Алматының «Қайрат» футбол клубы Қазақстан Суперкубогы сынында «Астана» командасын 2:0 есебімен ұтып, биылғы маусымдағы алғашқы жүлдесіне ие болды.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ алматылықтардың басымдығы байқалып тұрды. Андрей Аршавин бастап, Исаэль қостаған шабуыл шебіндегі футболшылар Эрич қорғаған қақпаға дүркін-дүркін қауіп төндіріп отырды. «Астана» көбіне қарымта шабуылға иек артып, қорғанысқа мән беріп, аса сақтықпен ойнады. Твумаси, Кабананга сынды шабуылшылардың арагідік қақпаға ұмтылған әрекеттері «Қайраттың» тас қамал қорғанысынан аса алмай жатты. Кейбір сәттерде қақпашы Плотников та сенімді ойнады.
Жалпы, ойынның жанкүйерді жалықтырмайтындай қызықты өткенін айту керек. Маусымның жаңа басталып жатқанына қарамастан, екі команда да жоғары жылдамдыққа арқа сүйеген кестелі ойын өрнегін көрсетті.
Жанкүйер қауым биылғы ойын да тең аяқталып, матч соңы пенальтиге ұласа ма деп отырғанда, кездесудің 77-минутында есеп те ашылды. Бауыржан Исламханның айып алаңына әуелете берген добын қорғаушы Сезара Арзо голға айналдыра білдірді. Қалт-құлт еткен осы есеп матчтың соңына дейін сақталды. Ал төреші қосқан қосымша уақытта Исламбек Қуат шеберлік танытып, есепті еселеді. Сөйтіп, 2:0 есебімен жеңіске жеткен «Қайрат» осымен екінші жыл қатарынан Қазақстан Суперкубогының иегері атанды.
Алматы. «Астана» – «Кайрат» 0:2 (0:0);
Голдар: Арзо 77 (0:1), Куат 90+3 (0:2);
Ескерту: Маевский 57, Шомко 78, Логвиненко 84, Қуат 28, Аршавин 80, Маркович 90+2;
Алаңнан қуылу: Қуат 90+3;
«Астана»: Эрич, Аничич, Шомко, Бейсебеков, Логвиненко, Постников (Шитов 83), Мужиков, Маевский, Твумаси (Мұртазаев 81), Кабананга, Луллаку (Жалмұқан 72);
«Қайрат»: Плотников, Ахметов, Сүйімбаев, Маркович, Арзо, Бакаев, Қуат, Исламхан (Рудосельский 90+2), Аршавин (Иличевич 72), Исаэль (Жуков 89), Гоу.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА