Конституция – халық пен биліктің арасындағы басты шарт. Ол – мемлекеттік құрылымды бекітуші, адам мен азаматтың құқықтарын жария етуші және қорғаушы басты құрал. Оны қабылдау мен өзгертудің екі жолы бар. Елбасы оны ашып, жіктеп айтты. Біріншісі – референдум, ал екіншісі – Парламент.
Референдум қаржыны керек етеді. Оған арнайы мерзім қажет. Референдумды қай уақытта қолданған дұрыс? Ол – Конституцияның нормаларын түбегейлі әрі күрделі өзгерткенде, халықтың жалпы қолдауын мұқтаж еткенде пайдаланатын үдеріс. Яғни, мемлекеттік билік органдарының формасын, азаматтардың құқықтық мәртебесін немесе өзге де базалық нормаларды түзеткенде жүгінетін тетік.
Ал Парламент арқылы өзгерту оңтайлы да жылдам. Бүгінгідей өкілеттікті бөлу үшін парламенттік тәсіл өте тиімді. Жаңа ережелер енгізілмейді. Өйткені, Конституция, біріншіден, заң. Жоғары императивті қуаты бар құжат. Қоғамның белгілі бір даму кезеңінде оның өзгеруі, толықтырылуы – заңды құбылыс. Қатып қалған қағида емес. Өмір өзгеріп тұрады. Адамның билікке, меншікке, заңға көзқарастары өзгерген жағдайда оны реттеу тетігі, яғни құқылық қатынас өзгереді. Конституция нормалары да уақыт пен кеңістікке бейімделеді. Кешегі маңызды мәселе бүгін қарапайымдануы, ал бүгінгі ұсақ мәселе ертең күрделенуі мүмкін. Міне, осындай заманауи талап Конституция, заң, дәстүр, этика, эстетика сияқты әлеуметтік нормаларды да өзгеріске әкеледі.
Елбасы ұсынған түзетулерге мұқтаждық осындай қоғамымыздың даму үрдісінен туындап отыр. Қазақстан президенттік биліктегі ел болып қалыптасты. Біздің адамдар биліктің символы Президент деп түсінуге дағдыланды.
Осы өткен 25 жылда мемлекет билігі қалыптасып, қоғамымыздың сан-салалы өмірі дамыды, азаматтардың қорғалуы мен қауіпсіздігі, барлық мұқтаждықтардың шешілуі, елдің халықаралық саясатқа биімделуі тек Президент арқылы жүзеге асты. Қарапайым адам мемлекеттік билікті Президентсіз елестете де алмайды. Мемлекетті қалыптастырудың алғашқы жылдарында биліктің Президент қолына жиналуы, оның өкілеттігінің қарымды болуы сол кезеңдегі саяси ахуалдан туындаған еді. Және ол өзін ақтаған, дұрыс шешілген мәселе болды.
Енді қоғамымыз жетіліп, дербес кәсіби мемлекеттік механизм қалыптасқан кезде Президенттің мойнындағы жүкті жеңілдетіп, біраз өкілеттікті Парламент пен Үкіметке бөліп беру – иіні қанған жағдай.
Конституциясыз да заңдардан тыс Президенттің халық үшін мойнына алған жауапкершілігі мен өкілеттіктері 100-ден асады. Халық Президентке қамқоршы, құтқарушы, әділетті шешімнің нар тұлғасы деп қарайды, үміт артады. Сондықтан, ол кісінің қарауындағы құзыреттерді неғұрлым жеңілдетіп, Парламент пен Үкіметке бөліп беру билік тармақтарының жауапкершілігін арттырады және олардың халықпен байланысын нығайтады.
Бұл мәселелер қарастырылып жатқан реформада нақты айқындалуда. Жалпыхалықтық талдауда жақсы қолдау тапты. Реформадан Президент билігі әлсіремейді. Қайта нақты функцияларға бағытталады. Ал Парламенттің өкілеттігін күшейту арқылы оған халықтың сенімін, құрметін арттырамыз. Жасыратыны жоқ, 90-шы жылдары екі Жоғарғы Кеңес таратылып, кейінгі шақырылымдар дүркін-дүркін өздері тарау туралы бастама көтеріп, депутат беделі, Парламент құзыры дегендер қарапайым халық пікірінде кері әсер қалдырған еді.
Кеңестік дәуірде конституция декларативті, қасаң құжат болды. Оған сілтеме жасамақ түгілі, оның негізгі нормаларын адамдар білмейтін. Қоғам партия шешімдерімен, үкімет қаулыларымен, министрліктердің нұсқауларымен басқарылды. Бүкіл кеңестік дәуірде 42-ақ заң қабылданды. Оның өзі негіздік, реттеуші қуаты жоқ заңдар болды. «Азамат» деген ұғымның құқықтық сипатынан гөрі, эпикалық сипаты басым еді. Ол кезде өзімізді «Қазақстан азаматы» емес, партия мүшесі, жұмысшы тап, колхозшы, комсомол ретінде ғана сезінетінбіз. Сөйлегенде «мен жұмысшымын» немесе «коммуниспін» деп айтатынбыз. Ал бүгін «Тәуелсіз Қазақстанның азаматымын» деген ардақты сөздің, яғни оның құқықтық деңгейі қандай болғанын 26-бап туралы пікірлер білдірілгенде көзіміз анық жетті. Қазір халықтың құқықтық көзқарасы өзгерген, саяси сауаты жетілген.
Тағы бір өзгеріс, ол прокуратура құзыретіне қатысты. Бұрын оның қызметінің бағыттары Конституцияда тәптіштеп жазылған еді. Ол, әрине, басы артық реттеу. Бұлай жазу прокуратура органдарының мүмкіндік шеңберін тарылтты. Конституцияға өзгерістер жобасында прокуратура қызметінің негізгі бағыттары ретінде жоғары қадағалау мен қылмыстық қудалау қалдырылып, қалғаны заңмен белгіленетін болады. Бұл – өте дұрыс қадам.
Конституцияда ұсақ қатынастарды реттеу, оны тәтпіштеп жазу дұрыс емес. Ол ұлт деңгейіндегі мәселелерді, яғни шектеу мен рұқсат беретін нормаларды бекітуі тиіс. Мысалы, қазір ұлт пен рулық партия құрылмайды деген шектеу бар. Ал өмірдің қалған құбылыстары заң деңгейінде реттеліп отыруы керек. Конституцияда әлі де артық, заман мен қоғамның постсоциалистік көзқарасынан туындаған нормалар бар. Оларды түзеп, заң аясына жіберу – болашақтың ісі.
Демек, тәжірибеден түйгеніміз, қандай реформа болса да кезеңімен жасалғаны дұрыс. Әр мәселенің өз уақыты мен сұранысы болады.
Қабылсаят ӘБІШЕВ,
Бас прокурордың аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі, Конституциялық Кеңестің экс-мүшесі