13 Сәуір, 2011

Ұлықтауға үлес

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2011 жылғы 8 сәуір – менің өмірімдегі ең маңыз­ды күндердің бірі. Жиырма жасымда тәуелсіз елім­нің айбынын асырып, сал­та­на­тын тасытқан айтулы ша­ра­ға қатысып, өз үлесімді қостым. Жа­ңадан сайланған Елбасы – Қа­зақстан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаевты ұлықтау рәсімінде мен Ақорда есігі алдындағы біздің тілімізде «веер» аталатын құрамда тұрдым. Біз Ақорда баспал­дақтарында тұрып, қас қақпай қызмет еттік, яғни Елбасы шыққан сәтте тұрған сымбатты сарбаздардың бірі менмін. Бұл мен үшін үлкен мәртебе екенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Осындай биік міндетті атқаруға мүм­кін­дік алуыма менің Респуб­ли­калық ұлан секілді элиталық әскери құрылым қатарында мерзімдік әскери қызмет атқаруым себепші болды. Біздің жеке құрам ұлықтау салтанатына қысқа мерзім ішінде дайын болды. Барлығымыз бір кісідей жауаптылық, табандылық танытып, сағаттар бойы үздіксіз дайындалдық. Мен де, әскери борышымызды бірге атқарып жүрген жолдас­та­рым да Елбасын ұлықтау салтанатына қатысып, жо­ға­ры сапалы саптық даярлық көрсетудің қанша­лықты маңызды екенін түсіндік. Атырау қаласында тұратын мен өткен жыл­дың көктемінде Отан алдындағы борышымды атқару үшін әскер қатарына шақырылдым. Бағыма қарай, Рес­пуб­ликалық ұланға іріктеуден сүрінбей өтіп, Президентке тікелей бағы­натын осынау құрылымға таңдалып алындым. Мұны өзіме жақсы тәрбие беріп, жауапты азамат етіп өсірген ата-анам Ілес Ержанов пен Ғалия Жұмағалиеваның еңбегі деп білемін. Қазір мен Республикалық ұланның Астана қаласында орналасқан 0112 әскери бөлімінің рәсімдік батальоны ІІ құрмет қарауылы ротасындамын. Осы көктемде әскери қызмет мерзімі аяқталады. Бірақ Республикалық ұлан қатарында қызмет еткен уақытым, әсіресе, Елбасын ұлықтау салтанатына қатысқаным ешқашан әсері жоғалмайтын аяулы уақыт болды. Азамат ЕРЖАНОВ, Республикалық ұланның 0112 әскери бөлімінің сарбазы.