Өткен жылдың соңында Үкімет 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын бекіткені белгілі. Бұл бағдарлама қаншалықты нәтиже бермек? Бұған дейінгі бағдарламалардан артықшылықтары қандай? Осы тектес сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар бұған дейін де болған. Әңгімені жаңа бағдарламаның ерекшеліктерінен бастайық.
– Жаңа бағдарламада азаматтарға кәсіби және техникалық білім алуға, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылған. Бұл, әсіресе, ауылдық жерлердегі жастар үшін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Дұрыс жолға қойылған жағдайда халықты жұмыспен қамтуға да, кәсіпкерлікті дамытуға да жол ашылады. Жалпы, кәсіпкерлік пен бизнес дегеніміз – қоғамның игілігі үшін қызмет ететін, сол арқылы өзі де табысқа кенелетін қоғамның бір категориясы. Ал мемлекет болса бизнес пен қоғамның арасын үйлестірумен айналысады. Әр тарап өзінің міндетін дұрыс атқарса, бұл барлығы үшін де тиімді болады. Біреуінің жұмысында кемшілік көп болса, жұмыс мүлде тежеліп қалуы ықтимал, – дейді кәсіпкер Данияр Тұяқбаев.
Оның пайымдауынша, Қазақстан әлі жас мемлекет болғандықтан, бизнес жүргізу, оны мемлекет тарапынан реттеу ісінде әлі де шешімін табуға тиісті мәселелер аз емес. Дамыған мемлекеттердің барлығы мұндай кезеңнен өткен, ұзақ мерзімді жоспар құрған. Кәсіпкер жаңа бағдарламаны теориялық жағынан мінсіз деп санайды. Мұндай ауқымды дүниені жасау үшін көптеген мамандар терең талдау жұмыстарын жүргізгені түсінікті. Егер жергілікті атқарушы органдар тиімді жолға қоя алса, ол жеміс беруге тиіс.
– Жұмыс орындарын көбейту үшін бизнестің белсенділігін күшейтуге жағдай жасау керек. Мәселен, салық төлемдеріне қатысты жеңілдіктер жасалса, бизнесті ынталандыруға біршама ықпал етер еді. Сонымен қатар, бағдарламаның орындалу барысы да жіті бақылануға тиіс. Атқарушы органдардың кеңестік кезеңдегідей жоспардың асыра орындалғаны туралы жалған ақпар беруіне жол берілмеуі керек, – дейді Данияр Тұяқбаев.
NID компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры, бизнес-тренер Айбек Сыдықовтың айтуынша, жаңа бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – мамандарды оқыту және қайта оқытуға көңіл бөлінгені. Сонымен қатар, еңбек ресурсы көп шоғырланған өңірлердің халқын басқа өңірлерге ерікті түрде көшіру мәселесін де атап өткен жөн. Қаржылай қолдау көрсетуді қолға алу арқылы мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға жаңа қарқынмен кірісті деуге болады.
– Жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы жеке кәсіпкерлерге шағын несие беру идеясы бұл бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі деп санаймын,– дейді ол.
Жалпы, жаңа бағдарлама халықтың барлығын бірдей кәсіпкер етіп шығарады деуге болмайды. Бұл – қиял болар еді. Егер 100 адамның ішінде үш-төртеуі жеке кәсібін дөңгелетіп әкетсе, онда Қазақстанды әлемдегі дамыған он елдің қатарына қоса беруге болар еді. Бұл – әлемдік тәжірибеден туындаған мысал.
– Қазақстанда шағын немесе ірі бизнес субъектілерінің мемлекеттен қолдау күтіп, қаржылай көмек сұрап отыруы әдетке айналған. Шындығында, мықты бизнес мемлекетке тәуелді болмауға тиіс. Мемлекеттің міндеті бизнестің жұмысын реттеп отыру, түрлі шаралармен қолдау екені түсінікті, әрине. Алайда, кәсіпкерлердің билікке қарап алақан жайып отыруы, жеке кәсібін бастай салысымен тапсырыс пен гранттан дәмеленгені дұрыс емес. Өкінішке қарай, біздің кәсіпкерлеріміздің көпшілігі өркениетті бизнес орта құрғысы келмейді, 5-10 жылдан кейін табыс әкелетін бизнеспен шұғылдануға ерінеді, әрі кетсе 1-2 жылда пайдаға кенелгісі келеді, – дейді Айбек Сидиқов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер өздерінің атақ-беделін қалыптастыруға, бизнестің ережесі мен заңдылықтарын қалыптастыруға мүдделі болуға тиіс. Бұл орайда, отандық кәсіпкерлерге шетелдік әріптестерінен көп нәрсе үйрену керек. Бизнес пен кәсіпкерлік дегеннің өзі дайын асқа тік қасық болу емес, тәуекелдерге дайын болуды талап етеді. Ал біздің халық көп қиналмай ақша табуға бейіл. Кәсіпкер атанып жүргендердің көпшілігі бұған дейін осылай жұмыс істеп келгенін де жасыруға болмайды. Алайда, жаһандық экономикалық дағдарыс, ел экономикасында болып жатқан өзгерістер қазір ондай әрекетке мүмкіндік бермейді.
– Халық қалғып-мүлгіген күйден оянып, енді еш нәрсе бұрынғыдай болмайтынын түсінуі керек. Жаңа дәуір келді, жаңа талаптар туындады. Еліміз жаһандық экономикамен ықпалдасқысы келсе, сол талаптарға жауап беруге тиіс. Яғни, оған отандық кәсіпкерлер де бейімделуге міндетті. Оған мемлекет те қолдау көрсетіп отыр, – дейді бизнес-тренер.
Кәсіпкерлердің пайымдауынша, жаңа бағдарлама тиімді жүргізілген жағдайда елімізде тұтынушылық менталитет емес, кәсіпкерлік менталитет қалыптасып, жаңа көзқарастағы ұрпақ өсіп шығады. Осылайша, бірнеше жылдың ішінде бизнес пен кәсіпкерлік дамыған елге айналуға мүмкіндік туады. Сонда ғана қазақтың Джобс, Гейтстері пайда болуы мүмкін.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»