Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына президенттік сайлаудағы жеңісіне байланысты шетелдік саяси және қоғам қайраткерлерінен көптеген құттықтау хаттары түсуі жалғасуда.
Словакия Республикасының экс-президенті Рудольф Шустер өзінің хатында Мемлекет басшысын сайлаудағы басым жеңісімен құттықтайды.
– Сіздің еліңіз – табысты экономикасы, өсіп келе жатқан өмір сүру деңгейі, білім беру және мәдениетті дамыту бойынша толық негізде үлгі тұтарлық ел. Қазақстан Республикасы Сіздің басшылығыңызбен халықаралық деңгейде этносаралық және дінаралық үнқатысудың моделіне айналды. Бұл бүгінгі әлемде толқулардың көптеген ошақтары пайда болып отырған жағдайда өте маңызды мәселе болып табылады, – деп атап көрсетеді хатында Р.Шустер.
Хорватияның экс-президенті Степан Месич Мемлекет басшысын президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтайды.
– Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен соңғы екі онжылдық бедерінде, әсіресе, экономика секторында айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Сіздің жеңісіңіз Қазақстан Республикасының азаматтары тұрақтылық пен прогресті таңдағанының белгісі болып отыр, – деп атап көрсетеді өзінің хатында С.Месич.
Мемлекет басшысын президенттік сайлаудағы сенімді жеңісімен Ресей Федерациясы Федералды жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Сергей Миронов құттықтайды.
– Ресей Федерациясы Федералды жиналысы Федерация кеңесінің және жеке өзімнің атымнан Сізді 2011 жылдың 3 сәуірінде болып өткен Қазақстан Республикасының президенттік сайлауындағы талассыз жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сізге Қазақстан Республикасының көп ұлтты халқы көрсеткен жоғары сенім Сіздің экономика және саясат саласында жүргізіп келе жатқан елді жаңғырту саясатыңызға толық қолдауды айғақтап берді, – деп атап көрсетеді хатында С.Миронов.
Президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді жеңіске жетуіне байланысты құттықтауларын жолдағандар қатарында – Француз Республикасының сенаторы К.Понселе, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты А.Келдібеков, Татарстан Республикасының Президенті Р.Минниханов, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, ТМД Дінаралық кеңесінің тең төрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшукюр Паша-Заде, Тула және Белев митрополиті Алексей, театр мен киноның белгілі актері Армен Джигарханян, Еуропаның Әзірбайжандағы сауда-экономикалық, коммерция және өнеркәсіп палатасының президенті Н.Пириев, Ресей Федерациясы Орынбор облысының губернаторы Ю.Берг, Днепродзержинск қаласының басшысы С.Сафронов, «Русснефть» ҰК» ААҚ президенті М.Гуцериев, Халықаралық заңгерлер одағының төрағасы А.Требков, Қырым инженер-педагогикалық университетінің ректоры Ф.Якубов, Ресей Федерациясындағы Бердск қаласының тұрғыны В.Ткаченко, РФ-ның Ингуш Республикасындағы Назрань қаласының тұрғыны Долгиева, Әзірбайжанның Самедли кентінде тұратын М.Абдуллаев, Мәскеу қаласының тұрғыны Б.Пастухов, РФ-ның Кабардин-Балқар Республикасындағы Нальчик қаласының тұрғыны И.Кайтаев бар.