Көктем келіп, қара жердің бауыры бусанып, қалың қардың көбесі сөгілгенде, су тасқынының алдын алу әрбір өңірде өзекті мәселеге айналатыны шын. Себебі, қар қалың жауып, жердің тоңы жібімей тұрған уақытта күннің күрт жылынуы салдарынан су тасқыны оқиғалары орын алып жатады. Бұл – әр өңірге қатысты күн тәртібіндегі мәселе. Әсіресе, таулы аймақтардағы елді мекендерде бұл мәселе айта қаларлықтай өзекті.
Су – тіршілік көзі, күнкөрістің қайнары. Қара жердің қасиетін сезініп, өнім алып, өркендеу үшін де су шаруашылығының маңызы зор. Осы орайда, Жамбыл облысы көрші Қырғыз Республикасының Талас облысында орналасқан «Киров» су қоймасынан су алып, ауыл шаруашылығы ахуалын нықтап отыр. Алайда, өткен жылы қар суының көптігінен «Киров» су қоймасынан Жамбыл облысына қарай секундына 250 текше метрге дейін су жіберілген болатын. Салдарынан Әулиеата іргесіндегі біраз елді мекенді, бірқатар көшені, Талас өзенінің бойындағы бағаналарды, газ құбырларын су шайып, егістіктер мен жайылымдарды басып қалғанын елдің бәрі біледі. Сөйтіп, бұл жағдай Таластың төменгі жағындағы қарапайым шаруалар мен диқандарды әбігерге салды. Енді бұл келеңсіздіктер күн күрт жылынғанда тағы да қайталанбай ма деген сауал бүгінде әрбір тұрғынның көкейінде тұр. Осыдан біраз жыл бұрын «Киров» су қоймасына қатысты қауесет шығып, елдің біраз дүрліккені де бар.
Жамбыл мен Талас облыстары – 337 шақырымға дейін шектесіп жатқан көрші аймақтар. Сондай-ақ, 7 шекаралық бекет те екі елдің азаматтарына қызмет көрсетеді. Алайда, «ауылы аралас, қойы қоралас» қырғыз ағайындардың өткен жылы суды бір ашып, бір жауып мәселе туындатқаны белгілі. Енді биылғы ахуал қалай болмақ? Көктемнің көкөзегі болса келді. Жамбыл облысының таулы аймақтарына биыл қардың қалың түскені де елге аян.
Дегенмен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу – Талас бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Ғалымбек Құралбаевтың айтуынша, биыл бұл мәселеге байланысты қауіп жоқ. Себебі, Талас облысының Манас ауданында орналасқан «Киров» су қоймасында бүгінде 461,4 миллион текше метр су бар. Ал бұл көрсеткіш өткен жылы 487 миллион текше метр болған. Жоспар бойынша 15 және 20 наурыз аралығында мұндағы судың деңгейі 500 миллион текше метрге жетсе, 20 текше метр су бері жіберіледі. Әзірге 5 текше метр су бері қарай жіберілуде. Ал мамыр айында суды ағызу деңгейі 35-40 текше метрге дейін артады.
Бүгінгі таңда Жамбыл және Талас облыстарының арасында су мәселесіне байланысты келіссөздер жүргізіліп жатыр. Көрші ағайындар да өздерінің ұсыныстарын айтуда. Талас облысы су шаруашылығы бассейнінің басшысы Болатбек Батырқұловтың пікірінше, «Киров» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Ал оған қажетті қаражат мәселесі қалай шешіледі және бұл жұмыс қашан басталады? Ол жағы әлі белгісіз. Сонымен қатар, екі елге де ортақ «Кож» каналы да жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр екен. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Берік Нұралиев бұл мақсатқа ел бюджетінен 15 миллион теңге бөлініп отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, «Киров» су қоймасының сыйымдылығы 550 миллион текше метр болса, өткен жылы мұнда 549 миллион текше метр су жиналып, көптің көңілін күпті еткен болатын. Бөгеттің ернеуінен қайтқан су баршаның басты мәселесі еді. Енді биыл бұл түйткілдің қалай өрбитіні алдағы күндері белгілі болады. Егер екі облыс басшыларының арасындағы келісімге қырғыз ағайындар түсіністікпен қараса, өткен жылғыдай мәселенің бола қоймайтыны анық.
«Кісідегінің кілті аспанда» демекші, өзгеге жалтақтамай, суға тәуелділікті жеңілдету басты мәселе. Бұл тұрғыда Жамбыл облысы құны 12,5 миллиард теңге болатын 4 үлкен жобаны қолға алып отыр. Егер жоба толық жүзеге асқан жағдайда, суға тәуелділік біршама жеңілдейді. Әрі көктем кезінде қар суы текке кетпей, сол қоймаларға жиналады.
Жақында болған Жуалы ауданын-
дағы қар көшкінінен елдің есі кеткені рас. Енді көктем келіп, көк шыға бастаған уақытта да су тасқыны мәселесі күн тәртібіне көтеріледі. Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов ағын су жүйелерінің суару маусымына және өңірдің көктемгі су тасқынына тосқауыл қоюға дайын екенін айтып отыр.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы