың ойы да біздің Тәуелсіздікті тұғырлы еткен Көшбасшымыздың саяси, тарихи тұлғасын Ата Заңымызда айқындау жөніндегі ұсынысымызбен бір арнаға тоғысты, деді депутат. Б.Хаменова сөзінің соңында елімізде қолға алынған конституциялық реформалар алты Алаштың баласының игілігіне айналатынына сенетінін жеткізді. Сенатор Асқар Бейсенбаев Тәуелсіздіктің 25 жылында атқарылған жетістіктер қазіргі саяси жүйенің жемісі екеніне тоқтала отырып, әлемдегі өзгерістерге сай Елбасы тарихи бастамаға жол ашқанын, Қазақстанның дамуы үшін Конституцияға қажетті өзгерістерді ұсынғанын және оны бүкілхалықтық талқылаудан өткізуді тапсырғанын айтты. Талқылауға қоғамның барлық өкілдері белсене қатысты және өз ұсыныстарын айтып, Үндеуді қолдады. Бұл конституциялық реформа халқымыздың ынтымағы мен бейбіт өміріне кепілдік береді. Мемлекеттілігіміздің негізгі тірегі – президенттік басқару билігі сақталады. Қазақстанда президенттік басқару нысаны елімізді ұлтаралық араздықтан, саяси және әлеуметтік дағдарыстан қорғағаны баршамызға белгілі. Сондықтан, президенттік билік нысаны еліміздің менталитетіне, халқымыздың сұранысына, заман талабына толық жауап береді, деді сенатор. Сонымен қатар, А.Бейсенбаев Президенттің өз өкілеттігін биліктің басқа тармақтарына ықыласымен беруі тарихта сирек кездесетін оқиға екенін атады. Тәуелсіз елімізді күллі әлемге мойындатқан, жаңа Қазақстан мемлекетінің архитекторы – Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін Конституцияда бекіту туралы әріптесіміз Бақытгүл Хаменованың ұсынысын қолдаймын. Елбасы саясатының, күшті президенттік биліктің арқасында Қазақстанда нарықтық экономика қалыптасты. Экономикалық институттар құрылу, қалыптасу кезеңінен өтіп, тұрақты даму деңгейіне жетті, деді ол. Одан әрі А.Бейсенбаев барлық дамыған мемлекеттер өзінің саяси-демократиялық дамуында адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше көңіл бөлетініне назар аудара келіп, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты – ел ішінде заңдылықты күшейтеді және атқарушы билік органдарының қызметін құқықтық негізді реттейді. Қазақстанда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы 2002 жылы Президент Жарлығымен бекітілді. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілді Парламент сайлайды және Конституция деңгейінде бекітіледі. Конституциялық реформа аясында, Парламент өкілеттілігін кеңейту мақсатында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 1-тармағына «Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады: Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді 5 жылдық мерзімге сайлау мен қызметтен босату», – деген өзгерту енгізуді ұсынамын», деді сенатор. Оның айтуынша, осы норманы Конституцияға енгізу, Парламент пен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін күшейтеді, жауапкершіліктерін арттырады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының конституциялық бекітілуі – тұлға мәртебесінің күшеюіне және адам және азаматтың бостандықтары мен құқықтары жүзеге асырылуының кепілдігіне бағытталған демократиялық дамуындағы маңызды қадам. А.Бейсенбаев сөзінің соңында талқыланып отырған заң жобасымен толық келісетінін және өзге әріптестерін де оны қолдауға шақыратынын айтты. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев өз сөзінде депутат Б.Хаменова мен басқа да әріптестерінің Тәуелсіздіктің қалыптасуында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің атқарған айрықша рөлі мен мәртебесін Конституцияда бекітуді ұсынған ұсынысын қолдайтынын және оны бүгінде өзекті әрі негізделген қадам деп санайтынын атап өтті. Елбасы бүгінгі таңда билік тармақтарының әлеуетін кеңейтіп, олардың ел алдындағы жауапкершілігін де арттырып отыр. Үнемі ұлттық мүдде үшін, парламентаризм мен бизнесті қолдау бастамаларын көтеріп келе жатқан «Ақ жол» партиясы Президенттің конституциялық реформасын жоғары бағалайды және Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ықтиярына алғысын айтады. Мемлекет басқару ісі – машақатты да, мәртебелі міндет. Елімнің тәуелсіздік алып, өз алдымызға отау көтеріп, елордамызды салып, әлемге танылып жатқанымызға 25 жылдың жүзі болды. Осы жылдың ішінде Қазақстан халқын бір атаның баласындай бір шаңырақ астында бауырластырып, олардың әрқайсысына туған тілін, дінін, мәдениетінің гүлденуі мен ұлт ретінде ұйыса дамуына еркіндік беріп отырған, соларды қанаттандырып отырған Елбасының еңбегі ерен. Расында да, халықтар тұрғысынан алғанда Президенттің еңбегі – зор мәні бар тарихи еңбек, деді А.Перуашев. Сенат депутаты Людмила Полторабатько Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылында табысты мемлекетке айналғанын, бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев 25 жылдыққа арналған салтанатты жиында ерекше тоқталғанын сөз ете келіп, Конституцияға өзгеріс енгізу Парламенттің рөлін күшейтіп, дербестігін арттыруға, Үкіметтің жауапкершілігін жоғарылатып, сот жүйесі мен прокуратура қызметінің конституциялық негіздерін түзетуге бағытталған. Ұсынылып отырған өзгерістер заман талаптарынан туындаған. Менің ойымша, бұл қоғамдық-саяси процестерді нақты көрсетіп тұр. Сондықтан мен оны қолдаймын, деді сенатор. Одан әрі Л.Полторабатько өз сөзін сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздеріне байланысты өзгерістерге қатысты өрбітті. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында сот қызметтерінің тиімді заңдық базасы жасалып, соттардың тәуелсіздігін арттыру үшін кешенді шаралар жүзеге асырылған. Сонымен қатар, сот ісін жүргізу процедурасы жеңілдетіліп, сот инстанциялары оңтайландырылды. Конституциялық нормада бекітілген судьяларға қойылатын талаптар тәуелсіздік жылдары өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазіргі таңда сот қызметінің құқықтық негіздері, судьяларға үміткерлерге қойылатын талаптар, оларды іріктеу тәртібі «Сот жүйесі туралы және Қазақстан Республикасы судьяларының статусы» туралы және «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі» туралы Конституциялық заңдарымен реттеледі. Конституцияның 81-бабына енгізілетін өзгерістің редакциясында Жоғарғы Сот азаматтық, қылмыстық және басқа да істер бойынша Жоғарғы сот органы болатыны, заңда белгіленген тәртіп бойынша өзіне тиесілі заңмен реттелген сот істерін қарастырып, сот практикасын түсіндіретіні айтылған, деді ол. Бұған қоса, сенатор Конституцияның 83-бабы бойынша прокуратура мемлекеттің атынан республика заңнамаларының жүзеге асырылуын бақылайтынын, сонымен қатар, жедел іздестіру қызметі, әкімшілік және атқарушы өндірісті, мемлекеттік органдар мен қоғамдық қатынастағы түрлі салалар қызметінің заңдылығын қадағалайтынын жеткізе келіп, «Конституцияның 83-бабы бойынша заң жобасындағы өзгерістер прокуратура қызметінің одан әргі дамуының басқа жолын ұсынып отырғанын айтты. Дегенмен, оның Қазақстан Республикасы а