13 Сәуір, 2011

Ұстаз жазбалары

631 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
“Өмір өткелдері” деген кітапты парақтап отырғанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың “Не деген керім еді! Не біледі осы жұрт, не біледі? Бабалардың баласы қариялар, Сиреп бара жатқандай көрінеді” деген өлең жолдары ойға оралғаны бар. Шынында, кешегі мен бүгін­гі­нің арасын жібек арқаудай жалғап, ұрпақ сабақтастығының, елге адал қызмет етудің, құлқынның құлы емес, жұрт­тың ұлы болудың, ақыл­дың кенін, сөздің нәрін қадірлеудің әдемі үлгісін көрсетіп келе жатқан, түлен түртсе де түзу жолдан тайма­ған, әділеттен ай­нымаған қадірлі қарттар­дың қашан­да жөні бөлек қой. Кітап авторы – таяуда өмірден өткен Нағым Құсайынұлы өмір бойы ауылда тұрып келген екен. Қазақ тілі мен әдебиет пәні­нің үздік оқытушысы болыпты. Өз маманды­ғы­нан, туған жерінен айнымаған мұн­дай адамды ауыл­дың алтын дің­гегі, қасиетті дала­ның лүпілдеп соқ­қан жүрегі десе болар. Ұстаздық ете жүріп, өмір­ден көргендері мен кө­ңіл­ге түйгендерін қағазға түсіріпті. Кітаптың әр бөліміндегі ұлт­тық үлгі, халықтық салт-дәстүр, тарихи ке­­зеңдер, тіл тағдыры, ел бірлігі, өнер өрісі, өрен жастың өршіл рухы ту­ра­лы жазбалар оқыған адамды бірден баурап алады. Ел ішіндегі жылт еткен жақсылықты, ұлты­мыз­ға тән жақсы қасиеттерді автор сергектікпен хатқа түсіріп, халыққа ұсы­нып­ты. Жеті бөлімге топтас­тыр­ған мақа­ла­лардың тақырыбының өзінен-ақ көп жайды аңғаруға бол­а­ды. Мыса­лы, “Қартая білу де қадірлі қасиет”, “Тоқсанда тозбаған, толға­тып сөз қоз­ғаған”, “Тілді қорлағаны, бізді қор­­лағаны”, “Ақсақал” мен “ар­дагер­дің айыр­ма­сы”, “Бас бұ­зар­ға сот бар, тіл бұ­зар­ға ше?”, “Алты жыл аш бол­саң да, атаң­ның салтын ұмытпа” сияқ­ты және тағы басқа та­қырыптар негізінде қоз­ғаған әңгіме ащы шын­дық­ты, бұл­тақ­сыз ақи­қат­ты алдыңа тартады. Мұ­нымен қа­тар, кітапта автор ел ау­зынан жи­наған шешендік сөз­­дерге, ұрпаққа тиесілі үлгі-өне­ге­ге, аңыз-әпсана­ларға да мол орын беріпті. Бір замандары хат жазысып тұру өнер болғанын бүгінде бәрі­міз де білеміз десек, кітап ав­торы әлі күнге оны өшірмей жал­ғап келеді екен. Соның бір дә­лелі қа­зақтың айтулы азаматтарымен жазысқан хаттары­ның ең соңғы біреуі қолымызға тү­сіп еді. Соны оқырманға таныстыра кетсек, ар­тық бола қоймас. Қазақ әдебиеті­нің айтулы ақсақал­дары­ның бірі, Қазақстанның халық жазу­шысы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагері Әзілхан Нұрша­йық­овтың тетелес інісіне жолдаған сәлем хаты былай басталады. “Құр­метті Нәке! Сізге сәлем жолдаймын. Хабарлас­па­ға­ны­­мыз­ға көп болды. Өткен жылдың аяғында Астанада “Егемен Қазақстанның” 90 жыл­дық тойында балаңыз Темірмен кездестім. Темір маған сіздің “Өмір өр­нектері” деген тамаша кітабы­ңызды сыйлады. “Тамаша” деп отыр­ған себебім: бала оқытқан, көп­теген жа­лын­ды жас­тар­ды тәр­биелеп, халық орбитасына кө­тер­ген сіз сияқты үл­гі­лі қарт ұстаздар көп қой. Бірақ, со­лар­­дың көбі, кәрі­лік заңына бағы­нып, таяқ ұстап, тым-тырыс отырып қалды. Сіз ұстаздық ұлағаттарыңыз­ды қағазға түсіріп, кітап етіп шы­ғарып, қазақ халқының болашақ бірнеше ұрпақтарына үлгі етіп, ұсынып отырсыз. Мен сізді осы ұлы еңбегіңізбен құттықтаймын! Мен ертеде шыққан Макарен­ко­ның, Сухомлинскийдің кітап­тарын білетін едім. Қазақ ұстаз­дарынан шыққан солардай үлкен кітапты бірінші рет қолыма ұстауым. Жеті тараудан тұратын бұл қымбат кітапта қазақтың ұлттық өнегелері тегіс топ­тастырылған. Сіз сияқты үлкен ұлағатты ұстаздың кітабына менің “Мәңгілік махаббат жыры” кіта­бым туралы өзіңіздің ұстаздық қа­сиетті қолыңыздан шыққан өнегелі ма­қа­ла­­ңыздың кіргеніне өте қуа­ныштымын. Құрметпен қолыңызды қыса­мын. Отбасыңызға сәлем. Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ. 24.01.2010 ж. Алматы” деген көрнекті қаламгердің берген баға­сына біздің алып-қосарымыз жоқ. Тек тілек-ниеттің ортақ­тығын білдіргіміз келеді. Сүлеймен МӘМЕТ.