Кәсіптік білім нәсібіңді табудың төте жолы екенін нарық заманы көзге көрсетіп, көңілге қондырды. Сондықтан, кәсіптік білім елімізде өрісін кеңейтіп келеді. Мыңдаған жасты бизнес-ортаға бейімдеу ісі қарқынды даму үстінде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ мерзімге арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында Үшінші индустриялық революция туралы айтқан еді. Одан кейін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіптік білімге жасалатын нақты қадамдарды атағаны белгілі. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты өткен жылғы Жолдауында: «Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялаймын. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын. Қазақстандық жас азаматтар! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер, мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновациялардың күні туған заман... Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от жалынының жанында тұрдым», деп алдағы атқарылуға тиіс жұмысты өз өмірімен ұштастыра отырып айтқан еді. Енді міне, Мемлекет басшысы экономиканы технология жетістігімен жетілдіру, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді жаңа Жолдауында міндеттеп отыр. Бұл – Отанымыздың дәулетіне қарай, сәулетін де арттыру еліміздің үшінші жаңғыруы болып, бәсекеге қабілеті бойынша өзге елдермен иық тірестіруге жеткізетін жоба.
Кәсібіңді табуға жол ашатын кәсіптік білімнің орны ерекше. Бұл салада да халықаралық, батыстық реформалар жасалмай қойылған жоқ. Ана бір жылдары ұзағынан оқып, мамандық алсам мұратыма жетем деген арманның көкжиегі қазір күңгірттене бастады. Қанша қатырма қағазды арқалағаныңмен, жұмысқа орналасу қиын соғатыны екінің біріне түсінікті болуда. Есесіне қысқа мерзімде теория мен тәжірибені ұштастыра оқып, қажетті маман болып шықсаң, «аузың аққа» тиетінін ұға бастадық. Әсіресе, жастар жағы кәсіптік білімге бет бұруда. Бұрын бұған өзге этнос өкілдері барып жататын еді. Сәнді ғимараттың ішінде отырып, салтанатпен жүріп, мол табыс табам дегендердің көбі осы күндері ойлана бастады. Кәсіптік білімге ұлт балаларының ұмтылуы қуантады. Тегін кәсіптік-техникалық білім беруді енгізу мәселелері бойынша Премьер-Министр орынбасарының төрағалығымен жұмыс тобы құрылған еді. Оның құрамына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары, жұмыс берушілер, білім саласының қызметкерлері кірген болатын. Сондай-ақ, Президенттің 2016 жылғы 9 қыркүйектегі Үкімет отырысында кәсіпкерлікті дамыту тапсырмасына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігінде жаппай оқыту, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту бойынша жұмыс тобы құрылғаны мәлім. Бүгінде кәсіптік даярлықты, оқытуды және азаматтарды қайта даярлауды қаржыландыру шығыстары айқындалу үстінде. Республика колледждерінде кадрларды даярлауға, 9, 11-сынып бітірушілерінің жұмысқа орналасуына, мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру мен орналастыруға, өңірлер бойынша еңбек нарығының сұранысына талдау жүргізілген. Кадрларды даярлау және қайта даярлау 909 оқыту ұйымының базасында, оның ішінде 807 колледжде, 29 оқу-өндірістік комбинатында (ОӨК), 58 оқыту орталығында (ОО), әскери-техникалық мектептің 15 филиалында (ӘТМ) іске асырылуда. Кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша барлық ұйымдардың жобалық қуаттылығы 570,3 мың орынды құрайды.
Білім алушылардың колледждердегі контингенті 498,9 мың, ОӨК-те 20 мың, ОО-да 1 мыңнан астам, ӘТМ-да – 1 мың адамды құрайды. Кадрларды даярлау 183 мамандық, 463 біліктілік бойынша мемлекеттік тапсырыс және ақылы негізде жүргізіледі. Колледждерде жалпы білім беру тапсырысы бойынша 242,3 мың адам, ақылы негізде 256,6 мың адам оқиды. Жұмысшы мамандықтарында 97,7 мың адам, орта буын мамандықтарында 401,2 мың адам білім алуда.
Жыл сайынғы колледждерге қабылдау 141,9 мың адамға жетіп, оның ішінде 82,6 мың талапкер мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде, 59,3 мыңы ақылы негізде оқуда. Ал 9, 11-сынып түлектерінің жұмысқа орналасуын талдаған мәлімет нәтижесіне үңілсек, 136 мың үміткердің жоғары сыныптардағы оқуын жалғастыратынын, жоғары оқу орындарына 73 мың түлектің қабылданатынын, колледждерге 117,5 мың талапкердің баратынын, 0,5 мың азаматтың әскерге шақырылатынын, 16,6 мың адамның біліктіліксіз жұмысқа тұратынын, 4,8 мың адамның жұмысқа тұрмайтынын көрсетті. Статистика комитетімен бірге жұмыссыз жастар бойынша талдау жүргізілген. 2016 жылғы 2 тоқсандағы жағдай бойынша республикамызда 15 пен 45 жас аралығындағы жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың ішінен біліктілігі жоқтардың саны 587,2 мың азаматты құраған.
Елбасы тапсырмасын орындауда қандай мәселелер бар дегенді ой елегінен өткізер болсақ, бірінші, колледждердегі жұмысшы жастар мамандығында оқитындар 19,6% пайызды құрайды. Бұл еңбек нарығының сұранысына сәйкес келмейтіні ақиқат. Екінші, жалпы контингенттің 52 пайызы ақылы негізде білім алуда. Сонымен бірге, жыл сайын қаржылық қиындықтарға байланысты 5 мыңға жуық студент оқудан шығып қалады. Бұл да ойлануға тұрарлық жағдай. Үшінші, 13,5 мың талапкерді жатақханамен қамту қажеттігі туындауда. Төртінші, жалпы білім беретін мектептердің 9, 11-сыныптары түлектерінің ішінде 21 мың адам біліктіліксіз қалып отыр (олардың ішінде 16,2 мың адам біліктіліксіз болса да жұмысқа тұрады, 4,8 мыңы жұмыссыз қалады). Бесінші, 15-45 жас аралығындағы жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандардың 587,2 мыңының біліктіліктері жоқ. Алтыншы, 15 мыңнан астам адам колледждерден, 40 мың адам жоғары оқу орындарынан қол үзетіні тағы бар. Жетінші, мектеп, колледж, жоғары оқу орнын бітірушілердің мониторингі нақтылана қоймаған. Жоғарыдағы кейбір мәселелердің салдары, оқудың ақылы болуы, жұмысшы мамандардың тартымсыздығы, жұмыссыз және жұмыспен қамтылмаған азаматтарды оқуға бейімдеу тетіктерінің әлсіздігі күн тәртібінде тұр.
Осыны шешу үшін не істеуге болады, қандай тетіктерді іске асыруымыз керек? Бірінші тетік, барлық ниет білдірушілерді бірінші кезекте тегін жұмысшы мамандығымен қамтамасыз ету. Бұл тетік «Білім туралы» заңның 8-бабына сәйкес жұмыс істеуі тиіс. 2017 жылы бұл санаттың болжамды саны 40 мың адамды құрайды. Оларды даярлау үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылған, колледждер инфрақұрылымы да жеткілікті.
Бұл бағыттағы стратегиялық мақсат жұмысшы мамандықтарының даярлығын арттыру. Ол үшін мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдарды жандандыру, жоғары біліммен біріктірілген модульдік бағдарламаларды енгізу, жұмысшы мамандықтары бойынша оқитын студенттерді ыстық тамақпен қамтамасыз ету ойластырылуда. Бұған қоса 2020 жылға дейін жұмысшы мамандықтары бойынша даярлықты 136 мың адамға дейін арттыру көзделген. Осы санат үшін ыстық тамақ ұйымдастыруға 13,4 млрд теңге қажет көрінеді.
Екінші тетік, экономика және құқық мамандықтарын есепке алмағанда, орта буын мамандықтарын алуға барлық ниет білдіргендерді тегін даярлықтан өткізу. Бұл санаттың болжамды саны 105 мың адам, оның ішінде 40 мың адам жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік тапсырыспен қамтылады. Қалған 65 мың адамды тегін оқыту үшін 10,6 млрд теңге қажет (бір маманды даярлаудың құны 366 мың теңге тұрады). Оқыту қазіргі колледждер базасында ұйымдастырылады. Үшінші тетік, мерзімі 1 айдан 6 айға дейінгі курстық даярлықта барлық талап білдірушілерді оқыту. Бұл санаттың болжамды саны 28 жасқа дейінгі жұмыссыздар, өзін өзі жұмыспен қамтығандар және колледж бен жоғары оқу орындарынан шығып қалғандар есебінен 642 мың адамды құрайды.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп барлық экономика салалары бойынша қысқа мерзімді модульдік бағдарламалар әзірленбек. Оқыту мерзімі біліктіліктің күрделілігіне қарай қойылады. Сонымен қатар, жұмыспен қамтылмаған жастарды Қорғаныс министрлігі арқылы әскери-техникалық мектептер базасында әзірліктен өткізіп, әскери билет берумен қоса 35 мамандық бойынша әскери-техникалық мамандықтар алуға тарту. Ол үшін ӘТМ қажетті материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз етілген.
Мектеп бітірген соң жұмыспен қамтылмаған жастар санын азайту мақсатында қазіргі ОӨК базасында, сонымен қатар, колледждер базасында жоғары сынып оқушыларын жұмысшы біліктіліктерімен қамту жоспарлануда. Қазіргі уақытта республикада 20 мыңнан астам мектеп оқушылары 29 ОӨК білім алады. Оқу аяқталғаннан кейін мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі. Еңбек кодексінің 32-бабына сәйкес бұл құжат еңбек шартын жасау үшін негіз болып табылады.
Сонымен бірге, алда айтқан жобаға қатысушылар санының артуына байланысты әрқайсысы 200 орынға арналған 79 жатақхана құрылысы қажет. Бұл мақсаттарға жыл сайын 14,5 млрд теңге керек. Жалпы, жобаны жүзеге асыру үшін 2017 жылға 36,5 млрд теңге қажет болып тұр. Осы арада сол жобаға қатысу үшін мақсатты топтар анықталуы тиіс. Тегін кәсіптік-техникалық білім алу үшін нақты іс белгілеу ойластырылуда. Ол, біріншіден, жалпы білім беретін мектептердің 9, 11 сынып бітірушілерін, екіншіден, негізгі және жалпы орта білімі бар азаматтар, үшіншіден, жұмысшы біліктіліктері жоқ 28 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар, төртіншіден, колледждер мен жоғары оқу орындарынан шығып қалғандар, бесіншіден, жобаны енгізу үшін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, алтыншыдан, жұмыспен қамтылмаған және біліктіліктері жоқ жастардың біліктілігін арттыру мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, жетіншіден, жастардың білім алуы, жұмыспен қамтылуы және жұмысқа орналасуының мониторингін әзірлеп, оны іске қосу, сегізіншіден, мүдделі мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен, ТжКБ директорлар корпусымен жобаны іске асыру тетіктерін кеңінен талқылау, тағы басқа мәселелер жүйелі атқарылуы керек. Сонда ғана Елбасы Жолдауында көрсетілген колледждерде тегін білім беріп, білікті маман дайындау жұмысы мүлтіксіз жүзеге асатын болады.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»