06 Наурыз, 2017

ОҚО-да жылыжай шаруашылығына қарқын беріледі

250 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық жұмыстары пысықталды. Облыс әкімдігінде өткен селекторлық мәжілісте шаруаларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, несиелендіру шараларын тездету, кооперативтер құру, жылыжай көлемін арттыру, шегерткемен күрес мәселелері жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы жөнінде облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Серік Тұрбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, егіс көлемін, суармалы жерлерді ұлғайту, интенсивті бау, жаңғақ, жүзім шаруашылығын дамыту, шағын мал бордақылау алаңдары мен сүт фермаларын, құс, балық шаруашылықтарын дамыту бойынша индикаторлар аудан, қала әкімдіктерімен келісіліп бекітілген. Бұдан бөлек, биыл облысымызда 792,3 мың гектарға  ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 мың гектарға артық. Сондай-ақ 1500 мың гектарға интенсивті бау, жүзім, жаңғақ отырғызылмақ. Жылыжай көлемі 300 гектарға артып, тамшылатып суару әдісі 7,2 мың гектар алқапта қолданылатын болады. Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс әкімі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қағаз жүзінде болмауын ескертіп, жылыжайлар көлемін ұлғайтуды тапсырды. «Біз күзде мол өнім алу үшін, бүгінгі дайындық жұмысы жоғарғы деңгейде болуы қажет. Барлық аудан, қала әкімдері мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларына өндірістік жылыжайлардың көлемін көбейтуді тапсырамын. Межелі 300 гектарға жеткізу жұмыстары жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Ондағы мақсат - елімізді ерте көктемгі көкөніспен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстар менің жеке бақылауымда болады», - деді Жансейіт Қансейітұлы. Айта кетейік, Облыста барлық жылыжайлар  көлемі 1123,1 гектарды  құрап республикадағы үлесі 87 пайызға жетіп отыр. Оның  ішінде өнеркәсіптік жылыжайлар көлемі  67,7 гектар құрайды. Биыл облысымызда мал шаруашлығы бойынша 45 сүт қабылдау бекеттері, 16 мал сою пунктері, 10 құс шаруашылығы кооперативтері, 5565 бірлік бордақлау алаңдарын құру жоспарланып отыр.  Бұдан бөлек, 111 сүт қабылдау бекеті, 56 мал сою алаңшасы, 33 құс шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарда бар. Сондай-ақ биыл өңірімізде 12796 бас мал бордақылау алаңдары құрылатын болады. Жалпы биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидияның 41 түрі бойынша қолдау көрсетіледі. Биылғы жылы күріш, мақта, сүрлем жүгері, жылыжайға гектарлық, майлы дақыл мен мақтаның өніміне субсидия төленеді. 5 гектардан көп алма бағына апорт сорттына 7 жыл көлемінде қолдау көрсетілетін болады. Тұқым шаруашылығын дамыту бойынша отандық тұқымдар мен көшеттердің 70 пайызы, шетелдік тұқымдардың 30 пайызы көлемінде субсидия берілмек. Былтырғы жылдан ерекшелігі 1 гектарға  пайдаланылатын тұқым толығымен субсидияланады. Минералды тыңайтқыштар бойынша отандық және шетелдік минералды тыңайтқыштардың нарықтық құнының ең төменгі түрі бойынша 50 пайызына дейін субсидияланады және былтырғы жылғы тұқым пайдалану нормасы шектеуі алынып тасталды.